Оның айтуынша, Бішкек ЖЭС-ін жетілдіруге бөлінген қаражаттың жұмсалуын зерттеген депутаттық комиссияның қорытындысында бірқатар мемлекеттік қызметкерлердің, депутаттардың есімдері келтірілген.
"Экс-президент Алмазбек Атамбаевты қылмыстық қудалаудан босататын құқығынан айыруды ұсынамын. Ол заң алдында барлығы тең екенін, қажет болса жауапкершілікті мойнына алуға дайын екенін талай рет айтты. Сондықтан осындай ұсыныс білдіремін. Біз бұл мәселені құқыққорғау органдарының өзі шешуіне мүмкіндік беруіміз керек. Егер таза болса, таза деп айтуымыз керек. Таза болмаса, жауапқа тартуымыз керек. Егер негізгі кінәліні тапсақ, бұрынғы премьерлер үндемей қалғанын өздері айтады. 6 жылда жеті премьер болса, қайсысынан сұраймыз?" - деді Масалиев парламент отырысында.
Бұл сауалға бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков жауап беріп, Атамбаев Бішкек ЖЭС-ін жетілдіру аясында ешқандай тапсырма бермегенін мәлімдеді.
Парламент 10 мамыр күні Бішкек ЖЭС-індегі апат себебін және оны модернизациялауға бөлінген қаржының орынды жұмсалғанын тексеретін депутаттық комиссия қорытындысын қарады. Отырысқа бұрынғы премьерлер Жанторо Сатыбалдиев, Темір Сариев пен Сапар Исаков қатысты.
2013 жылы Қырғызстан Қытайдың Эксимбанкінен Бішкек ЖЭС-ін модернизациялауға 386 миллион доллар несие алған. Жетілдіру жұмыстары 2017 жылы аяқталған. 2018 жылдың 26 қаңтарында ЖЭС-те апат болып, қаланың көп бөлігі жылусыз қалған.