Лукашенко "бізді бір-бірлеп кетіреді" дегенде кімді меңзегенін, әңгіме кім жайында екенін нақтыламады. Бірақ дәстүрлі парламент пен халыққа жолдауы кезінде ол Ресей туралы да айта кетті. "Ақылға келіп, мәселені бірге шешудің орнына, бір-біріміздің жағамыздан алып өзімізді-өзіміз сабап жүрміз" деді ол.
Дүйсенбіде Армения премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кеткен. Ол оппозиция 11 күн өзіне қарсы шеру өткізген соң осындай шешім қабылдаған.
Саргсян жазбаша мәлімдемесінде өзінің қателескенін мойындап, оппозиция жетекшісі Никол Пашинянның ісін "жөн" деп сипаттаған.
"Қазір қалыптасып отырған жағдайға қатысты әр түрлі шешім қабылдауға болар еді. Бірақ мен ондай әрекеттердің ешқайсысына бармаймын. Ел басшысы, Армения премьер-министрі қызметінен кетемін" деген ол.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Армениядағы жағдайға бейбіт деген баға беріп, тараптарды одан ары да сабырлы болуға, заң мен адам құқығын құрметтеуге және диалог орнатуға шақырды.
Серж Саргсян Арменияны 10 жыл басқарды. Александр Лукашенко Беларусь президенті қызметінде 1994 жылдан бері отыр. Ресей президенті Владимир Путин Ресейді 18 жылдан бері басқарып келеді.
Дереккөз: Азаттық