«Ақ жол» қазақ тілінің рөлін көтеру мәселесі өзекті және орынды деп есептейді.
2011 ж. 14 қыркүйек
1937
6
Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы
Орталық Кеңесі Президиумының
МӘЛІМДЕМЕСІ
Жақында бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тіл саясаты туралы жұртшылық өкілдерінің Үндеуін жариялады. Аталған үндеудің төңірегіндегі қоғамдық пікір-таластарда әртүрлі көзқарастардың айтылып жатқанына байланысты осы құжатта көтерілген мәселелер бойынша «Ақ жол» партиясының ұстанымдарын айқын белгілеу қажет деп санаймыз. 1. «Ақ жол» ҚДП Орталық Кеңесінің Президиумы Үндеудің жалпы бағытын қолдайтынын білдіреді. Өйткені, қазақ тілінің қазіргі жағдайы бүкіл қазақстандықтардың айрықша назар аударуын талап етеді. Үндеудің авторлары осы өте жауапты мәселе бойынша өз ұсыныстарын қоғам алдында жеткізуге толық құқы бар. Өкінішке орай, кейбір азаматтар мұндай ұстаныммен келіспей, пікір-сайысты мемлекеттік тілге өшпенділік білдіруге пайдалануда. «Ақ жол» партиясы мемлекеттік тіл мәселесінде шыдамсыздықты айыптайды. Осыған байланысты партияның Орталық кеңесінің президиумы партия төрағасы А. Перуашевтің осы құжат бойынша бұқаралық ақпараттық құралдарында айтқан ұстанымын тұтастай және толық қолдайды. 2. Мемлекет қазақ тілін тарату жөнінде күш-жігер жұмсап келеді, соның нәтижесінде тілді меңгерушілердің саны жыл сайын тұрақты түрде өсуде. Және ол өсім тек жас қазақстандықтардың есебінен емес, сонымен қатар ана тілін біртіндеп меңгеріп жатқан орта жастағы орыс тілді қазақтардың есебінен де көбеюде. Мұндай қарышты қадамдардың маңызды кепілі - азаматтардың өз тілдерін пайдалануына тең құқығының сақталуын қамтамасыз етіп, сондай-ақ орыс тілін ресми тіл ретінде құжат айналымында қолданудың мүмкіндіктерін жасаған мемлекеттің ұстамды және төзімді тіл саясатын жүргізуінде болып отыр. 3. Дегенмен де Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында қоғам мемлекеттік тілдің нақты мәртебесін одан әрі көтеру жөнінде жаңа міндеттер қоюға толық құқылы. Бұл уақыт ішінде біздің тәуелсіз мемлекетімізде тұтас бір ұрпақ туып, өсіп жетілді. Олар үшін мемлекеттік тіл еліміздің мемлекеттік Әнұраны немесе Қазақстанның Жалауы сияқты ажырамас төлсипатына айналуы керек еді. Өкінішке қарай, Республика азаматтарының қазақ тілін игеру қарқыны біздің күткенімізден әлдеқайда төмен. Сондықтан «Ақ жол» ҚДП қазақ тілінің рөлін көтеру мәселесі өзекті және орынды деп есептейді. 4. Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы қалыптасқан ахуал мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігінің жеткіліксіздігі, өкілетті мекемелердің және қазақ тілін үйретудің әдістемеліктерінің заман талаптарына сай еместігінен, мамандардың белсенділігінің төмендігінен туындап отыр деп есептейді. Қазақ тіліндегі нақты ғылымдар, техника, информатика саласын оқыту деңгейі көпшіліктің бүгінгі үміттерін ақтамайды. Осы бағытта шын мәніндегі алға жылжушылық болмаса, мемлекеттік тіл өз елінде азаматтардың азшылығының тілі болып, ғылыми-техникалық прогрестің сыртында қалып қою қаупі бар. 5. Сонымен қатар, кейбір азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруге құлықсыздығы да өзінің кері әсерін қатты тигізуде. Мұндай «күте тұру» ұстанымы Қазақстанның мемлекеттік Тәуелсіздігін және мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ ұлтын құрметтемеу көрсеткіші. Мұндай көзқарас еліміздің тарихи дамуының және бізге дейінгі көптеген буындар күресінің заңды нәтижесінде келген Тәуелсіздіктің маңызын бағаламау болып табылады. Олай болса, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы - бұл өз-өзіне сын көзбен қарау, қазақ мемлекеті институттарына және біздің отандастарға деген құрмет ретінде мемлекеттік тілді игеруге ұмтылатын нақты сәт. «Ақ жол» партиясы Үндеу авторларының елдің барлық азаматтарын мемлекеттік тілді белсенді меңгеруге шақыруын қолдайды. 6. «Ақ жол» Демократиялық партиясы елімізде мемлекеттік және орыс тілін толық меңгерген екі тілді қауымдастықты қалыптастыру ұстанымын қолдайды. Алайда мемлекеттік тілді игеру және оны дамыту «кейінге қалдырылған», «екінші кезектегі» міндет деп емес, мемлекеттік құрылыстың ең басым мақсаттарының бірі деп қарастырылуы тиіс! Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы мемлекеттік тілдің толыққанды дамуы және оны еліміздің барлық азаматтарының меңгеруі әр-бір қазақстандық үшін Елді ажыратушы емес, біріктіруші мақсат болуы керек деп санайды.