Билікті жеңіп алған Пашинян бірінші жарлығымен 9-мамырға тыйым салды
2018 ж. 12 мамыр
8627
2
43 жастағы азамат Арменияның Үкімет басына келді. Мамандығы журналист. Ол – атқарушы билікке саяси күрес жолымен қол жеткізген тұлға. Президент болып тұрған кезінде елді парламенттік басқаруға ыңғайлап, Ұлттық жиынға (парламентке) өз жақтастарын орналастырып алған соң премьер-министр орынтағына жайғаса қойған тұрақты оппоненті Серж Саргсянды төңкеріп тастады. Пашинян – ТМД аумағындағы мемлекет басшыларының ішіндегі ең жасы әрі мүлде жаңа буынның өкілі. Енді біраз сөзбен Никол Пашинянның өмір соқпағын оқырманымызға таныстыра кетейік.
Никол Воваұлы Пашинян 1 маусымда 1975 жылы Иджеване қаласында дүниеге келген. Әкесі – Вова Пашинян, өгей шешесі – Ерджаник Чебручан.
Саясатқа бастау алған жылдары
Никол 1991 жылы Ереван мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Оқи жүріп ресми билікке қарсы оппозициялық күштердің қатарында, оппозициялық баспасөзде қызмет атқарады. (1991-1998 жылдары елді Левон Тер-Петросян басқарды). 1993 жылы «Дпрутюн» («Оқулық»), «Лрагир» («Хабарлар»), «Лрагир ор» (Бүгінгі күн хабарлары»), «Молорак» («Жаһан») газеттерінде тілші болды. 1995 жылы саяси көзқарасына байланысты аталған жоғары оқу орынан шығарылған.
Баспасөздегі қызметі
Оқудан қуылғанымен Никол алған бетінен қайтпайды, баспасөз саласындағы күрескерлік жолын жалғастыра береді. 1998 жылы ол оппозициялық «Орагир» («Күнделік») газетінің бас редакторы әрі құрылтайшысы болады. Сөйтіп Армениядағы ең танымал оппозицияшыл журналистке айналып, түрлі жала, айыптауларға ұшырап, үстінен қылмыстық істер де қозғалады. «Орагирді» сол кездегі Ішкі істер министрі мен ұлттық қауіпсіздік қызметін қоса атқарған Серж Саргсян сотқа сүйреп, айыпты етеді (Мына жайтқа назар аудару керек шығар: сол Саргсянды араға жылдар салып Пашинян тақтан тайдырды. Ал Саргсян Арменияны ұзақ уақыт билеп төстеген адам. Ол 2007-2008 жылдары премьер-министр, 2008-20018 жылдары Армения Республикасының президенті болды). Билік қолында тұрған соң аянып қалсын ба, Серж Саргсян Пашинянның газетін жаптырып, өзін бір жылға бас бостандығынан айырады, жалған ақпар таратты деп айыппұлға жығады. «Орагир» жабылады, алайда, Никол күнделікті жарық көретін жаңа басылым – «Айкакан жаманак» («Армян уақыты») газетін шығарады. Газетті 2012 жылға дейін шығарып, кейін бас редакторлық қызметін әйелі Анна Акопянға береді.
Бұл жылдары Николдың өмірі бірыңғай баспасөз ісімен өтіп жатты десек те, жеке басына қауіп қатер кез келген уақытта төніп тұрған еді. 2004 жылы 22 қарашада Никол Пашинянның автокөлігі Ереван қаласының қақ ортасында, «Айкакан жаманак» газетінің редакциясы орналасқан жердегі автокөліктер тұрағында тұрған жерінде отқа оранады. Құдай сақтағанда, Никол қастандықтан аман қалады. Өзіне жасалған қастандықты Никол биліктен емес, Гагик Царукян дейтін кәсіпкерден көреді және солай деп жария етеді.
Саясатта сатылап өскен жылдары
2006 жылы, яғни 31 жастағы Пашинян қоғамдық-саяси «Альтернатива» ұйымын құрады. Содан кейін сайлау алдында «Импичмент» блогын басқарып, «Альтернативамен» бірге консервативті «Демократиялық отан» партиясының қатарына өтеді. Сол кездегі президент Роберт Кочарян мен премьер-министр Серж Саргсянның отставкаға кетуін талап еткен оның жақтастары ("Импичмент" блогы) 2007 жылы мамыр айындағы парламент сайлауында жеңіліске ұшырайды. "Импичмент" сайлаушылар тарапынан 1,29% пайыз дауыс жинап, 13-орынға ие болады. Әрине, Пашинян сайлаудың бұндай қортындысымен келіспейді, дауыс санауда жымысқылық, арамдық, алақолдық болды деп есептейді.
2008 жылы Пашинян Армениядағы президент сайлауының алдындағы науқанға білек сыбана кірісіп, бұрынғы мемлекет басшысы Левон Тер-Петросянның штабына кіреді. Сайлау Саргсянның жеңісімен аяқталып, президент болады. Тер-Петросян сайлауда ұтылған соң Пашинян қарсы күштердің жетекшісіне айналады да, экс-президенттің (Тер-Петросян 1991-1998 жылдары Арменияның президенті болған) жақтастары сайлаудың қортындысын мойындамайды.
Осыдан кейін Ереванда сақшы жасақтарымен қарулы қақтығысқа дейін барған жаппай қарсылық акциясы басталады. Күштік құрылымдар шерушілердің шебін 1 наурызда әрең бұзады. 10 адам оққа ұшады, тағы бірнеше адам ауыр жараланады. 2 наурызда елде төтенше жағдай жарияланады. Пашинянға іздеу жарияланады. Ол бой тасалап жүріп 2009 жылы шілде айында беріледі.
2010 жылы абақтыда жатқан Пашинян қаңтардағы парламент сайлауына №10 сайлау округінен үміткер ретінде қатысады. Пашинияның кандидатурасын Тер-Петросянның оппозициялық Армян Ұлттық Конгресі (АҰК) қолдайды. Алайда, АҰК-нің үміткері кезекті рет саяси жеңілістің ащы дәмін татады.
2010 жылы 19 қаңтарда болашақ премьер елде жаппай тәртіпсіздік тудырды деген айыппен 7 жылға сотталады. Алайда ол Арменияның 20 жылдық тәуелсіздігіне байланысты амнистияға ілігіп, бір жылдан сәл ғана асқанда түрмеден босап шығады. Темір торда отырған кезінде ол "Айкакан жаманак" газетіне «Түрмедегі күнделік» атты жазбаларын үзбей жіберіп тұрады.
Абақтыдан босаған соң Пашинян саяси күрес жолындағы қызметіне әдетінше белсене кірісіп, 2011 жылы Армян Ұлттық Конгресінің митингтеріне қатысады.
2012 жылы 6 мамырда Армян Ұлттық Конгресінің атынан Ұлттық жиынға (парламентке) депутат болып сайланады. 2013 жылы Армян Ұлттық Конгресі Тер-Петросян басқаратын партияның қатарына өтеді. Пашинян болса, партия қатарына өтуден қалыс қалады (өйткені конгрес президент сайлауына үміткер ұсынудан бас тартқан еді). Сөйтіп ол АҰК-нің құрамында көзапара (формально) тіркеліп жүргені болмаса, Тер-Петросянмен арасындағы байланыс үзіле бастайды.
Екеуінің арасындағы үзіле бастаған байланыс Пашинян 2015 жылы мамырда жаңа оппозициялық «Азаматтық келісім» атты саяси ұйым құрған соң мүлде үзіледі. Парламент сайлауының алдында Никол Воваұлы «Елк» («Ұмтылыс») блогын құрады.
2017 жылы 2 сәуірде Пашинян парламент депутаты болып сайланды. Содан бері ол парламенттегі 105 депутаттың ішінде 9 дауысы бар «Елк» фракциясын басқарып келді. «Елк» фракциясы еуропалық кеңістікке шығуды жақтайды, Арменияның сыртқы саясатында еуразиялық интеграцияға қарсы.
2017 жылы мамырда Пашинян Ереван қаласының мэрі болуға ұмтылды. Бірақ, дауыс нәтижесінде екінші орын алып қалды.
2018 жылы 8 мамырда Армения парламенті Никол Пашинянді елдің премьер-министрі етіп сайлады. Пашиняннің кандидатурасын парламентте «Елк» фракциясы ұсынды. Оған 59 депутат дауыс берді (бұл басым дауыс болып есептеледі). Сөйтіп ол саяси күрес жолында өзіне үнемі қарсы тұрып келген, билікті пайдаланып қысастық жасаған, түрмеге жапқан, істі қылған Серж Саргсянды тағынан төңкерді. Премьер-министр Пашиняннің алғашқы жарлығы бұдан былай елде 9-мамыр мерекесін атап өтуге тиым салу болды. Па, шіркін, Пашинян! Ал, 9-мамыр күні Қазақстанды қызыл тулар жауып қалды.
Отбасы
Никол Пашинянның жары – Анна Акопян, журналист, "Айкакан жаманак" газетінің бас редакторы. Үш қызы, бір ұлы бар. Ұлы Ашот әксімен бірге өткен сәуір айындағы қарсылық акцияларына бірге қатысты.
Материал еркін ақпарат көздерінің деректері бойынша дайындалды.
Abai.kz