«Ақ жол» – қазақтың ХХІ ғасырдағы «Алаш» партиясы
2011 ж. 13 тамыз
2510
3
Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
– Азат Тұрлыбекұлы, cіздің «Ақ жол» демократиялық партиясының тізгінін ұстағаныңызға да бір айдан асыпты. Шыны керек, осы бір айдың ішінде партияның төңірегіндегі түрлі әңгіме өрши түспесе, бәсеңсіген жоқ. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз?
– Біріншіден, өзіңіз байқап отырғандай, соңғы бір айдың ішінде Қазақстанның саясат сахнасындағы ең көп талданған, талқыланған тақырып «Ақ жол» партиясы болды. Бұқаралық ақпарат құралдарын алып қарасаңыз да, интернетті, әлеуметтік желілерді шолып шықсаңыз да – осыған көзіңіз жетеді. Бұл нені көрсетеді? Бұл – партияның танымалдығы мен беделінің арқасы. Жұрт «Ақ жол» туралы, партиядағы үлкенді-кішілі өзгерістер туралы ұдайы хабардар болып отырғысы келеді. Ал танымалдық пен беделдің артында біздің саяси ұстанымдарымызды қолдайтын үлкен әлеуметтік топтар, партияның тағдырына бейжай қарамайтын қарапайым халық тұр.
Екіншіден, саясатта аяқтан шалып, етектен тартуға үйренген, соны кәсіп қылып алған неше түрлі топтар мен тұлғалар жетерлік. «Ақ жолдың» ел арасындағы күн санап өсіп келе жатқан беделі солардың ұйқысын қашыруы мүмкін. Түрлі алыпқашпа әңгімелер солардың «туындысы» болар.
– Олар сізді де аяп жатқан жоқ қой...
– Мені қайтіп аясын? Жаңа толқынды олар цунами сияқты көреді ғой. Жаңалық атаулыдан өлердей қорқады. Осы 20 жылдың ішінде олар Қазақстанның саясат сахнасын өз меншіктеріне өткізіп алған. Ол жерге жаңа буынның, жаңа көзқарастың адамдарын мейлінше жібермеуге тырысады.
Не істейсіз, ұлы Абай атамыз айтқандай ақыры осы «соқтықпалы, соқпақсыз жолды» таңдап алдық екен, шыдауымыз керек, шыңдалуымыз керек. Бүгін саясатпен сен айналыспасаң, ертең саясат сенімен айналысады.
– Сіз келе салысымен «Ақ жол» партиясының төңірегіне кәсіпкерлер жаппай топтасып жатыр деген болжам бар...
– Бұл болжам емес, шындық. Қазірдің өзінде, менің білуімше, 1000-ға тарта кәсіпкер партияға кіруге өтініш берген. Бұл – мақтанғаным емес, менің «Атамекендегі» жемісті жұмысымның да нәтижесі болса керек.
Ең бастысы, «Ақ жол» партиясына мүшелікке өтініш білдіргендердің басым көпшілігі – шағын және орта бизнестің өкілдері. Өздерін өздері жасаған, аяғынан тік тұрған, елдегі орта тапты қалыптастырып отырған жігерлі азаматтардың партияға көптеп келуі, сөз жоқ, біз үшін қуаныш.
– «Ақ жол» партиясының VIII съезінде сіз партияны «Алаш» партиясының, алашордашылардың бүгінгі ізбасары деп бағаладыңыз. Тым асыра айтқандық емес пе?
– Керісінше, біз осы пайымды жеріне жеткізіп айта алмай жүрміз. Менің ойымша, «Ақ жол» партиясы қазақтың ХХІ ғасырдағы «Алаш» партиясы болуы тиіс. Кім не десе, о десін, Алашорда тарихы – азат елдің өткен тарихы. Мұны естен шығармауға тиіспіз. «Сен өткенге топырақ лақтырсаң, болашақ саған тас атады!» Әлихан Бөкейханов өзінің «Қазақтың тарихы» деген еңбегінде: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туашағына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», – деп жазады. ХХ ғасырдың басында бар қазақтың қамқорына, сүйенішіне айналған «Алаш» партиясының саяси тұжырымдамасына, алашордашылардың саяси өмір жолы мен қызметіне қарап отырып, сол дәуірдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің бүгінгі таңда да өзектілігін жоймағанын байқайсыз. ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының дербес ел ретіндегі тағдыры, тарихы, мемлекеттік дербестігі, жері мен шекарасы, тілі мен діні туралы мәселелер арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, күн тәртібінен түскен жоқ. Ал осы айтылған мәселелердің бәрі де «Ақ жол» демократиялық партиясының саяси тұжырымдамасында, бағдарламасында толықтай қамтылған, зерттелген, зерделенген.
«Ақ жол» партиясының бүгінгі ұстанымы да ғасырлар бойы еліміздің егемендігі, ұлтымыздың еркіндігі үшін жан алып, жан беріскен ата-бабаларымыздың, әкелеріміздің аманатымен ұштасып жатыр.
Саяси ұстаным тұрғысынан алғанда да, «Алашпен» біздің мақсатымыз үндес. «Ақ жол» партиясының кредосы да – либерализм. Жеке азаматтың қабілет-қарымын, мүмкіндіктерін ашудың бірден-бір жолы – осы либерализм. Әзірге адамзат баласы бұдан артық идея ойлап таба алған жоқ.
– Әлихан Бөкейханов туралы айтып қалдыңыз. Қалай ойлайсыз, Алаш көсемі Ә.Бөкейхановтың тарихи тұлғасына нақты баға берілді ме?
– Бір тарихи құжаттардан оқығаным бар. Голощекин «Қазақтар Қазақстанды қалай басқару керектігі туралы менен емес, Мәскеудегі Бөкейхановтан ақыл сұрайды» дейді екен. Оның халық тарихындағы рөлін осыдан-ақ аңғара беруге болады. Жалпы, біз Бөкейхановты ғана емес, қазақ халқының азаттығы мен бостандығы жолында күрескен барлық қайраткерлерді төбемізге ту етіп көтеруге тиіспіз. Сонымен қатар мен Лондонда жүрген кезде 1845 жылы жазылған Шоқан Уәлиханов туралы мақаланы кезіктірдім. Ағылшындар Шоқанның орыс империясына қызмет ететінін біле тұра, оның білімі мен мәдениетіне тәнті болғандарын жазады. Әлихан болсын, Шоқан болсын – туған халқының болашағы үшін еңбек еткен қайраткерлер. Біз де осы арыстарымыздың есімі мен ісін ұлықтау мақсатында нақты іс-қимылдар жасайтын боламыз. Өздеріңіз ол мәселелердің куәсі боласыздар.
– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. Соңғы кезде Ақтөбеде, Балқашта болған жағдайлардың да әлеуметтік сипаты бар емес пе? Осы оқиғаларға қатысты саяси партиялар неге жұмған аузын ашқан жоқ?
– Себепсіз салдар жоқ. Әрине, Ақтөбедегі, Балқаштағы жағдайлар бізді де алаңдатпай қоймайды. Біз биліктің ресми түсініктемесін естідік. Қаза болғандардың ағайын-туғандарының да пікірінен хабардармыз. Бірақ, қандай жағдай болмасын, оған ат қойып, айдар тағып, біржақты пікір айтуға болмайды деп ойлаймын. Оның ақ-қарасын ажырату – тиісті құқық қорғау органдарының, арнайы қызметтердің, соттардың шаруасы.
Бұл оқиғалардың артында, мен жоғарыда айтқандай, қылмыстық, діни, әлеуметтік және тағы басқа түрлі қайшылықтар жатуы мүмкін. Мемлекеттің, қоғамның міндеті – сол кемшіліктердің түп себебін анықтап, жою, алдын алу, болдырмау. Бұл – бір күнде пайда бола салған нәрсе емес. Әрине, жағдайдың ушығып кетуіне жергілікті жердегі биліктің де кінәлі екені даусыз. Өңірдегі әкімқаралардың халықтан алыстап кеткендігі, олардың өздерін жарты құдай сезінетіні, елдің әлеуметтік жағдайын түзеуден гөрі өздерінің әлеуметтік жағдайын түзеуді жөн көретіні – айтылып, жазылып жүрген жайт. Жасыратын дәнеңе жоқ. Ең қатерлісі – қоғамда қордаланған түрлі проблемалар терең әлеуметтік сипат алып барады. Қазақтардың өз арасындағы діни бөлінушілік, үлескерлердің шешімін таппаған проблемалары, жастардың арасындағы жаппай жұмыссыздық күні ертең наразылықтың ошағына айналмасына кім кепіл? Қысқасы, жаңағыдай келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін билік те, қоғамдағы ықпалды күштер де алдымен әлеуметтік, діни, рухани проблемаларды шешуге жұмылуы керек.
– Сіз Қазақстанның «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы болдыңыз. Әлеуметтік бағытта билік, Үкімет тарапынан жасалып жатқан іс-шараларға қысқаша көзқарасыңызды білдірсеңіз...
– Әрине. Түк жасалып жатқан жоқ деп, ауызды құр шөппен сүрте беруге де болмайды. Мемлекет тарапынан қолға алынған іс-шаралардың барлығын да Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі жеке бақылауында ұстап отыр. Соңғы жылдары индустриялық-инновациялық бағдарлама, «Бизнестің жол картасы-2020», шағын және орта бизнесті, аграрлық секторды қолдауға бағытталған іс-шаралар, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы, «Дипломмен – ауылға!» тәрізді әлеуметтік жобалар аймақтардағы экономикалық, әлеуметтік мәселелердің бірқаншасын шешіп берді.
«Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының жетекшісі ретінде мен осы бағдарламалардың барлығының қабылданып, жүзеге асуына тікелей қатыстым. Кей жобаларға бастамашы да болдық. Әсіресе шағын және орта бизнесті, аграрлық секторды дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау бағытында біз орасан күш-жігер жұмсағанымызды атап айтуға тиіспін. Айналып келгенде, қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігі, денсаулық жағдайы мен білім деңгейі, мәдени-рухани жетілуі экономикалық фактормен тікелей байланысты. Жетілген ұлттық экономика отандық өнеркәсіптің, өндірістің еселеп артуына жағдай туғызады. Экономикалық протекционизм дегеніңіз – осы. Және бұл экономикалық саясат, ең алдымен, экономиканың нақты саласына бағытталуы тиіс. Әсіресе экономиканың жас, аяғынан енді тұрған салалары осы саясатқа аса зәру. Жаңа айтып өткенімдей, шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығына мұндай көмек ауадай қажет. Экономикадағы осындай ұстаным ішкі нарықты шетелдік бәсекеден мейлінше қорғап отыру мүмкіндігін де туғызады. Өнеркәсіп пен өндірістің үздіксіз өсімі халықтың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізеді. Әл-ауқаты жақсарған елдің денсаулығы да, білімі мен өнері, мәдениеті де қарыштап дамиды. Мұндай жағдайда ұлттың ішкі рухы өздігінен-ақ көтеріледі, халықтың ішкі потенциалы кеңінен ашылады. Мұны «Ақ жол» партиясының басты саяси, экономикалық, әлеуметтік ұстанымы деп қабылдасаңыз да болады.
– Осы ретте, қалай ойлайсыз, Қазақстан Үкіметі дағдарыстан лайықты шыға алды ма? Қазіргі Үкіметтің дағдарыстан кейінгі қызметін қалай бағалайсыз?
– Ақиқатын айту керек, Үкімет дағдарысқа қарсы іс-қимылды батыл әрі сауатты жүргізе білді. Қазақстан әлемнің басқа елдері сияқты дағдарыстың зардабын еселеп тартқан жоқ. Біз үшін әлемдік қаржы дағдарысы мейлінше ауыр өтті деп ойламаймын. Қазақстан Үкіметінің дағдарысқа қарсы бағдарламасын сынайтындар көп. Дегенмен біз әр нәрсенің жақсы жағын да көріп, лайықты бағасын беріп үйренуіміз керек емес пе?! Мысалы, дағдарыстан кейін әлемнің көптеген елінде банк секторы, ипотекалық жүйе мүлде күйреді, күйзеліске ұшырады. Бюджет шығындары дереу қысқартылып, мемлекет те, азаматтар да «үнемдеп» өмір сүруге көшті. Қазақстандағы дағдарысқа қарсы бағдарламаның уақытында қабылдануы біздің тағдырымызды шешіп берді. Әйтпесе, бір қарағанда, Қазақстан әлемдік қаржы нарығына кіндігінен байланған ТМД елдерінің ішіндегі бас мемлекет еді. Батыстағы қаржы дағдарысы біздің экономикамызды оп-оңай қиратып кететіндей көрінген. Алайда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, біз дағдарысты өз пайдамызға жаратып, керісінше, дағдарыстан дамуға бет түзедік. Банк секторы, ипотекалық құрылыс пен несие, аграрлық сектор мен шағын және орта бизнес дағдарыстың салқынын қалай сезінсе, мемлекеттің қолдауын да солай сезінді. Ұлттық қордан бөлінген қомақты қаражат, бейнелеп айтқанда, жыртығымызды жамауға ғана емес, Қазақстан экономикасында жаңа құрылымдық өзгерістер жасауға жол ашты.
Әрине, мен бұл жерде мадақтың бәрін Үкіметтің басына үйіп-төккелі отырған жоқпын. Бізді дағдарыстан алып шыққан ең басты нәрсе – қарапайым еңбек адамының төзімділігі мен жанкештілігі деп санаймын. Ал Үкімет атқаратын жұмыстар – әлі де шаш-етектен. Үкіметтің жыл сайынғы, тоқсан сайынғы жоспары, уәделері, түптің түбінде жоспар, уәде күйінде қалып қою қаупі де жоқ емес. Қазақстандағы басты кіріс көзі мұнай шикізаты екені ешкімге де жасырын емес. Біз қазір жыл сайын 75-80 млн тоннадай мұнай өндіреміз. Өкінішке қарай, мұнай өндіру мен өңдеу саласында өзіміздің ішкі қажеттілігімізді өтейтін деңгейге жете алмай отырмыз. Жоғары октанды бензиннің өзін әлі күнге Ресейден аламыз. Соңғы он жылдықта Қазақстан экономикасы басқа көрші елдерге қарағанда жоғары өсім беріп келеді. Биылғы жылдың алты айында жалпы өсім 7 пайыздан асып отыр. Солай болғанмен, біздің тағдырымыз әлі де мұнай мен металдың халықаралық нарықтағы бағасына тәуелді.Сөзіміз дәйекті болу үшін тағы мынадай деректер келтірейік. Дүниежүзіндегі дамыған мемлекеттердің экономикасының бір тірегі – шағын және орта бизнес. Аяғынан тік тұрған шағын және орта бизнес әлемдік нарықтағы дүмпулерге, мысалы, мұнай мен металдың бағасына тәуелді болмайды және белгілі бір дәрежеде мемлекеттің экономикасын тұрақтандыруға себін тигізеді. Дамыған мемлекеттердегі шағын және орта бизнестің пайыздық үлесі әдетте орасан болады. Мәселен, АҚШ-тың өзінде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі пайыздық үлес салмағы 70 пайыз. Ал бізде 20 пайыздан да аспайды. Оның есесіне бізде шағын және орта бизнестің дамуына кедергі жасап отырған «спецификалық», қолдан жасалған кедергілер көп. Ол дегеніңіз – әкімшіл-төрешілдік, коррупция, түрлі заңсыздықтар және т.б. Соның кесірінен біз «қолда бар алтынның қадірін білмей отырмыз». Өз азаматтарымызды, сауатты, сапалы адам капиталын лайықты пайдаланып отырған жоқпыз. Айтпақшы, көп ұзамай дағдарыстың екінші кезеңі қайта айналып соғуы мүмкін. Оған Үкіметтің «А» және «Б» жоспарлары тойтарыс бере ала ма? Біз экономикадағы кез келген кездейсоқ сілкіністерге, қиындықтарға толық дайынбыз ба? Үкімет осы сұрақтарға да жауап беруі керек.
– «Адам капиталын лайықты пайдаланып отырған жоқпыз» деп айтып қалдыңыз. Дұрыс. Бірақ бізде адам капиталын пайдаланбақ түгіл, ауыл қазақтарын «әлеуметтік аутсайдерлер» дейтін пікір де бар ғой...
– Адам капиталының сапасы, айналып келгенде, денсаулығының түзулігімен және білімінің деңгейімен өлшенеді ғой. Сөз жоқ, ТМД мемлекеттерімен, Шығыс Еуропа елдерімен салыстырғанда біздегі денсаулық сақтау, білім беру саласында ілгерілеу байқалады. Оны атап айтуымыз қажет. Дегенмен аталған екі сала да үздіксіз жетілуді, жаңаруды талап етеді. Еңбекті қорғау, денсаулықты сақтау, білімді жетілдіру сапалы адам капиталының негізгі алғышарттары болып саналады. Сондықтан біз денсаулық сақтау мен білім беру саласына қаражатты аямауымыз қажет. Бір ғана мысал, Батыс елдерінде білім беру саласына жалпы ішкі өнімнің 6-7 пайызын жұмсайды. Бізде бұл көрсеткіш – 3,5 пайыздың көлемінде. Демек, бұл да ойланатын мәселе екені айқын. Біздің дәрігерлеріміз де, ұстаздарымыз да білімді, білікті мамандар. Бұл сала тек мемлекет тарапынан жасалатын нақты, кешенді реформаларды ғана күтіп жатыр. Екіншіден, ауыл қазақтары – «әлеуметтік аутсайдерлер» емес, олар өз елінің нағыз патриоттары, жанкешті, еңбекқор азаматтары.
Мен елге жиі шығамын. 90-жылдардың басында аса ауыр жағдайды бастан кешкен ауыл, аграрлық сектор қазір аяғынан тік тұрды деп айтса да болады. Осыған көңіл қуанады. Қазіргі уақытта елдегі мал басы Кеңес Одағы тараған тұстағы мал басының санына жуықтап қалды. Екі қолға бір күрек тапқан ағайын өз тіршілігін жасап бағуда. Мемлекет тарапынан аграрлық секторға бөлінген қомақты қаражаттың арқасында көптеген шаруашылықтың қаржылық, әлеуметтік жағдайы жақсарған. Алайда бұл әлі де аз. Ауыл халқы әрдайым көмекке зәру. Түптің түбінде, ғасырлар бойы дискриминацияға ұшырап, қағажу көрумен келген туған халқымыздың, ауыл қазақтарының мәселесін біржолата шешу керек. Үшіншіден, ауылдағы қаракөз қандастарымыз да жаһандану кезеңіндегі технологиялық, индустриялық өзгерістерге бейімделуі керек. «Қазақтың Отаны – тек ауыл» деген стереотиптен арылатын кез жетті. Біздің ұлтымыз жаңа дәуірдегі урбанизациялық процестердің көшінен қалып қоймай, ХХІ ғасырда толған, толысқан интеллектуалдық ұлт деңгейіне көтерілуі тиіс. Біздің «Ақ жол» партиясының басты мақсат-мұраттарының бірі де – осы. Осы бағытта біз талмай, күні-түні жұмыс істейтін боламыз.
– Азат Тұрлыбекұлы, сіз үнемі елдегі түрлі маңызды оқиғаларға ашық, бүкпесіз ойыңызды білдіріп жүресіз. Мұхтар Әблязовтың қылмысына қатысты, өткендегі Қорғастағы келеңсіздіктерге байланысты батыл пікір айттыңыз...
– Мен ешқашан ешкімнің алдында өз позициямды, өз көзқарасымды жасырып қалған емеспін. Және кез келген нәрсеге баға бергенде мүмкіндігінше әділ, шынайы баға беруге тырысамын. М.Әблязовқа қатысты пікірімнен айныған жоқпын. Олар өз Отанын алдап, сатып кеткен қылмыскерлер. Қылмыскер ерте ме, кеш пе тиісті жазасын алуы тиіс. Қорғастағы жағдай еліміздегі құқық қорғау, заң органдарында да олқылықтардың бар екенін көрсетіп отыр. Бұл оқиғаға қатысты да заң шеңберінде әділ де лайықты шешім шығарылуы керек.
– Парламент сайлауы қашан өтеді деп ойлайсыз? Егер мерзімінен тыс өтетін болса, саяси күреске дайынсыздар ма?
– Бұл сұраққа мен өз көзқарасымды білдіргенмін. Парламент сайлауы уақытында өтуі тиіс. Ал мерзімінен бұрын өте қалған жағдайда, басқа партияларды қайдам, біз сақадай саймыз. Бірінші сұрағыңызға айтқанымдай, «Ақ жол» – белгілі бір саяси науқанда ғана төбе көрсететін партиясымақ емес. Толыққанды, беделді саяси күш. Францияның ұлы перзенті Шарль де Голь «Әрдайым ауыр жолды таңда: ол жолда саған қарсылас кездеспейді» деген екен. Қандай жағдай болмасын біз өз көздегенімізге жетеміз!
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет.
– Рақмет. Сұхбатты пайдаланып, баршаңызға, «Алаш айнасы» газетінің оқырмандарына Рамазан айында бақыт пен береке тілегім келеді. Ниеттеріңіз қабыл болсын!
Алашқа айтар Датым Экономикадағы осындай ұстаным ішкі нарықты шетелдік бәсекеден мейлінше қорғап отыру мүмкіндігін де туғызады. Өнеркәсіп пен өндірістің үздікіз өсімі халықтың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізеді. Әл-ауқаты жақсарған елдің денсаулығы да, білімі мен өнері, мәдениеті де қарыштап дамиды. Мұндай жағдайда ұлттың ішкі рухы өздігінен-ақ көтеріледі, халықтың ішкі потенциалы кеңінен ашылады. Мұны «Ақ жол» партиясының басты саяси, экономикалық, әлеуметтік ұстанымы деп қабылдасаңыз да болады.
Оймақтай ой Жалпы, біз Бөкейхановты ғана емес, қазақ халқының азаттығы мен бостандығы жолында күрескен барлық қайраткерлерді төбемізге ту етіп көтеруге тиіспіз. Сонымен қатар мен Лондонда жүрген кезде 1845 жылы жазылған Шоқан Уәлиханов туралы мақаланы кезіктірдім. Ағылшындар Шоқанның орыс империясына қызмет ететінін біле тұра, оның білімі мен мәдениетіне тәнті болғандарын жазады. Әлихан болсын, Шоқан болсын – туған халқының болашағы үшін еңбек еткен қайраткерлер. Біз де осы арыстарымыздың есімі мен ісін ұлықтау мақсатында нақты іс-қимылдар жасайтын боламыз. Өздеріңіз ол мәселелердің куәсі боласыздар.
Әкімбай ТЕКШЕ
"Алаш айнасы"