Орынбасары парамен ұсталса министрдің отставкаға кетуі заңмен бекітілмек
2018 ж. 21 қыркүйек
2747
0
Орынбасары парамен ұсталса, бірінші басшы да жауапқа тартылады. Яғни жемқорлық дауына іліккен жағдайда министр немесе әкім бірден қызметтен кетуі тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға осындай өзгеріс енгізуді ұсынған.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.Олжас Бектенов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:
- Кез келген мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса, оның басшысы, ол саяси болсын, әкімшілік қызметкер болсын жауапкершілікке тартылатын болады. Егер саяси қызметкер болса, отставкаға кетеді. Әкімшілік қызметкерлер жұмыстан босатылады.
Агенттіктегілер дайын құжатты Мәжіліске жіберген. Мұны депутаттар талқылауда. Заңдағы жаңа жаза министр, әкімдерден бөлек департамент, бөлім жетекшілеріне де қатысты. Ал бұған дейін вице-министр немесе облыс, қала басшыларының орынбасарлары парамен ұсталса, оған министр мен әкімдер жауап бермейтін.
Мәселен, қазір Энергетика министрінің қос орынбасары үйқамақта отыр. Бірақ министр жауапкершілікке тартылмайды дейді агенттіктегілер. Себебі, оның орынбасарлары заң жобасы дайын болмай тұрып ұсталған.
Естеріңізге салсақ, Бурабайдағы көлді тазартуға бөлінген бюджет қаржысын жымқырды» деген күдікпен Энергетика вице-министрлері Бақытжан Жақсалиев пен Ғани Сәдібековтің қолына кісен салынған еді. Қазір оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.