"Ұлтым үшін күреспей тұра алмаймын!" - Қоғам белсендісі ҰҚК генералдарына үндеу жасады
2018 ж. 24 тамыз
7218
0
Белгілі қоғам белсендісі Геройхан Қыстаубаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генералдарына үндеу жариялады. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ол қауіпсіздік комитетінің ықпалымен жергілікті сот өзінің үйін сүруге шешім шығарғанын жазды, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
- Соңғы екі жылда тапқан жауларың мен болдым. Екі жыл бойы, қазір түсіндім, өз агенттерің арқылы мені сотқа сүйрепсіңдер! Ол өтірік айыптаулар тағып, қанша тырысса да, жоқты бар ете алмайды ғой, соттан өзі жеңіліп шықты. Енді құтылдым ба десем, менің рұқсатсыз салынған үйімнің астынан өтетін және сол үйдің иесі менің өзіме белгісіз, бұған дейін 39 жыл “тыныш” жатқан және пайдалану мерзімі бұдан 9 жыл бұрын бітіп кеткен жоғарғы кернеулі тоқ кабельдерінің иесін тауып, солар арқылы сотқа тартып: “Үйі сүрілсін, миллион теңгеге жуық айып пұл төлесін” деген шешім шығартып жатсыңдар! - деп жазды Қыстаубаев фейсбуктағы парақшасында.
Қоғам қайраткері Геройхан Қыстаубаев жалпы қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне үндеу жазғанымен, ешкімнің атын атаған жоқ. Сонымен қатар ол өзіне қатысты мәселелерге отбасын араластырмауды сұрады.- Мен өзімді заңға тартыңдар, соттаңдар, атыңдар. Тіпті көлігімнің доңғалағын жарып, авария жасап, өлтіріңдер. Мен оған ренжімеймін. Себебі бұл менің өзім таңдаған жолым. Бірақ бала-шағамды араластырмандар. Олардың ешқандай кінәсі жоқ” дедім ғой. Осыған келіскендей болған соң, “Сарыөзекке бармаймын деп қолхат жазып беріңіз. Біз соттың шешіміне араласпаймыз” дедіңдер. Үйім сүріліп, бала-шағам далада қалмасын деген оймен, мен жазып бердім және уәде еткенімдей Сарыөзекке барған жоқпын. Сонда, сендердің берген уәделерің, сөздердің қайда қалды? Генерал мырзалар! Менің қолымнан мына екі нәрсе келмейді: 1). Ұлтым үшін күреспеу; 2). Сендердің “тоқылдақтарың” болу! - деп жазды ол.
Қыстаубаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тарапынан өзіне нақты ұсыныстар жасалғанын да алға тартты. Оның айтуынша, комитет нақты даулы істерге Қыстаубаевтың араласпауын сұраған көрінеді.
- Естеріңде болар, 2012 жылы қазақша сөйлетпей қойған Ұйғыр ауданына, 2015 жылы - қытайдың аухатты азаматтары қазақ қыздарынан қалыңдық іздеп келеді дегенде Астанаға, екі автобус адам жинап барамын дегенде, сендер өтініш жасап, мен барған жоқпын. Бармайтын да едім. Өйткені өздерің шұғыл қимылдап, бірден ол мәселелерді жауып тастадыңдар. Бірақ, мен сендердің өтініштеріңді жерге тастамай, қоғамды дүрліктірмей ешқайда бармағаным - факт! Сосын, кештеу болса да, алып тастаңызшы деген ФБ-дағы жазған постарымды алып тастап жүрдім. Сондықтан, өмір алма кезек деген, сендерге де бір өтініш - соттың келесі сатысына араласпаңдар! Құдіреттеріңді паш еттіңдер. Жеңетіндерің анық екен. Мен оны толық көрдім. Ендігі жерде бала-шағамның келешегіне тікелей балта шабатын жағдайларға, ары қарай араласқандарың адамдыққа жатпайды, Мырзалар!- деп жазды Геройхан.
qazaquni.kz