Сенат депутаттары Брюссельде Арал мәселесі туралы айтты
2018 ж. 02 қазан
2912
0
Сенатор М.Құл-Мұхаммед Азия және Еуропа парламентшілеріне Арал мәселесі туралы айтып берді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Парламент Сенатының депуттаттары Мұхтар Құл-Мұхаммед және Мұрат Бақтиярұлы Брюссельде өткен «Азия – Еуропа» форумы аясында парламенттік әріптестіктің 10-шы кездесуіне қатысты.
Сапар барысында қазақстандық парламентшілер «Климаттың өзгеруі және қоршаған орта: қауіпсіздікке әсер ету» тақырыбындағы 3-ші пікірсайысқа қатысты. Шара тақырыбы климаттық өзгерістер мен Азия және Еуропадағы белең алған экологиялық мәселелерге арналды. Атап айтқанда, тұрақты даму және қалдықсыз экономика, қалалық аудандарды басқару, су ресурстары саласындағы ынтымақтастық, қалдықтар мен таза технологиялар және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.
Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед өз баяндамасында Қазақстан мен халықаралық қауымдастықтар тарапынан Арал теңізі мәселелерін шешуде қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімеледі. Депутат жергілікті және жаһандық экожүйеде әлемдегі ірі су қоймаларының бірі – Арал теңізінің тартылуының салдары туралы хабарлады. М.Құл-Мұхаммед Үлкен Арал мәселесі әлі де толық шешімін таппаған күйінде қалып отыр, деген пікір білдірді. «Соңғы жылдары аймақтағы кейбір мемлекеттер көрші елдермен келісімге келместен, су ағатын табиғи арналарды бөгей отырып, қосымша су электр станцияларының құрылысы бойынша жобаларды қолға алуда. Аймақта сапалы ауыз су тапшы. Аймақтағы миллиондаған адамдардың денсаулығы мен әлеуметтік ахуал суды дұрыс пайдалануға тікелей байланысты болып отыр», - деп атап өтті сенатор.
Баяндама барысында Арал бассейнінің экожүйесін құтқару бойынша халықаралық күш-жігерді күшейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылды. «Біз – парламентшілер «Азия-Еуропа» форумындағы парламентаралық ынтымақтастық және ықпалдастық аясында Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару жөнінде туындауы мүмкін жанжалдарды ескере отырып, «су дипломатиясын» ілгерілетуіміз қажет. Аймақтық және трансшекаралық ынтымақтастық бойынша жаңа, ауқымды әрі оңтайлы бағдарламалар керек», - деп есептейді М.Құл-Мұхаммед. Сондай-ақ, сенатор су ресурстарын басқару мәселелері бойынша ұлттық заңнамаларды жетілдіру, климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаны сауықтыру бойынша бірлескен күресте халықаралық ұйымдардың қызметіне қарқын қосу қажеттігін атап өтті.