Министр депутаттардың қазақша сауалын түсінбей, орысша жауап берді
2018 ж. 14 наурыз
7565
23
Бүгін мәжілістің отырысында ТМД мемлекеттерінің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім бойынша Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов cөз сөйледі.
Министрдің баяндамасын бастан-аяқ қазақша жасағаны қуантты, әрине. Бірақ сұрақ-жауапқа келгенде, шенеунік кейбір депутаттардың сөзін түсіне алмай, әбден састы, деп хабарлайды Sputnik.
Бірінші болып Бекболат Тілеухан сауал қойды. Депутат келісімдегі ақпаратты жарияламау және қорғау міндеттемелері көрсетілген норма бұзылғанда, қандай жауапкершілік көзделгенін білгісі келді. Министр сауал қазақша болса да, орысша сөйлеп кетті. Сонда да мандытып жауап бере алмады. Осы жерде мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сөзге араласуға мәжбүр болды.
“Сіз жалпы сөздермен лекция оқып бердіңіз. Сұрақ нақты болды, ал сіз сұрақты түсінбедіңіз”, — деген ол депутаттың сұрағын орысшаға аударып беріп, министрден сауалдарды зейін қойып тыңдауды өтінді.
Осыдан кейін орысша сауалдарға мүдірместен жауап беріп жатқан министр қазақшаға келгенде тағы да тосылды. Депутат Хаменованың сұрағының байыбына бара алмай, “мен… бұл үшін…” деп сасқалақтап, қандай жауап берерін білмей әбден қысылды. Осы кезде Нығматулин тағы да көмекке келді.
“Депутаттың сұрағы мынадай болды: айырбасты жеңілдету бойынша қандай шаралар болады және бұл шаралар қашан қабылданады? Бұл ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдетуге жол ашпай ма? Мен сізге әрі қарай да аударып бере аламын. Бірақ алдыңызда құлаққап бар, егер түсінбесеңіз, аударманы тыңдауыңызға болады”, — деді Нығматулин орысшалап. Министр кешірім сұрап, әрі қарай ресми тілде сөйлей жөнелді.