Келесі Президентті іздеу уақыты таяп қалды
2010 ж. 10 ақпан
2721
2
Қоғам әрқашан заман ағымына қарай өсіп-өркендеп отыруы керек. Керісінше жағдайда мемлекет те, оның халқы да жер бетінен жойылып отырады. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын үлкен де алып Хазария мемлекеті патшасының өз түрлі діни ағымдарға шекарасын ашып қойып, оның басы көпдінділікке, соңы сол діндер арасындағы өзді-өзі соғыстың салдарынан мемлекеттің әлсіреп, ақырында соны аңдып отырған сырт жаудың бір соққысына да төтеп бере алмай жер бетінен жойылып кеткен-ді.
Міне, қарап отырсаңыз жоғарығыдағы екі мысалдың екеуі де дәл қазір қазақтың басында.Біз мұндай жағдайға қалай тап келіп отырмыз?. 1991 жылы алып империя құрдымға кетіп, оның қоластындағы республикалар өз тәуелсіздігін алды. «Мен Қазақстанның өз тәуелсіздігіне қол жеткіздім» деп көкірек ұруға Қазақстанда ешбір пенденің құқы жоқ. Әрине, Қазақстанға жиырма жыл бойы басшылық жасап отырған Нұрсұлтан Назарбаев тұлға болып қалары айқын. Бірақ, оның осы тұлғалық қасиеті елді қанша жерге дейін алға сүйрей алды? Артында қаншалықты із қалдырды? Оны келешек ұрпақ жік-жікке бөліп саралай жатар, дұрыс болса атағын шығарар, бұрыс болса, тарих қоқысына лақтырып тастар. Біздің ата-бабаларымыз ат үстінен түспей аман сақтап қалған ұлан-ғайыр даламыздағы жердің асты-үсті байлығы неге билік басындағы азғана топ пен шетелдік алаяқтардың уысында?.
Неге Қазақстан тұрғындары сол байлықтан көк тиын алмай, көгендеулі малдай тақырда жүр? Ұйымдасқан қылмысқа қарсы көп шарадан ешқандай нәтиже тағы жоқ. Қазақстанда жұмыс істеуге шамасыбар халықтың 35-40 пайызы жұмыссыз. Ал, алда-жалда жұмыс табыла қалса, молынан пара бермесең, мойныңды созып әуре болма. Ол түгілі кез келген анықтама берер қызметкер қолыңа қарап мөлиіп отырғаны. Жаппай теңсіздік. Сенің арыз-шағымыңды тыңдар, одан бір нәтиже шығарар әкім-қарылар қырылып қалғандай. Ол арызыңды біріне бірі сілтеп, ақыры жазған арызыңа да зар болып қалатыныңды айтсаңшы?. Осы туралы өткенде Президент Үкімет отырысында әдейілеп атап өтті. «Теледидардан тікелей өткізілген сұрақ-жауап сағатында елдің 40 мыңдай азаматы жергілікті билік орындарынан өз арыз-шағымына ешқандай жауап ала алмағандықтан, маған сауал қойып отырғаны несі» деді... Мұның бәрі де біздің Конституциялық заңнамаларымыздың аяқ асты болып отырғаны.
Елбасы неге «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дейді де, өзі кез келген мемлекет ішіндегі, сырттағы жиналыстарда басқа тілде сайрайды?. Қазақ елінің келешегін ойлар болса, осыларды көріп-біле отырып неге шатқаяқтанады?. Өз ұлтын өзекке теуіп, өзге ұлысты өрге өрлетіп, үй ішінен үй тігер әлгі Халықтар ассамблеясы бізге қажет пе? Ресей сияқты федералдық ел болсақ мақұл, унитарлы ел бола отырып, оның үстіне өз ұлтымыз өз жерімізде үштен екіні құрап отырғанда бұл нағыз құлаққа енбес әңгіме. Кез келген дінге есігіміз айқара ашық. Ашықтығы былай тұрсын, барлық діни конфессияларының жылда біздің елде жиылатыны несі? Соның салдарынан елімізде емін-еркін жүрген басқа діндегі 44 секта мүшелерінің көбісі біздің қаракөздер екен. Нәйеті бір жылдық ЕҚҰО төрағалығы да бізге соншалықты қажет пе еді?. Мына нарық заманында көкпардағы көлденең аттай болып қосылған дағдарыс екі өкпені қысып отырғанда неге құмар болдық осы төрағалыққа?. Төрағалық орынға отырмай жатып Ауғанстан жастарын оқуға тартамыз деген желеумен елу миллион доллар бөлінді бюджеттен. Ал өзіміздегі небір талантты жастарымыз оқуға ақша таппай отырғаны біреуінің кәперіне кірсеші. Бұл неткен дарақылық?. Әлден бұлай бастаған төрағалық немен тынары бір құдайға ғана аян. Алдымен өзіміздің қос босағамыздағы суырылып жатқан шегелерді жөндеп бекітіп алмай бұл қай тірлігі екендігі тек сол «жалғызға» ғана белгілі болып тұрғаны да өтірік емес. Егер қазаққа аспаннан екі аяғын салақтатып әкеліп «мынау сендердің Елбасыларың, енді қашан қартайып, алжып, ажалы жетіп өлгенше басшылық жасайды» десе мүмкін кеңпейіл қазақ «е, мейлі» деп жүре де берер еді-ау. Ау, бірақ бір емес, бақандай үш сайлауды 90 пайыздан жоғары «дауыс алған» Елбасымыз өзі жоғарыдағы айтып өткеніндей біздің құқымыздың бұзылып отырғанын енді-енді біліпжатса, келесі сайлауда керек пе ол? Елдегі келеңсіздіктер туралы ел азаматтары, оппозициялық ұйымдар қаншама рет айтып келеді.
Былқ ететін Елбасыны тағы да көрмедім. Президенттік уақытының соңына қарай қай-қайдағы алдымен «қазақстандық ұлт» деп, «доктрина» деп, енді келіп «жерді жалға беру» деген бірнәрселерді ойластырып отырған президенттен не қайран?.
Бұлай кете берсек біз де Хазария мемлекетінің жолын құшып қалуымыз әбден мүмкін. Ендешемұндай Елбасының артынан қашанғы салпақтаймыз? Шыдамның да шегі бар. Жоқ, керек емес. Келесі Президент сайлауы қыр астында. Зу етіп жетіп келері де аян. Құдайға шүкір, заман талабынан хабардар жастар өсіп келеді. Солардың арасынан саралап, таразылап, өзіндік үні бар, елдің келешегін алға сүйреуіне толықтай сенім білдірерлік азаматты таңдаудан қапы қалмайық, ағайын!.
Әуелхан ШОНЖАН
ОҚО. Арыс қаласы.
87776010164