Панамагейт құжаттарында Дариға Назарбаеваның да аты аталды
2018 ж. 27 маусым
4689
1
Жемқорлық және ұйымдасқан қылмысты зерттеу жөніндегі орталық (Organized Crime and Corruption Reporting Project – OCCRP) және Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумы (International Consortium of Investigative Journalists – ICIJ) оффшордағы есепшоттарды әшкерелейтін, ел аузында Панамагейт аталып кеткен құжаттардың екінші легін жариялады. Осы құжаттардың бірінде Дариға Назарбаеваның аты аталады.
Бұл туралы "Жас Алаш" хабарлады.Әлемдегі танымал адамдар мен саясаткерлердің оффшорға жасырған байлығын әшкерейтін Panama Papers құжаттарының алғашқы легі осыдан екі жыл бұрын жариялаған еді. Алайда жақында Германияның Suddeutsche Zeitung басылымы Панама құжаттарының екінші легін қолға түсірген. OCCRP-дің жазуынша, бұл құжаттар кезінде Панамада жұмыс істеп, бүгінде жабылып қалған Mossack Fonseca заңгерлік фирмасынан шыққан.
Журналистер қолына бұл жолы Panama Papers-тің 1,2 миллион құжаты тиген. Бұл құжаттар негізінен 2016 және 2017 жылдар аралығын қамтиды. Осы құжаттарды зерттеуге әлемнің ең азулы 100 ақпарат құралдарының журналистері қатысыпты.
Бұл жолы жария болып кеткен құжаттардың арасында әлемдегі бірқатар саясаткер мен танымал жұлдыздардың есімдері аталады. Бұлардың арасында Қазақстан президентінің қызы, сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Дариға НАЗАРБАЕВА да бар.
OCCRP-дің жазуынша, Дариға Назарбаева 2007 жылдан бері Британ Виргин аралдарындағы Asstery Holdings Ltd компаниясына иелік етеді. Asstery Holdings Ltd-ның Қазақстандағы қант зауыттарында үлесі болған. Оффшорлық компания қант зауыттарына тікелей емес, өзге компаниялар арқылы иелік еткені жазылады. OCCRP Дариға Назарбаеваға бұған қатысты сауалдар жолдаған, бірақ президенттің қызы оларға жауап бермеген.
Дариға Назарбаевадан бөлек, Панама құжаттарының жаңа легінде Аргентина президенті Маурисио Марки, Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разактың ағасы Мұхаммед Низам Абдул Разак, аргентиналық футболшы Лионель Месси, Одесса мэрі Геннадий Труханов, ресейлік олигарх Виталий Малкин, француз ювелирі Пьер Картьенің есімдері жүр.
Mossack Fonseca заңгерлік фирмасының иелері Юрген Моссак және Роман Фонсека «еш уақытта заңсыз қызметке шатылған жоқпыз» деп журналистердің қолына тиген құжаттардан ат-тондарын алып қашты. Дегенмен OCCRP және Panama Paper зерттеуін жүргізген ақпарат құралдары алдағы күндері Панамагейттің жаңа құжаттарын егжей-тегжейлі жариялап, талдайтын болады. «Бұл құжаттардың осыдан екі жыл бұрын жариялаған Панамагейттегі адамдарға қатысы бар, сондай-ақ өзге де ықпалды, саясатқа қатысы бар аамдардың фирмаларын әшкере етпек», - дейді OCCRP.
З. ЖЫЛҚЫБЕК