Қ. Тоқаев: Қазақстанды «орыс әлеміне» қосуға келіспейміз, өйткені, біздің өзіміздің «қазақ әлеміміз» бар
2018 ж. 02 шілде
13619
3
Тоқаевты тәржімалайтын мен емес, бірақ, «Қазақ әлемі» неге көлеңкеде қалды?
Кейде орыстың сөзімен айтсақ, «өзіңнің түйе емес» екеніңді дәлелдеудің өзі қиын. Сырттағылар бізді бәрібір солтүстік көршінің ықпалында, тіпті, илеуінде жүрген ел деп ойлайды. Әрине, мүлдем ондай емеспіз деп ант-су іше алмаспыз. Бірақ, соңғы жылдардағы біздің биліктің өте сабырлы жүргізіп отырған саясатынан, сары тісті сақ саясаткерлеріміздің айтып қалатын сөздерінен - іргемізді біртіндеп ажыратып, отауымыздың туырлығын бөліп алу әрекеті жасалып жатқанын анық аңғаруға болады.
Билік қалай болғанда да біз ойлағандай тарс еткізіп айтып, шалт қимылдай алмайды. Оны біз билікті қанша сынасақ та, іштей сеземіз. Солай емес пе?! Бірден айтайын, бүгінгі билікті ақтап, аршып алатын мен емес, ондай ойым да жоқ. Айтпағым басқа...
Жақында Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев ағамыздың британдық Би-Би-Сидің тілшісі Стивен Сакурге берген сұхбаты қоғам тарапынан үлкен резонанс тудырды. Жұрттың бәрі саясаткер боп кеткен ғой, бұл күнде. Сондағы елдің елең еткені «Н.Назарбаев 2020 жылы сайлауға түсе ме, түспей ме?» Оның жауабы берілді, одан кейін біздің бірнеше лауазымды қызметкер түсіндіріп те жатты. Бірақ, осы шудың көлеңкесінде өте маңызды, әсіресе, қазақ қоғамына маңызды бір маселе қалып қойды. Ол не? Сол сұхбаттан сөзбе-сөз келтірейікші:
C.Сакур: Сіздердің стратегиялық әріптестеріңіз және көршілеріңіз – Ресей туралы айтатын болсақ, Украина дағдарысы басталғаннан кейін және Қырымды аннексиялаған соң, 2014 жылы Ресей Президенті Владимир Путин, Қазақстан үлкен Ресей кеңістігінің, «орыс әлемінің» бір бөлшегі екенін анық аңғартты. /Солай ма, дегенге келтіріп отыр/
K.Токаев: Расында, Қазақстанда орыстілділер баршылық. Елде қазақ және орыс тілі қатар қолданылады. Соған қарамастан, біз қазір Кирилл қаріпінен Латын графикасына өтіп жатырмыз. Сонымен қатар, ағылшын тілін оқуға үлкен басымдық беріліп отыр. Біздің жастарымыз неғұрлым көп тіл білсе, соғұрлым өздеріне жақсы. Біз әрине, Қазақстанды «орыс әлеміне» қосуға келіспейміз, өйткені, біздің өзіміздің «қазақ әлеміміз» бар.
Бұны ары қарай, түсіндіріп жатудың қажеті бар ма? Яғни, біздің қазақ әлемі, қазақ тілді оқырман, тыңдарман, тіпті көзі қарақты біздің әріптестеріміз осы мәселеге көбірек көңіл бөлуі керек пе еді, деп ойлаймын. Әйтпесе, сайлау деген сіз бен біздің келісімімізсіз ақ өтіп жатқан науқан ғой. Ал қазақ әлемі сіз бен біздің таза өзіміз ғой...
Жалпы, осы соңғы кездегі Қасым-Жомарт ағамыздың Твиттердегі қысқа әрі нұсқа пікірлері мені сүйсіндіріп жүр. Осыдан біраз бұрын тіл мәселесіне қатысты пікір білдірді.
«1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Бұл оқу бағдарламалары туралы ойланатын қисынды себеп. Мысалы, ағылшын тілін бірінші сыныптан үйретудің қаншалықты қажеті бар? Осы тілде толығымен дайындалған мұғалімдер жеткілікті ме? Тіл-үлкен саясат. Әуелі қазақ және орыс тілдеріне ден қою керек» - деп жазды өзінің Туиттердегі парақшасында.
Осы мәселені осыған дейін елімізде айтпаған ауыз, естімеген құлақ қалмады ау, білім министрінен басқа)) Бірақ, осы жолы ең биік лауазым иелерінің бірінің аузынан шыққаны жөн болды деп ойлаймын. «Ханның сөзін қара да айтады, бірақ, ауызының дуасы жоқ» деуші ме еді... Енді дуалы ауыздан шыққан сөзден кейін, бәлки, БҒМ қозғалар... Есімде, былтыр Қ.Тоқаев мырза орыс сыныптарының оқулығына қатысты бір ескерту жасап, БҒМ шұғыл шара қолданып, есеп беріп әлекке түсіп қалған. Тек бұл жолы «қазақтың бітпейтін мәселесі ғой» деп жылы жауып қоя салмаса болғаны.
Қасағам айтты деген тағы бір сөз: «Түркістан - бар қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының рухани астанасы. Түркістанға облыс орталығы мәртебесін беру - Президенттің елдің еңсесін көтерген стратегиялық, тарихи шешімі болды».
Әңгімеміздің басында қазақ әлемі деп едік қой, енді біздің артымызда бүкіл түркі әлемі тұр, дегенді сездіріп тұр ғой, анау қысқа ғана сөйлемдердің астары.
Жалпы, айтайын дегенім, әріптестер, кейде осындай үлкен лауазымды адамдардың ұлтқа қатысты, тілге қатысты айтқан сөздерін, әсіресе, өзіміздің қазақ әлемін төбемізге көтеріп әкетіп, жан жақты қолдау жасағанымыз жөн ғой. Өйткені, бұл сенің, менің, оның, бәріміздің ортақ әлеміміз! Соңғы қазақ өлгенше солқылдап тұрсын қазақ әлемі деген қан тамыр!
Дәулетхан Жиенқұлов,
Фейсбук парақшасынан