Мәжіліс мәслихаттарды партиялық тізімдер бойынша сайлауға көшуді қабылдады
2018 ж. 24 мамыр
2535
0
Мәжіліс мәслихаттарды партиялық тізімдер бойынша сайлауға көшуді қабылдады, оны «Ақ жол» партиясы 2012 жылдан бері талап етіп келген болатын.
Осыған орай "Қазақ үні" порталы "Ақ жол" партиясының төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтің «Сайлау туралы» заң жобасын талқылау барысында Мәжілістің пленарлық отырысында сөйлеген сөзін оқырман назарына ұсынады.
Құрметті әріптестер!
«Сайлау туралы» заң жобасын талқылау барысында «Ақ жол» ҚДП фракциясы оннан астам түзетулер енгізді.
Олардың біразы қабылданды, ал кейбірін (атап айтқанда, 1000 АЕК-ке рұқсат етілген шегінде салықтық декларацияларды кері қайтару жағдайында сайлау комиссияларының үміткерлерді сайлаудан шығаруына тыйым салу туралы; дауыс беру рәсімін, сайлаушылардың берген дауыстарын камерада әрбір бюллетеньді ашық көрсету арқылы санау рәсімін жүргізу, сондай-ақ автоматтандырылған түрде тұлғаларды танып білу жүйесін енгізуді қоса алғанда, барлық сайлау учаскелерінен интернет арқылы бейнебақылау камераларынан on-line хабар таратуды енгізу; бір ұйымның қызметкерлерінің сайлау комиссияларының 50% -дан астамын құруға тыйым салу; партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың сайлау алдындағы пікірсайыстарын интернет және телевизиядан тікелей эфирде тарату арқылы тәуелсіз жүргізу құқығының болуы туралы түзетулерді) жұмыс тобы қабылдамады.
Соған қарамастан, біздің фракция бұл құжатты қолдайды, өйткені, ол қарастыратын сайлау реформасы Қазақстанның партиялық жүйесі үшін өте маңызды және позитивтік мәнге ие.
«Ақ жол» партиясы 2012 жылдың партиялық бағдарламасында да, 2016 жылы өткен соңғы парламенттік сайлау кезіндегі сайлауалды тұғырнамасында да партиялық тізімдер бойынша мәслихат депутаттарын сайлауға көшуді партияның мақсаттарының бірі ретінде алға қойған еді.
Сонда біздің қарсыластарымыз осы бастамаға аса күмәнмен қарап, оны «шикі»және«мерзімінен бұрын» деп атаған болатын.
Алайда, дәл осы идея бүгінгі күні Заң жобасының негізін құрап отырғаны – «Ақ жол» фракциясының кейде қолдау таппаған көптеген басқа да ұсыныстарының ерте ме кеш пе жүзеге асырылатынын растайды.
Сайлау заңнамасын реформалау бастамасы саяси партиялардың, соның ішінде парламенттік азшылық партияларының ұстанымдары мен әлеуетін сөзсіз нығайтады. Тіпті, осы бір ғана себеппен бұл заң жобасын қос қолдап қолдау керек деп санаймын.
Қоғамда қызу талқыға түскен өзін-өзі ұсынудан бас тартуға келетін болсақ, ол – осындай реформалардың болуы тиіс нәтижесі.
Жалғыздың үні шықпас демекші, жалғыз жортатын саясаттың дәурені өтті. Жекелеген «Дон Кихоттардың» орнын жоспарлы, ілгері қарыштаған жұмыстарымен және жүйелі әрі бір ізден таймайтын саясатқа негізделген шешімдерімен бірге ірі саяси бірлестіктер алмастырады.
«Ақ жол» фракциясы бұл тәсілге тек оң бастама деп қана емес, аса оңтайлы деп баға береді.
Сондықтан да, біздің кейбір қабылданбаған түзетулерімізге қарамастан бұл заң жобасын шүбәсіз қолдаймыз және де біз үміттенген сәттің де келетініне сенімдіміз.