Сенатор: Түркістан облысы мен Түркістан қаласын дамыту туралы заң қабылдануы – өте маңызды

Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы кеше Елбасының қатысуымен өткен палаталардың бірлескен отырысынан кейін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

"Елбасы Парламент сессиясының ашылуында депутаттар алдында жеті үлкен міндет қойды. Солардың біріне тоқталар болсам – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың мәселесі. Оны тек қана заңмен реттеу керек. Сондықтан, осы мәселе туралы заң жобасы таяуда Парламентке келіп түседі. Екінші бір үлкен мәселе – шағын және орта бизнес. Ол туралы заң жобасы қазіргі кезде Үкіметте әзірленіп жатыр, жоба Парламентке келіп түскен кезде біз оны жан-жақты пысықтап, талқылап, қажет болатын болса өзгерістер енгізіп, жетілдіріп барып қабылдайтын боламыз" - дейді сенатор.

Оның айтуына қарағанда, жаңадан ашылып жатқан Түркістан облысы мен Түркістан қаласын дамыту туралы заң қабылдануы – өте маңызды жағдай.

"Өйткені, бұл қасиетті жерлердің бірі. Сондай-ақ Елбасы тапсырмаларының бірі – осындай тарихи, қасиетті, сакралды орындар туралы арнайы заң қабылдау және туризмді дамыту үшін осы сала заңдарына өзгерістер енгізу болып табылады. Жалпы, төртінші сессия көптеген заңдар қабылданатын болады. Өйткені, Елбасының тапсырмалары осы заңдарды қабылдауды міндеттейді" - дейді Мұрат Бақтиярұлы.