Өскемен әкімі адам қаққан шенеуніктің көлігінде болған
2018 ж. 26 сәуір
5418
0
ШҚО прокуратурасы Өскемен қаласының әкімі Қуат Тумабаевтың риддерлік 19 жастағы жігітті қағып өлтірген автокөлік салонында болғанын ресми түрде растады.
Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады. Оқиғаның мән-жайы құзырлы органның сайтында жарияланды. Еске салайық, осыған дейін көлік тізгінінде Риддер қаласы әкімінің орынбасары болғаны айтылған еді.
Басылым мәліметінше, осыған дейін Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілі Әсем Қайратбек қала әкімі Қуат Тұмабаевтың оқиғаның кездейсоқ куәгері болғанын айтқан.
Құзырлы ведомство мәліметінше, 19 сәуірде қайтыс болған жігіттің әкесі Риддер қаласының прокуратурасына келіп, ІІБ қызметкерлерін жол апатына кінәлі автомобильді тоқтатпағаны үшін жауапқа тартуды сұрап, арыз берген. Сол күні қайтыс болған жігіттің әкесінің досы Риддер қаласы ІІБ криминалдық полиция бөлімі басшысының тарапынан қысым көрсетілгені және қорқыту деректері бойынша арыз түскен.
"Осы деректерге қатысты ІІД ішкі қауіпсіздік басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 370-бабы ("Қызметтегi әрекетсiздiк") және 362-бабы 4-бөлігі ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын жүргізіп жатыр", - делінген ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.
Осы қылмыстық іс құзырлы ведомствоның бақылауына алынған. Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаевқа қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы таңдалған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өскемен әкімдігі осы жағдайға байланысты қандай да бір мәлімет беруден бас тартып отыр.
Прокуратурадағылар басқа да мәліметтердің тергеу құпиялылығына байланысты жарияланбайтынын айтты.
Айта кетейік, BMW Х5 жүргізушісі Риддер қаласында 19 жастағы Виктор Смольниковты қағып өлтірген болатын. ШҚО ІІД мәліметінше, оқиға 2018 жылы 15 сәуірде шамамен 21:00-де болған. Тексеру барысында BMW Х5 жүргізушісі 45 жастағы ер адамның көлікті мас күйде жүргізгені және ол Риддер қаласы әкімінің орынбасары екені анықталды. Риддер қалалық ІІБ қызметкерлері осы дерекке қатысты тергеу шараларын ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы") бойынша жүргізіп жатыр