ЖАРҚЫН ЖЕТІ: Қытай Қазақстанның үкіметтік тұлғаларын сатып алып, ойлағанын істеуі мүмкін
2018 ж. 27 тамыз
12525
0
Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған бір топ Қытайға барып та қайтты. Қытайдың ресми ақпарат құралдары "Қазақстандағы қытай диаспорасының өкілдері келді" деп жар салды. Себебі олар Қытайда туылғандардың барлығын – өз диаспорасы ретінде қарайды, қолдайды, көмектеседі. Бірақ аталған делагацияда Қазақстанда туылған азаматтар да бар.
Бұл туралы informburo.kz-ке сілтеме жасап "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлады.
Арнайы делегация Қытайдан келісімен Алматыда Қытайдағы қазақ мәселесіне байланысты екі баспасөз жиналысын өткізді.
Жиынға қатысқан қандастар Қытай тарапы әлі күнге дейін қазақтарға қысым жасап жатқанын мәлімдеді. Мәселен, белсенді Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, туыстары Қытайда сотталған отбасылар өте көп. Тіптен бір отбасындағы 4 адамды да саяси үйрену лагеріне және түрмеге әкеткендігін, 13 жастағы қызды әке-шешесі Қазақстан азаматтығын алғандығы үшін кепілге ұстап отырғандығын айтып зарлаған асыраушысынан айырылғандардан кеңселерінің әр күні босамайтынын жеткізді.
Бұрын қысымды Қытайдағы қандастарымыз көріп жатқанын айтып жүрсек, соңғы кездері олардың арасында Қазақстанның төл тума азаматтары мен Қазақстан азаматтығын алғандар да көбейген.
Сонымен қатар, informburo.kz порталына берген сұхбатында белгілі қоғам белсендісі, "Жарқын жеті" лақап атымен танымал болған Серікжан Біләш Қытай билігі өз саясатын насихаттап, шеттегі қандастарын қолдауған 100 миллион қаржы бөлгенін атап өтті.
Серікжан Біләш, қоғамдық белсенді: "Қытайдың жұмсақ күші туралы жақсы білесіздер. Қытай компартиясының Біріккен Майдан департаменті Қытай мен шетелдегі қытай қандастары арасындағы байланысты реттейін арнайы мекеме. Олар осы жылы шетелдегі қытай қандастарын қолдауға 100 миллион қаржы бөлгенін жариялады. Сондықтан, біздің елдегі кей азаматтарды қытай билігі сатып алған болуы немесе түрлі тәсілдермен пайдалануы ықтимал. Осы арқылы Қазақстандағы Қытайға сыни көзқарасты бәсеңдеткісі келеді. Тіптен, осындай азаматтарды, үкіметтік тұлғаларды да сатып алып, ойлағандарын істеуі де әбден мүмкін ғой. Сондықтан Қытай қаржыландыратын және қытайлық диаспора санайтын Қазақстан азаматтарынан, компанияларынан сақтану керек" – деді Серікжан Біләш.
qazaquni.kz