Г.Бельгер: МЕН ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҮСТЕМДІК ЖҮРГІЗУІНЕ ҚОС ҚОЛЫМДЫ КӨТЕРІП ҚОСЫЛАР ЕДІМ. Бірақ бұл жолы да аяқсыз қалмаса екен...

- Мен қазақ тілінің жанашырымын. Ұлтым өзге болса да, қазақ тілін жек көрмейтін, сол тілде жетік сөйлей алатын, ол тілдің көркемдігін, күш-қуатын бір адамдай білетін жанмын. Әрқашан сол тілдің жағындамын. Тәуелсіздік алғалы бері мемлекетік тіл жөнінде әңгіме көп. Бірақ соның нәтижесі аз ба деп қаламын. Анда-санда тілге байланысты айқай шығады, бірақ ешкім соның түбіне жеткізбейді. Жақсы айтылған әңгіменің арты сиырқұйымшақтанып кете барады. Осы жолы да , яғни бірер жылдың көлемінде тұтастай қазақ тіліне көшеді дегенге сенгім келмейді. Сондықтан орыс тілділер, өзге ұлт өкілдері күні бұрын туламай-ақ қойсын дер едім. Орыс тілі әлі де барлық жерде қолданылуда, қуаты күшті. Сондықтан оған пәлендей қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен орыс тілділер осы жерде тұрып, ауасын жұтып, суын ішіп жатқан соң, қазақ тілін де білген жөн. Мұның өзі - жергілікті жұртты сыйлауы. Қысқасы, мен қазақ тілінің үстемдік жүргізуіне екі қолымды көтеріп қосылар едім. Бірақ бұл жолы да аяқсыз қалмаса екен...

www.aikyn.kz