ЕЛЬЦИН БИЛІКТЕН ӨЗІ КЕТТІ МЕ, ӘЛДЕ ОНЫ МӘЖБҮР ЕТТІ МЕ?

Егер  Рохлинді өлтірмегенде Ресей әскерилердің қолына

көшуі мүмкін еді...

1999 жылдың 31 желтоқсанында: «Мен кетемін. Мен тарихтың табиғи дамуына кедергі болмауым керек. Мен жастарға орнымды босатып беруім керек!» деп адамзат тарихында, демократия тарихында өте сирек кездесетін ерлік жасап, өз еркімен лауазымынан кеткен Борис Ельцин осы өте құзіретті қызметінде жүргенде-ақ 1998 жылы 20 шілдеде тұтқындалуы тиіс екен.

Алайда тағдырдың жазуы шығар, әскери төңкеріс жүзеге аспай қалды. Арада бір жарым жылға жуық уақыт өткенде орнына Ресей президентінің міндетін уақытша атқарушы етіп Владимир Путинді тағайындаған ол, Ресей Федерациясының тұңғыш президенті лауазымынан абыроймен кетті. Енді міне, он үш жылдан кейін «Русский репортер» басылымы төңкеріс болған жағдайда билік ауысып, ол әскерилердің қолына өтуі әбден мүмкін болғанын жариялады.

Шынында да, генерал-лей­те­нант, Ресей Мемлекеттік Думасы­ның депутаты, кезінде «Шешен­стандағы азаматтық соғыста көр­­сеткен ерліктері» үшін Ресей қаһарманы атағынан бас тартқан Лев Рохлин әскери төңкеріс дай­ындаған екен. 1997-1998 жылдары кең көлемді оппозициялық әре­кеттер жасаған ол, Кремльді ғана қорқытпай, өзге де оппози­цио­нерлердің төбе шашын тік тұр­ғызған деседі. Мемлекеттік Ду­маның Қорғаныс комитетіне же­тек­шілік еткен ол, «ә» дегеннен билік партиясымен бірлігі жа­распай, Армия, қорғаныс өнер­кәсібі және әскери ғылымды қолдау қозғалысын құрады. Ұй­ым­дастыру алқасының құрамына Ресейдің бұрынғы қорғаныс минис­трі Игорь Родионов, Бұ­рын­ғы КГБ төрағасы Владимир Крюч­ков, бұрынғы ӘДК қол­басшысы Владислав Ачалов, басқа да күштік құрылымдар арасында үлкен бе­делге ие отставкадағы бірқатар тұл­ғалар кіреді. Былайша айтқан­да, нағыз әскерилер. Олар әскери-өнеркәсіп кешені басш­ы­ларының бірі ұсынған арнайы ұшақтармен аймақтарды аралап, ірі-ірі қала­ларда губернатор­лар­мен, тіпті ең шалғайдағы гарни­зондарда сар­баз­дармен кездесулер өткізеді. -Мен Рохлинмен бірге бір­неше рет Қазан қаласында, тағы басқа жерлерде іссапарларда бо­лып, сөздерін тыңдадым. Көп­шіліктің оны қалай қабыл­дай­тынын көрдім. Ол өте қатты ай­татын. Қазір ондай сөздерді фе­дералдық депутаттың аузынан ес­ту ойға да келмейді. Сондықтан да одан тек Кремль ғана емес, КПРФ де, ЛДПР де қорықты,- дейді ке­зінде Ресейдің Әуе десанты күш­терінің қолбасшысы болған ге­нерал Владислав Ачалов. - Кейде бес-алты адамнан ғана тұратын шағын топ оның саяжайында жиналатынбыз. Әрине, алғашқы кезде бізде әскери төңкеріс жасау, билікті күшпен тартып алу жос­пары болған жоқ. Бірақ кейін өмір талабы бізді соған итермеледі. Өйткені мемлекеттегі құлдырау апатты деңгейге дейін жетті. 1998 жыл есіңізде ме? Көктемнен бастап сарыауыз бала Кириенко премьер болды, ал тамызда дефолт орын алды. Егер шілдеде Рохлинді өлтірмегенде не боларын ойлап көріңіз, армияны көтеріліске тар­ту да жоспарда болатын. Рохлин кез келген жағдайда өзі 1993 жылдан командирі болған 8-інші Волгоград корпусына сүйенетін. «Бірінші шешен соғысында» ол осы әскери құрылымға коман­дирлік еткен. Тіпті депутат болып сайланған соң да осы корпусқа ерекше көңіл бөліп, оның қайта қарулануы мен жабдықталуын тікелей бақылауда ұстап, қуатты әскери құрамаға айналдырды. -Біз билікті күшпен тартып алғымыз келді. Корпусты Волго­градтың орталық алаңына шығар­ған соң, басқа әскери бөлімдерге хабар берілуі тиіс болатын. Қала­дағы ішкі әскер бригадасы мен қарауыл батальоны бізге ештеңе де істей алмас еді. Есесіне барлық аймақтар бізге қолдау көрсетуге дайын тұрды. Ал Кремль полкына келсек, оның командирлерінің бір бөлігі Рохлинді, екінші бөлігі - президентті жақтайтын. Тіпті біз тұп-тура Кремльге келсек те бұл полк бізге кедергі болмас еді. Қарулы күштердің Бас қосалқы командалық пунктін сатып алу жоспарланды. Қажетті адамға жақсы ақша берсең болды, күзет алынып, Кремльге емін-еркін кі­ріп баруға жол ашылатын. Ал ел турасында, оның бүкіл әскери құ­рылымы жайында айтпай-ақ қой­ыңыз. Тынық мұхиты флотында екі әскери транспорт ұшағы мен екі батальон теңіз жаяу әскері үш тәулік бойы аэродромда тұрды. Қара теңіз флотында да сондай жағдай, Севастопольде екі бригада теңіз жаяу әскері сақадай сай тұрған болатын. Рязаньдағы Әуе десанты күштері жоғары учили­щесі жүз пайыз бізді қолдайтын. Және ол Мәскеуден бар-жоғы 200 шақырым жерде емес пе? Мәскеу маңындағы Тамань және Канте­миров дивизияларының басшы­лығымен де ең болмағанда бізге қарсы шықпау жөнінде келісім бар еді,- дейді сол жылдары 8-ар­миялық корпус командирінің орын­басары болған отставкадағы полковник Николай Баталов. Ол Рохлин жетекшілік еткен Армия, қорғаныс өнеркәсібі және әскери ғылымды қолдау қозғалысы ай­мақтық бөлімшесінің жетекшісі болғандықтан, билікті күшпен тартып алу жөнінде жасалған жоспарды егжей-тегжейлі білетін адам. - Бұл - ғылымда «жобалардың жүйелі инженериясы» деп атала­тын талаптардың бәріне толық жауап беретін жақсы жасалған жүйелі жоба-тын. Оның өзегі - ар­мияның күшпен жүргізетін шара­лары еді. Сөйтіп, жаппай нара­зы­лық шаралары, ақпараттық ша­­ра­лар, жергілікті жерлерде саяси және экономикалық қолдау шаралары өту керек болатын. Тіпті сырттан да қолдау күттік. Осыған орай біз астанадағы тауар ағымын да зерттедік. Бұл бағыттар бойындағы елді мекендерде қуат­ты, белсенді ереуіл комитеттерінің болуын қадағаладық. Олар армия көтерілгенге дейін Мәскеуге тауар тасымалданатын жолдарды жау­ып, әлеуметтік жағдайды шиеле­ніс­тіру жоспарланды. Мысалы, Мәскеуде темекі тапшылығы орын алса, әлеуметтік жағдай лезде шиеленіседі. Мұның бәрін біз қала мэриесінен біліп отырдық. Өйткені Юрий Лужков Рохлин жобасының тікелей қатысушысы болатын,-дейді Рохлиннің командасында әскери төңкерісті әлеуметтік-экономикалық қолдау тетіктерін жасап шығуға жауапты болған кеңесшісі Петр Хомяков. Техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі бар ол сол жыл­дары РИА «Новости» агенттігінің саяси шолушысы және Ресей ғылым академиясы Жүйелі талдау институтының профессоры қыз­меттерін атқарыпты. -Барлығы тайға таңба басқан­дай белгіленді, кім қайсы аймақ­тан келеді және Мәскеуге келген соң неге жауап береді? Көпірлер, вокзалдар, телеграф... Аппараттың жұмысын тоқтату қиын емес, он адам келіп подстанцияны өшірсе бітті, байланыс жоқ! Қалғандары да сондай. Телеарнадан «Ельцин биліктен шеттетілді, зейнеткер­лікке жіберілді. Міне, оның соңғы сөзі» десе жетіп жатыр... Сол күн­дері тек Волгоградтың өзінен бір күнде Мәскеуге 15-20 мың адам келуі мүмкін еді. Соның өзі бар­лық билік құрылымдарының жұ­мысын тоқтатып тастауға жететін. Рохлинде өндірістік бизнесті қол­даудың бағыттары нақты белгі­ленген айқын бағдарлама болды. Оны жасауға мен жұмыс істейтін РҒА Жүйелі талдау институтының ғалымдары да қатысты. Сондық­тан кәсіпкер-өндірісшілер де ге­нералды барынша қолдап, құпия көмектесіп отырды. 1998 жылғы мамыр мерекелері кезінде Армия­ға қолдау қозғалысының туы астында шаралар тізбегі өтті. Бұл бір жағынан әскери бөлімдердің командирлері мен жауынгерлік қызметтегі сардарлар біз ойға алған істі қалай қолдайтынын білуге арналған тексеру болатын. Сөйтіп, Мәскеуге бағыт алған әскери бөлімдердің маршы саяси тұрғыдан үлкен жеңіске айналып, әрбір полк жүз мыңдаған ереуіл­шілердің қолдауымен дивизияға айналар еді. Сырттан да көмек күттік. Әрине, НАТО-дан емес, Беларусь президенті Александр Лукашенкодан. Өйткені генерал Рохлин Лукашенкомен құпия кездескенін білемін. -Бірінші талпыныс 20 мау­сымға белгіленді. Сол кезде Лев Рохлин Волгоградқа келді. Мон­шаға түсіп алған соң біз барлығын талқыладық. Таңғы сағат төртте айнала у-шу болып кетті: бізді ішкі әскер бригадасы қоршап алыпты. Мен лезде Лев Яковле­вичке хабарласып: «Не істейміз? Бізді қоршап алды» дедім. Рохлин: «Бәрін орын-орнына қайтар. Мен Мәскеуге кетемін. Ештеңе шық­пайды, бәрімізді құртады» деді. Сөйтіп, көтерілісті кейінге қал­дыр­дық. «08» жигулиіне отырып, Лев Яковлевичті Мәскеуге, тұп-тура Мемдумаға жеткіздім. Ол мәжіліске үлгерді. Бірақ одан соң екі жұма да өмір сүрген жоқ. Өлгенінше бізді қорғап жүрді,-дейді Николай Баталов. Әскери төңкеріс жасауға ұм­тылған генерал Лев Рохлин 1998 жылы 3 шілде күні Мәскеу облы­сының Клоково деревня­сындағы өз саяжайында өлтіріледі. Про­кура­тураның мәлімдеуінше, отбасылық кикілжіңдердің себе­бінен ұйықтып жатқан генералды жұбайы Тамара сыйлыққа беріл­ген тапаншадан атып өлтірген. Генералдың жақтас­тарының пай­ымдауынша, бұл - армияның көтерілуінен қорыққан Кремльдің ісі. Өйткені Әуе десанты күш­терінің қолбасшысы, генерал Вла­дислав Ачалов Рохлин мен оның айналасындағы жақын адам­дардың ізінен аңду қойылып, айтқан сөз­дерінің бәрі тыңдал­ғанын айтады. «Бұл - саяси қастандық, өйткені Рохлиннің өлі­мінен соң, орман ішінен бірне­ше адамның өртеніп өлген мәйіт­тері табылды. Осылай генералды өлтірген немесе оны өл­тіру опера­циясына қатысқан адам­дардың көзі жойылған» дейді ол. Кезінде Рохлиннің кеңесшісі болған Петр Хомяков та осыны айтады: -Күзет - ақшаға сатылған. Үй төбесіне жасырынған үш қаскүнем генералды өлтіріп, саяжайды тастап шығады. Сол жерден 800 метр қашықтықтағы орман ішінде олардың өздерін де үстеріне бен­зин құйып, өртеп жіберген. Күн­нің ыстығы болса 29 градус. Сонда да шімірікпестен мәйіттер ол жер­де екі жұма жатқан деп жариялады. Бұған ақымақтар ғана сенуі мүм­кін,- дейді ол. Қалай дегенде де әлемнің алтыдан бірін алып жатқан алып империяның құлауына өзіндік үлес қосқан Ресей Федера­ция­сының тұңғыш президенті Борис Николаевич Ельцин биліктен де, өмірден де үлкен абыроймен кет­ті. Біреулер: «Ол биліктен өз ер­кімен кеткен жоқ. Ресейге де керегесі қираған Кеңестер Ода­ғының кебіні пішіліп жатқанын сезген орыстың отаншыл ұлдары мен зиялы азаматтары оны «өз еркімен кетуге» мәжбүр етті» дейді. Кім не десе о десін. Өзінің орнына сонша көптің ішінен бұрын-соңды көрінбеген Путин­дей лайықты мұрагерді танып, өз жарлығымен тағайындап кеткен Ельциннің бұл ісі бәрібір батыр­лықпен пара-пар.

Құтмағамбет Қонысбай

www.aikyn.kz