ӘБІЛҚАСЫМОВА 100 КҮНДЕ НЕ ТЫНДЫРДЫ?
2018 ж. 28 мамыр
2958
0
Мемлекеттің қоғамдық, экономикалық тұрғыдан өркендей түсуіне салалық министрліктер тікелей жауапты. Тиісінше, әр министр басшылыққа келгеннен-ақ уәделер үйіп-төгеді. Ол уәделер халықтың тұрмыс-тағдырына тікелей қатысты болғандықтан, біз үшін өте маңызды. Сондықтан газетімізде «Министр мінбері» атауымен жаңа айдар ашылып отыр. Айдарда ведомство басшыларының Үкімет отырысында, Парламент жиындарында, журналистер алдында, баспасөз мәслихаттарында, басқа да ресми һәм бейресми жиында берген уәделері мен бастамалары талқыланбақ. Алғашқы кейіпкеріміз – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.
Мәдина Әбілқасымова биыл 9 ақпанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындалған. Ол осы қызметті 5 жыл бойы атқарған Тамара Дүйсенованың орнын басты. Жаңа басшы әлеуметтік салаға нендей өзгерістер алып келмек? Қандай уәделер беріп үлгерді? Осы сауалдарға жауап іздейміз. Министрлік мәліметінше, қазіргі таңда еліміз бойынша өз-өздерін жұмыспен қамтып жүрген азаматтар саны 3 миллионға жуықтайды. Дәл осы мәселені шеше алмағаны үшін Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысынан сөз естіген. Сөйтіп, қызметтен кеткен. Содан ба, Әбілқасымова министрлік креслосына отырысымен жұмыссыздарды іздеп жүріп тауып алып, танауларынан сүйреп отырып тіркетіп, сосын олардан бума-бума салық өндіруді ойлаған сияқты. – Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген 2-3 миллион адам ешқандай салық төлемейді, солай зейнетақы қорына қаржы да аударылмайды. Олар міндетті сақтандыру қорына да қатысып жатқан жоқ. Осыны реттеу мақсатында жаңа заң әзірлеп жатырмыз. Жақын арада оларды ресми түрде тіркеп, мемлекетке салық төлетеміз, – деген еді министр Әбілқасымова. Өз бетімен табыс тауып, күн көріп жүргендерге салық төлету үшін, министр салықтық ережені жеңілдетпекші. Бұл туралы 13 ақпанда Премьер-министрге өтініш те айтты. «Желтоқсан айынан бастап салық туралы заң жобасына өзгерістер енгізіп, Қаржы және ұлттық экономика министрлігінің Салық кодексіне өзгерістер енгізуіне қатысты тиісті бұйрықты беруіңізді сұраймын» деген еді өзі қатысқан алғашқы Үкімет отырысында. Әзірге Әбілқасымованың басшылығымен министрлік екі заң жобасын құрастырмақ: кәсіподақтар қызметі және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заң жобасына өзгерістер енгізу. Министр биылдан қалдырмай міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты жоспарды да әзірлемек. Сонымен қатар еңбек дауын шешудің де жаңа ережесін бекітпекші. Оның айтуынша, мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшылар арасында алдағы үш жылға арналған келісім жасалған. Жаңа ережеде әрбір тараптың құқықтары нақты жазылыпты. Осылайша, еңбек дауын шешу жаңа ережелер негізінде іске асырылмақ. Еңбек дауы демекші, соңғы 1-2 жылдың ішінде еліміз бойынша бірнеше еңбек дауы бұрқ етіп көтерілді. Оның қатарында: •Астанадағы Әбу-Даби Плаза дауы; •«Қазақмыс» кеншілері мен басшылығы арасындағы дау; •«АрселорМиттал Теміртау» еңбекшілерінің бірнеше күн бойы аштық жариялап, наразылық танытуы; •«Қаражанбасмұнайдағы» еңбек дауы мәселелері бар. Министрлік мәліметіне сүйенсек, елдегі жалақы бойынша қарыз көлемі 2,2 млрд теңгеге жеткен. Оның 84 пайызы – банкротқа тап болған компаниялар берешегі. Жылына 1500-ден астам адамның өндірістік жарақат алып, 250-ге жуық жұмысшының қаза болуы – жағымды дерек емес, әрине. Мұндай келеңсіздіктер көп жағдайда жұмыс беруші мен жұмысшы арасында тиісті еңбек келісімшартының жасалмауынан, құқықтық сауаттылықтың төмендігінен туындап жатады. Министр осындай дауларды шешу мақсатында, Кәсіпкерлер палатасы және кәсіподақтармен бірлесе отырып еңбек қатынасын реттейтін жаңа заң қабылдатпақ. Жаңа заң – жалдамалы жұмысшылардың жағдайын, еңбек қауіпсіздігін, еңбек шартына отырудың электронды тіркеу жолын тиімді шешпек. Министрдің өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды іздеуге кіріскені бекер емес. Осы арқылы олардың салық төлеуіне жеңілдік жасамақ. Осы күнге дейін көлеңкелі іспен айналысып келгендер, енді өз еріктерімен кәсіптерін тіркейді. Осылайша, жеңілдетілген ережемен мемлекетке салық төлейді. Әбілқасымованың айтуынша, азаматтың айлық табысы 339 мың теңгеден аспайтын болса, оның жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге тұруы міндетті емес. Тек Үкімет әлгі азаматтың мәртебесі мен табысын анықтап береді.
БЖТР деген не? Мәдина Әбілқасымова 17 сәуірде төрт төлемді құрайтын бірыңғай жиынтық төлем режимін енгізуді ұсынды. Бұл бастама – бейресми жұмыс істейтін азаматтарды ресмилендіру және оларды ел экономикасына бейімдеу мақсатында істелмек. – Бүгінде ресмилендірудегі маңызды мәселелер қатарында статистикалық есепке алу, жоғары салық және ұйымдастырушылық құқықтық режимі секілді мәселелер бар. Қазіргі уақытта бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру мәселесі бойынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» тиісті заң жобасы әзірленуде. Бұл заң жобасында жұмыспен қамтылғандардың және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың бірыңғай түсінігі мен олардың санаты анықталады, – деді Әбілқасымова. Әбілқасымова берген тағы бір уәде – халық тығыз қоныстанған аймақтардың адамдарын солтүстік өңірлерге орналастыру. Оларға әлеуметтік көмектер беру шараларын кешенді түрде жүргізу. Оның сөзінше, қазіргі кезде күнгейден келгендерді жұмыспен қамту жеткілікті дәрежеде атқарылып отырған жоқ. Көш бұған дейін де басталған. Әбілқасымова сол көшті ары қарай жалғастырушы ғана. Солтүстік өңірлерді қазақыландыру – Үкіметтің ең оңтайлы шешімдерінің бірі. «Көш көлікті болып» жатса, министрдің ұтқаны. Жалпы, министрдің өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды ресмилендіру реформасына көз сала отырып, негізгі үш бағытты тани алар едік: •Әбілқасымованың бастамасымен тұңғыш рет ұлттық заңнамада «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған» ұғымы пайда болмақ. Бұған арнайы заң жобасы қарастырылады. •Өз беттерінше табыс тауып жүргендердің әрекеті «көлеңкеден» шығарылып, салықтық ынталандыру шаралары қарастырылады. Бұл бағытта Жол картасы жұмыс істейді. •«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды» оқыту және өнімді жұмыспен қамту мәселесі қаралады.
Ана мен балаға бөлінетін қаражат қысқарды Дәл осы мәселені – жаңа министр келгелі туындаған жағымсыз бір ақпарат деп бағамдауға болатындай. Сәуірдің соңында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған. Осы заң аясында бір жасқа дейінгі балаларға төленетін қаржы көлемі қысқарған. Әлеуметтік салаға бөлінетін 10 млрд 722 млн теңгенің көлемі 5 млрд 720 млн теңгеге азайды. Министрдің айтуынша, 2017 жылы бала туу көрсеткіші төмендеп кеткен. Шығыстар қысқарғанымен, бала туғаны үшін берілетін төлемдер мөлшері өзгермейді. Тіпті өсе түсуі де ықтимал. Айта берсек, Әбілқасымова айтқан сөз көп. Келгелі бері естіген бәрекелдісі аз. Сенаторлар шүйлікті, оның заңын депутаттар түсінбеді… ақыры Нығматулиннен «таяқ жеді». Мәжіліс спикері оның халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселесі бойынша заң жобасын – «жылтыр есеп» деп бағалаған болатын. – Осы оқылымнан кейін реттеңіз, өтінемін. Қазір аудиторияға айтқаныңызды тыңдап отырғандардың жартысы түсінбей отыр. Жұмысқа орналастырудың ұзақтығы туралы критерийді айттыңыз. Бақылау қалай болатынын, зейнетақы аударымдары туралы айттыңыз – бұлар да түсініксіз. Барлық өлшемді анықтап алыңыз. Қарапайым адамға түсінікті болсын, – деген еді спикер. •Министр жұмыспен қамту орталықтарының қызметін жеке агенттіктерге бөліп беріп, бұл салада аутсорсинг ұғымын енгізбекші. •Жұмыс іздеушілерді Электронды үкімет веб-порталында ғана емес, халыққа қызмет көрсету орталықтарына да бағыттамақ. •Жұмысқа орналасу рәсімін тездету үшін жұмыссыз азамат жұмысқа келісетіні не келіспейтіні туралы мәліметті үш жұмыс күні ішінде ұялы телефонмен немесе электронды түрде хабарлай алады. • Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында құрылатын бос жұмыс орындарына мониторинг жүргізу құзыретін орталық және жергілікті атқарушы органдарға бермекші. • Студенттер мен жоғары сынып оқушыларының жазғы демалыс кезінде ғана емес, оқудан бос уақытта да қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқанын қалайды. Жалпы, Мәдина ханым атқарғысы келетін іс көп. Оның бәрін жіпке тізе алмаймыз. Сондықтан маңызды дегендерін тарқаттық. Ол жауапты сала көп: жұмыссыздардың санын азайту керек, еңбек дауын шешуі қажет, ар жағында азаматтар мен зейнеткерлердің құқықтары менмұндалайды. Қоғамның санасына сіңбей жатқан медициналық сақтандыру қыр астында тұр. Қала берді, бүкіл министр атаулыға тән – «қазақ тілін үйрену» атты аса қиын шаруа тағы бар. Шенеуніктің жүз күні осылай өтті. Жұмыс көп, министр жалғыз. Бізге керегі – нәтиже.
Динар Нүкетаева, сенатор: Басқа көршілес мемлекеттердің барлығы бала туу көрсеткішінің артуы үшін жылдан-жылға қолдау жасап жатыр. Олар қаржыны ұлғайтады, ал біз керісінше азайтамыз. Мысалы, Ресейде «ана капиталы» деген жақсы нәрсе бар. Мемлекет беретін қаржыны қысқартып тастасақ бала санын көбейту, демография деген үғымдарды қалай жаңғыртамыз?
Абай АЙМАҒАМБЕТ,
Дереккөз: "Айқын" газеті