Биліктегілер қара бастарының қамы үшін қазақ тіліне кедергі келтіреді...

1. Ресейлік ақпарат құралдарынан сескенген Мәдениет министрлігі «Мемлекеттік органдарға тек мемлекттік тілдегі жүгінуді» қарастырған норманы заң жобасынан алып тастады. Демек, Қазақстан әлі де Ресейдің боданы деген сөз емес пе? Бұның астарында не жатыр, қалай ойлайсыз? 2. Орыс тілді басылымдар үкімет жобасындағы бар бапты алғызып тастады. Ал, енді біз мемлекттік тілдің мүддесін жақтаушылар-мемлекеттік тілді қолдаушылар үкіметтің жобасында бар, 20 жылдан бері заңмен бекіте алмаған бапты неге сақтап қала алмаймыз? Орыс тілді басылымдар шуласа, қазақ тілді басылымдар неге үнсіз? 3. Мемлекеттің қаржысын алып отырғын мемлекеттік басылымдар неге үндемейді? «МегаПолис» және т.б. көптеген газеттер, мемлекеттік тілге, яғни мемлекеттік мүддеге қарсы шығып, негізсіз шу көтергені үшін заң алдында жауап беруі керек емес пе? Амангелді Айталы, «Ақ жол» партиясы Ақылдастар алқасы төрағасы: Амангелди 1. Ресейге Қазақстанның жалтақтайтыны анық. Сондықтан бұл мәселе отаршылдықтың құрсауының терең екенін көрсетеді. Біз саяси жағынан, экономика жағынан салыстырмалы түрде Тәуелсіз мемлекет болғанымызбен де, рухани жағынан, соның ішінде тіл жағынан тәуелсіз емеспіз. 2. Біздің мемлекет әлі де болса әлсіз және үкіметтің табаны тайғақ. Бұл мәселеде үлкен күш-қайрат, жігер таныта алмай отыр. Бұл жалтақтық. Тәл мәселесі негізінен стратегиялық мәселе. Бұл, ел ішінен ши шыққан соң күте тұрайық, кейінге шегере тұрайық дейтін тактикалық мәселеге айналып кетті, ал, стратегиялық тұрғысынан мемлекеттің басты мәселесі ретінде қойылмай отыр. 3. Заң жүзінде оларға шара қолдануға болады, егер қолданса. Шын мәнісінде елімізде «ұлтаралық келісім бар» деген ұран, бүгінде тек ұран ретінде қалғанын, жеме-жемге келгенде қазақты, оның тілін менсінбейтін топтың көптігі көрінді. Мұхтар Шаханов, ақын «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы Шаха 1. Жалпы бұл мәселеде пікірім бір жақты. Билікке мемлекеттік тілдің керегі жоқ. Олар амалын тауып, мемлекеттік тілді жойғысы келеді. Әйтпесе бұны орнына қою түк емес. Таңертең «үлкен бастық» тапсырма берсе, түс қайта барлық облыс, аудан басшылары, министрлер іске кіріседі. Анда-санда «қазақпен қазақ қазақша сөйлеуі керек» деп айтып қояды, бірақ мұның бәрі жұртты алдау. Жуырда «қазақ тілі республикамыздағы басқа тілдерді басып кетпеуі керек» деді, бұл не деген масқара. Мемлекеттік тіл несіне мемлекеттік тіл басқа тілдерді басып кетпесе? 2. Билік елімізді Қазақстандық ұлтқа енгізуді жоспарлады. Сол кезде біз өре түргелдік. Бұл түгелдей қазақ ұлтын жоюға апаратын мәселе. Сол уақыттарда бұл мәселе жабулы қалған. Алайда, Президент «Қазақстандық ұлтқа қайта ораламыз» деді бір сөзінде. Биліктің негізгі мақсаты Қазақстандық ұлтқа қайта оралу. Егер Қазақстандық ұлт енсе «мен қазақпын» деп айтсаң, жауапқа тартыласың. Қазақтың тілі болмайды, мектептері болмайды. Тек түрің ғана қалады. Билік өзінің абыройы үшін ғана жанталасып жатыр, сондықтан тілді сақтап қала алмай отырмыз. 3. Олардың өз ұяты, ұлттық сезімі болуы керек. Бірақ бастығы не айтса, соны орындайтын заман ғой қазір. Олардың көбісінде ұлттық сезім өліп қалған, тек қызметін сақтап қалу мүддесі ғана алға шыққан.   Темірхан Медетбек, ақын: 13 1. Тілдің жобасын Мәдениет ми­нистрлігі жақсылап жасаған. Одан кейін біреулер интернетке шығарған. Оны басқа жақтан келді деп ойламаймын, сол Мәдениет министрлігінде жұмыс жасап жүрген біреулер, әдейі арандату үшін, интернетке іліп қойған. Міне, осы жағдайдан соң орыс тілділер, әсіресе өзіміздің орыс тілді қазақтар соған қарсы шығып жатыр. Оны жоба ғана дейді, ол өте бір құнды жоба еді, енді жоққа шығарып отыр. Мәдениет министрлігі «ананы да, мынаны да алып тастадық» деп, ең керекті жерлерін алып тастаған. Бұл енді өте ұят. Қайтадан құлағы құнтиған, мұрны шұнтиған заң шығайын деп отыр. Бұған қоғамдық пікір тудыру керек, күресу қажет. 2. Сақтап қала алмағанымыз жаңағыдай «әдемі» жоба жасадық, оның өзі сақтық үшін жасалған болуы мүмкін. Әдейі «аналар қарсы шығып жатыр» деп, одан соң жылы жауып тастау үшін. Біздің Мемлекетті орыс тілділер басқарып отыр, соның кесірінен болып отырған мәселе. 3. Оларға қандай заң қолданасың. Мемлекеттің қаржысымен шығып отырған газеттердің журналистерін балағаттай алмаймын, жек көру де қолымнан келмейді. Олар амал жоқ солай жасауда. Тіл үшін жандары ашиды, егер олар халықтың мүддесі үшін жұмыс істейтін болса, оларды бірден жұмыстарынан алып тастайды.   Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының төрағасы :     Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде лайықты орнын алатын уақыт жетті! 14 1. Қазақстан тіл мәселесінде сауатты, орнықты жолды ұстанды. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттің іргесін мықтадық. Қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық жағдайымыз жақсарды. Осы уақытқа дейін біз тіл мәселесін саясаттандырған жоқпыз, ешкімге қысым көрсетіп, қазақ тілін білуге міндеттеген жоқпыз. Бұл процесті барынша жұмсақ, әрі ешкімді мәжбүрлемей ерікті түрде жүргізіп келдік. Бірақ,бүгінгі таңда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде өзінің лайықты орнын алатын уақыты жетті. Бұл - қоғамның талабы, Қазақстанның әрбір азаматының парызы! 2013 жылы қазақ тілінде сөйлеп, іс жүргізу мүмкін емес деп байбалам салушыларды естіп жүрміз. Олар бүгінге дейін мемлекеттік тілде сөйлеудің қажеттілігін мүлдем естімеген, өзге әлемнен түскен адамдар секілді. Қазақ тіліне қатысты осындай пікірлерді түбегейлі өзгерту керек. Қалаңыз-қаламаңыз, түбі Қазақстанда қазақ тілін білмеген адам жақсы өмірге қол жеткізе алмайтын болады. 2. Қазақ тілді басылым ретінде Сіздің газет осы мәселеге бей-жай қарамай, өзіндік үн қосып отыр емес пе... Жалпы қазақ басылымдарын, өзіңіз айтқандай, тілсіз дей алмаймыз. Қоғамдағы қиын түйіндерді шешуде олардың да атқарып отырған міндеттері көп. Біз өзіміздің елімізде өмір сүре отырып, мемлекеттік тілді дамытуда құдды бір майдандағы тәрізді күресіп жүрміз. Дегенмен де тіл мәселесі жүйелілікті қажет етеді. Қазір де мемлекеттік тілдің қолдану аясы айтарлықтай кеңіп, мәртебесі де көтеріліп келеді. Қоғамды ушықтырмай, саналы түрде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейткеніміз абзал. «Ақ жол» партиясы бұл мәселеден тыс қалмайды. Барлық мүмкіндікті пайдалану арқылы, ана тілімізді тиісті деңгейге көтеру үшін барын салады деп айта аламын. Біз Парламентке бара қалған уақытта осы мемлекеттік тіл мәселесін заң шығарушы органдар арқылы шешуге барлық күш-жігерімізді пайдаланатын боламыз. Қазақ тілінің деңгейін шынайы мемлекеттік тіл деңгейіне биіктететін уақыт жетті. 3. Ақпарат құралдарын қоғамның айнасы десек, көптеген басылымдар қоғамдағы көзқарастардың басым бөлігін жариялап отырады. Демек, біздің айналамызда қазақ тілінде іс жүргізуге қарсы топтар көп. Мемлекеттік тілдің ертеңіне шын алаңдайтын сіз бен біз барлық әрекетті өзімізден бастауымыз керек. Бос даурықпа сөзден гөрі нақты ісімізбен тіл аясын кеңейтуге үлес қоссақ, бізге ешкім кедергі бола алмайды. Негізі біздің қоғамда енжарлық басым. Ел азаматтары көптеген мәселеге өз пікірін білдіруді қажет деп таппайды. «Менің ойым бәрібір ешнарсені өзгертпейді» деген жаңсақ сеніммен жүрген көпшілік, көптеген маңызды мәселеден тысқары қалып жатады. Әрбір тіл жанашырының өзіндік пікірін анық білдіруге мүмкіндігі бар емес пе... Біз осындай тетіктерді пайдалана білуіміз керек. Клара Хан, Қазақстан-Корей достық қоғамының төрайымы:          МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ ҚАРСЫЛАР-ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА ҚАРСЫ    

кл 1. Заң жобасынан «Мемлекеттік органдарға мемлекеттік тілде жүгіну» деген норманы алып тастауға болмайды. Қазақстан Респуликасы болған соң қазақ тілін кім білуі керек, әрине біз, Қазақстан халқы, қазақтар. 130-ға жақын ұлт өкілдері тұрады, бәріміз қазақ тілін білуге міндеттіміз. Ең алдымен сол тілді үйрету балабақшада басталады. Барлық балабақша қазақ тілінде болуы керек. 2. Менің ойымша, Қазақстанда басшыларымыздың сексен пайызы қазақ. Сол басшылардың жаны ашып, жүрегі ауруы керек. Қазақ тілі, қазақ халқы туралы ойлануға тиіс. Мен айтамын: «Бәріміз ұлтшыл болуымыз керек» деп. Қазақ болсын, кәріс болсын Отаның Қазақстан ба, сол елді сүй. 3. Егер, олар қазақ тіліне қарсы болса, қазақ халқына қарсы.

Асыл Осман, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігі төрайымы

       МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БОЛҒАНДЫҚТАН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРУІМІЗ КЕРЕК

18

1. «Мемлекеттік тілге басымдылық берме» дегенді мен қолдамаймын. Мен бұрындары айтқанмын: «Қанша тіл білсең де өзің білесің, бірақ тұғыр деген тек қазақтың тіліне тән. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, барша Қазақстандықтарға ортақ болғандықтан бұл тілге басымдық беруіміз керек. Осы уақытқа дейін біз жұрттың көңіліне қарадық, өзге тілдің барлығы өз дәрежесінде қолданыста, өз дәрежесінде өркендеп жатыр. Қазақтың тіліне не керек? Қазақтың тіліне өмірдің барлық саласында қолданыс керек, талап керек. Талап болған жерде ғана, талпыныс болады». 2. Менің жауабым біреу-ақ. Ешкім бізден талап етпейді. Қызметке аларда неге қазақ тілін сұрамайды, орыс тілін, ағылшын тілін сұрайды. Сол үшін: «Мемлекеттік тілді білмейтін адам мемлекет басында болмауы керек. Неге Назарбаевтан емтихан алады, неге Премер-министрдан, басқарма бастықтарынан алмайды?»талап керекдеген. Өзге елде қойылған талап, менің елімде де қойылуы керек. 3. Олар өздігінен көтеріліп жатқан жоқ. Біз жайбарақат жатырмыз. Олар тез қозғалды. Дулат Исабеков, жазушы, драматург:  

 16

1. Осыны айта-айта, «ауыра-ауыра қожа-молдадан ұят болды» дегендей жалыға бастады халық. Өйткені тым көп айтамыз, бірақ мәселе сол күйінде орнында тұра береді. Ілгері жылжу деген жоқ. Қайта бұрынғыдан кейін кетіп бара жатқан секілдіміз. Қазақ дегеннің аты өшіп баражатқан секілді, Қазақстандық болып. Қазақстандық дегенді жойғандай болып едік, бірақ қазақ деп еш жерде айтпайды, Қазақстандық дейді. Енді тіл ғана қалып еді, оның да жағдайы мүшкіл. Жан-жағымызға жалтақтаймызда отырамыз. Осыны қашан жоямыз? Егер алған бетінен қайтпай, Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі, сол жүзеге асуы керек, оның программасын жасау керек дейтін болса, бір рет шулар да қояр еді. 2. Сақтай алмаған себебіміз, біз, бір шешім қабылдасақ жан-жағымызға жалтақтап қараймыз, бәрі де осының салдары. Әлі күнге де Ресейдің қас-қабағына қарап отырамыз. Ресейге ұнамай қалатын болса, бәрінен айрылып қалатын сияқты боламыз. Олар өздерінің тілін қорғап жатыр, ал біз өз жерімізде отырып, өз тіліміздің мүддесін қорғай алмай келеміз. Биліктегілер әбден жалтақ болды. 3. Заң алдында жауап беруі керек. Мемлекеттің қаржысымен қаржыландырылады екен, олар ұлттың мүддесін қорғауы керек. Олар ұлт мүддесін тәрк етумен кележатыр. Тіпті қарсылық білдіріп жатыр. Оларды біз қаржыландырып отырмыз. Жалпы, ұлттық мүддені қорғайтын газеттер қаржы жағынан тыс қалады. Ғаббас Қабышұлы, жазушы 20 1. Біз тіл-тіл деп келе жатқанымызға 20 жыл болды. Әлі де ешнәрсе шықпады. Оның шығуы тікелей билікке байланысты. Мен бірде айтқанмын, тағы да айтайын: «Егер, Президент Назарбаев таққа отырғаннан кейін, бір жылдан кейін бе, екі жылдан кейін бе, 1993 жылыдары Қазақ Республикасының мемлекеттік мекемелерінде қызмет істейтін адамдар 2010 жылға дейін Мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті» десе өте дұрыс болар еді. Алайда олай болмады. Қазақ тілінің мәселесі заңдастырылмай солқылдаққа салынып келе жатыр. 2. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні осының бәрі барып Президентке тіреледі. Егер Президент мықты шешім шығарып, жарлыққа қол қойса, ешкім оған тыпыр ете алмас еді. Ешкім оны алып тастай алмас еді. Қол қойылды ма, ол заң. Ертен орыстар наразы болады, бірсігүні кәрістер наразы болады, қытай қаптап наразы болып жатыр. «Біздің тілді неге кіргізбейсің?» деуі де мүмкін ертең. Қазақ «қара қытай қаптаса, сары орысқа зар боласын» дегені, болжампаздықпен айтылған сөз. Сондықтан қазақ тіліне мәртебе беріп, басқа тілдің бәрін тежей тұру керек. 3. Оның бәрі біздің заңымыздың жетіспей тұрған тұстары. Егер біздің негізгі заңымызда, айталық Конституциямызда: «Қазақ тілін кемсітіп, оған неше түрлі орынды, орынсыз сын айтып, берекені кетіретіндер жауапқа тартылады» десе, бұлардың ешқайсысы тырп етпес еді. Бізде ондай жоқ қой. Әшірбек Сығай, театр сыншысы: 22 1. Ресейдің мұнда қандай қатысы бар. Біздің нашарлығымыз ол. Ресмей түрде қолымызда ешқандай дәлел жоқ, Ресей істеді деген сөз болмаса. Өз тілімізді өзіміз жөндей алмаған бізге не айтуға болады? Оны айта-айта қартайдым. 20 жыл бойы өз елінде, өз жерінде ананың көңіліне қарап, мынаның көңіліне қарап, тілді ойынға айналдырдық. 2. Жігерсіздік, намыс жоқ бізде. Халқымыздың намыссыздығы, биліктегілердің намыссыздығы. 3. Қарсы шығып жатқан басылымдарды ұқпадым. Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысы төрағасы 23 1. Біріншіден, дәл осы билік тұрған уақытта, яғни орыс тілді билік тұрған уақытта, менің ойымша бұл заңға ешқандай өзгеріс енбейді. Өзгерістер біз күткендегідей нәтиже береді деп ойламаймын. Себебі, мынау орыс халқында жақсы сөз бар: «жұмыртқаны жармай, одан ешнәрсе жасай алмайсың» дейді, Мемлекеттік тіл туралы жеке заң қабылдамай, бұрынғы тілдер туралы заңнан бір нәрсе шығаруға болады дегенге сенбеймін. 2. Біздің билікте отырған адамдардың сексен пайызы, олардың балаларының тоқсан пайызы, шетелде оқып жүрген немерелерінің жүз пайызы қазақ тілін білмейді. Олар қазақ тілді қоғамда басқалармен бәсекелестік жасай алмайды. Сондықтан қазақ тілінің енгені, олардың өздері, олардың балаларының болашағы үшін қатерлі болды. Өз бастарының мүддесі үшін қазақ тілін жоюға, оның дамуына кедергі жасайды. Мен өз басым бұл қарсылық деген қолдан жасалған деп ойлаймын. Бұл біздің биліктің орыс тілді азаматтарды қалқан қылуы. 3. Егер оларды сотқа беріп, ұлтқа қарсы жұмыс істегенін дәлелдей алсақ. Бірақ біздің сот жүйесінің қандай екенін білесіз, сот жүйесі, мемлекеттің қол астындағы жүйе. Менің ойымша біз ешнәрсе істей алмаймыз.