Өзбекстан билігі президентке мадақатау одаларын арнауға тыйым салды
2018 ж. 13 маусым
4056
1
Өзбекстан билігі президентке арнап өлеңдер жазуға, бейнеклиптер түсіруге тыйым салды. Аталмыш мәлімдеме «Өзбекконцерт» мемлекеттік мекемесінде жасалды. Бұл туралы Қамшы хабарлады.
«Өзбекконцерт» директоры Азамат Хайдаров айтуынша, мемлекет басшыларына клип түсіру немесе өлең арнау этикаға жатпайды.
Бірнеше апта бұрын 49 жастағы әнші әрі актриса Дильфуза Исмаилова президентке арнап «Бұл әдемі мекеннің сұлтаны аман болсын» деген клип түсірген. Видеролик YouTube арнасында 21 мамырда пайда болды, алайда көп ұзамай оны өшіріп тастаған. Әннің сөздері президентті «құдайдың көлеңкесі әрі сүйікті құлы» ретінде көрсетті. Биліктің мұндай шешім қабылдауына әншінің осы әні себеп болған.
Айта кетейік, бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде қазақстандық ақын Балтабек Нұрғалиевтің аты жер жарып тұрды. Ол президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, оның әкесі Әбішке, анасы Әлжанға, қызы Дариғаға жеке-жеке өлең арнап, желідегі парақшасына жариялап тұратын. Тіпті мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-агенттігін мадақтап жазған одасы да желіге тарап, халық арасында қызу талқыланған. Оқырмандар Балтабектің шығармаларын қатты сынап, «жағымпаздықтың шыңы» деп бағалады. Бұл туралы ақынның өзі Елбасына деген ыстық ықыласын білдіре отырып, данышпандығына иланатынын айтқан. Бұған қоса «елді Назарбаевтар династиясы билеу керек» деп қалың жұртты шалқасынан бір түсірген.