ТІЛІН КЕССЕ ДЕ, ҮНДЕМЕЙТІН ҚАЗАҚТЫ ҚАЛАЙ ОЯТАМЫЗ?..

0
1024

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Тәуелсіздіктен бері де бір саябырсымаған тіл майданында қазақ тілі тағы бір соққыны бастан кешіріп отыр. Осы аптада Мәдениет министрлігі мемлекеттік тіл туралы заң жобасынан өтініштер мен оған берілетін жауаптардың тек қазақ тілінде болуы керектігі туралы норманы алып тастайтынын жеткізді. Оған, ең алдымен, орыстілді бұқа­ра­лық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйым­дардың жаппай қарсылық білдіруі бірден-бір себеп болып отыр.

Жуырда Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің жанынан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындау үшін қырық шақты адамнан қоғамдық комиссия құрылып, аталған ұжым өкілдері өз жұмыстарының бастапқы нұсқасын ғаламторда жариялаған болатын. Онда бірқатар мамандық иелеріне, атап айтқанда, мем­ле­кеттік қызметкерлер, ұлттық компания қыз­мет­кер­лері және құқық қорғау, әскери қызмет, сот прис­тавтарына мемлекеттік тілді міндеттеу мә­се­лесі айтылған еді. Алайда артынша-ақ барша орыс­тілді басылымдар шулап қоя берген соң, бастама көтеруші министрлік сенімсіз сілтеген ая­ғын кері тартып, ғаламторда дау тудырған мә­се­лелердің заң жобасына енгізілмейтінін жеткізіп, ба­су айтты. Ал қазақтілді қауым әлі «ұйқыда» жа­тыр. Аталған заң жобасының нұсқасы алғаш жа­рия­ланған сәтте де, оған орыстілді қауым нара­зы­лық білдіріп жатқанда да, артынан мәселе дау­кес­тер­дің пайдасына шешілгеннен кейін де үндемес кейпін бұзған жоқ.

Өткен аптадағы бір жиында Мәдениет министр­лі­гінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева былай деп өкпе-ренішін білдірген еді: «Мемлекеттік тіл тағдырына келгенде билікті сынауға алдымызға жан салмаймыз. Ал егер ашық пікірталасқа шығуға келсек, орыстілді қауымға мұны түсіндіруді ешбір зиялы, ешбір тіл жанашыры істеп жатқан жоқ. Бес күннің ішінде орыстілді интернет ресурсында заң жобасы жөнінде бес мыңнан астам пікір жазылды. Қазақтілді бірде-бір БАҚ жұмған аузын ашқан жоқ. «Мәдениет министрлігі не істейді екен, жағ­дай­дан қалай құтылып шығады екен?» деп сын көз­бен тасадан қарап отыр».

Расында, солай болды ғой. Бұл мәселе аса маңызы жоқ, қатардағы тақырып болса, барша орыс­тілді басылымдар осылай өре түрегелер ме еді? «Е-е, ол әншейін құжат қой, оған қарап жатқан ешкім жоқ, орысшамызды сөйлей береміз» деп самарқаулық танытып, тыныш жатқан ешқайсысы жоқ. Газет-журнал, түрлі қоғамдық ұйымдар, орыс­­тілді саясаттанушылар, сарапшылар, заң­гер­лер­дің тайлы-таяғына дейін қалмай үн қатты. Орыс, славян және казак ұйымдары, «Лад» қоз­ға­лы­сының беделді өкілдері түрлі басылымдардың ал­ғашқы бетінен түскен жоқ…

Қазақ тілінің жанашырлары қайда?

Біз ше? Жазғы демалыс па? Зиялы қайда, БАҚ қайда, ұлтшылдық бағыттағы қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, партиялар қайда? Өзін бір кездегі Алаш партиясының ізбасарымыз деп та­ныс­тыратын «Ақ жол» қайда? Дардай бір атауды ием­деніп жүрген «Руханият» қайда? «Ұлт тағ­ды­ры», «Қазақ тілі» қоғамы, «Мемлекеттік тіл» қоз­ға­лысы қайда? Әлде біздің зиялы нақты өмірді ысы­рып, көне тарихтан үзінділер жариялап, баба­ла­рымыздың қалай батыр болғанын айтып, балбал тастардың маңында суретке түсу арқылы да ұлт­жан­дылық имиджін қалыптастыруға болады деген тұ­жырымға біржола тоқтады ма? БАҚ үндемесе, ин­теллектуалдар архивте жүрсе, ұйымдар мен қоз­ғалыстар – кезекті демалыста.

Партиялар саяси науқанды ғана торып жүр. Сонда бұл мем­лекеттік тіл мәселесі кімге керек болды? Әлде қазақ бас­па­сөз­дері мен ұйымдары 20 жыл сөз етіп келген руханият тақы­рыбы­нан біржола шаршады ма? Шаршасақ, тіл май­данындағы жеңі­лісімізді ресми түрде мойындап, өзге халыққа жол берейік.

Аталған дау туындаған екі аптаның ішінде зиялы топ арасынан осыған қатысты үн қатқан адам бар ма екен? Өз басым бірді-екілі басылымнан саясаттанушы Айдос Сарымды ғана жолықтырдым. Оның өзін орыстілді басылымдар жабыла төм­пештеуге кірісті.

Айтпақшы, болар іс болып қойғаннан кейін қазақ басылым­дарының арасынан бұл мәселені министрліктің жеңілі­сіне балап, шоқ-шоқтап тұрған жария­ла­ным­дарды кездестірдік. Бұл бір ғана минис­трліктің я мекеменің жеңілісі емес қой, жаны қазақ қауымның ортақ қайғысы емес пе? Әу баста «аталған заң жоба­сын талқылауға қоғамның барлық өкілдері атсалыса алады» делінген болатын. Қоғам­ның орыстілді бөлігі өз ұпайын артығымен түгендеді. Орыс тілінің аясын мысқалдай тарылтпау үшін айқасқа түсті. Бабаларының «На войне все средства хороши» деген нақылына берік жүгі­ніп, «кетемін» деп үркітті, «жазамын», «төң­керемін» деп қорқытты. Қысқасы, дегеніне жетті, арыз-талаптарын орындатты.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары:

– Бірден ай­та­йын, біз­дің зия­лы қауым­нан қазір бәлен­дей бір үміт күту – бекер тірлік. Олар қазақтың мүддесін, қазақтың тілінің мүддесін былай қойғанда, өздерінің жеке басының, жеке шығармашылығының мүддесін жетістіре алмай жүр. Қазір біздің зиялы қауымның қоғамдағы алатын орны жоқ­тың қасы болып тұр. Сондықтан біздің зиялы топ бұл заң жобасына қатысты даудан сырт қалып, еш үн қатпағанына өз басым еш таңғалмаймын. Мен үшін бұл – қалыпты құбылыс. Ал тіл мәселесіне келетін болсақ, мүлде құралақан қалып жатырмыз деп те айта алмаймын, ілгерілеу бар. Дегенмен ол қайсыбір адамдардың, мекемелердің күш салуымен емес, өзінің табиғи қарқынымен дамып келе жатыр. Соған кедергі келтірушілер әлі де көп.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург:

– Біздің зиялы қауым қазір зиялы болмай қалған. Өзінің ұлт­тық мүд­де­сіне келгенде көр­меген болып отыра беретін «үндеместік сая­сатқа» басады. Сондықтан халық өзі ояну керек. Тіл мәселесіне, жер мәселесіне келгенде үндемей қалған адамды азамат деп, зиялы деп атаудың қажеті жоқ. Мәдениет министрлігі игі бастама көтеріп жатқанын естіп, қуанып қал­ған едім. Бірақ олардың кері шегініс беріп жатқанын қазір ғана естіп отырмын. Орыстың шовинистік ұйымдарына төтеп бере алатындай жігерлі интеллектуалдар бізде әлі де жоқ. Жаңағы орысшыл ұйымдар – «біздің президентіміз – Медведев» деп ашық ұрандап жүрген адамдар. Сондықтан ресми билік те олардың сөзіне құлақ аса бергені дұрыс емес. Бүгін шулайды екен деп, құлағымыздың тыныштығы үшін тілі­міздің тағдырын тағы кері айдаудың қажеті жоқ. Қазақ тілі түбі жеңіске жететінін сеземіз.

Сәкен КӨКЕНОВ,

«Алаш айнасы»

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз