Өзбекстанда өскен қазақ: Ислам Кәрімов “көпұлтты ел” дегенді айтқызбады
2018 ж. 21 ақпан
16996
102
Өз басым Қазақ еліне іргелес жатқан Өзбекстанның қазіргі Әлішер Навои облысына қарасты, Тамдыбұлақ ауданында туып өскен жанмын.
1991 жылдың 31 тамыз Өзбекстан Республикасы өз Тәуелсіздігін жариялады. Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласы былай тұрсын, шалғайдағы біздің ауылдың өзінде, ертесінен 1 қыркүйек күні 9 сыныпқа бара жатқанбыз, әкімшіліктің адамдары В.И. Ленин, Карл Маркс, Фридрих Энгельс деген көшелерді ауыстырып жатты.
Біздің мектептің аты В.И.Ленин еді, Руов болып өзгерді.
Кешке барлық телеарналардан Ислам Каримов тікелей эфирден былай деді:
«Бұдан былай
біз ұлттық мемлекет құрамыз, сондықтан кімде-кім өзбек тілінде сөйлеп, өзбек ұлтын жақсы көретін болса, Отанымыздың дамуына өз үлесін қосқысы келсе мархабат.
Ал егерде ондай ойы жоқ болса, әзірге шекарамыз ашық, қалаған жақтарыңызға кетуге болады. Бірақ, кейінірек шекара жабылады кету қиынға соғады» деді.
Расында да, орыстілділерге үйлерін сатқызбады, олар бас ауған жаққа кететіні – кетті, қалатыны – қалды, кейбіреулері Шымкент, Тараз және Алматы секілді ауа-райы ұқсас қалаларға көшіп алды, бір-екі жылдың ішінде Өзбекстандағы 200-ден астам орыс мектептері өзбек мектептеріне айналды.
1993 жылы латын әрпіне көшірілді.
Өзбек өзін «көпұлтты елміз» деп айтпайды
Мемлекетте – өзбектендіру машинасы жедел түрде барлық салада қарқынды жұмыс істей бастады. Іс қағаздар латын әрпімен басыла бастап еді, алғашқыда бір-екі рет қарсы шыққандар болды, артынша жұмған аузын аштырпады. Қазақстанда бар ұлттар Өзбекстанда да бар.
Бірақ,
олар ешқашан «Біз көпұлтты мемлекетпіз» деп айтпайды.
Мемлекетті құрушы ұлт – өзбек екенін өзге ұлттың өкілдері саналы түрде түсінеді. Сондықтан да Өзбекстанда өмір сүрген соң оның тілін, салт-дәстүрін, тарихын түбегейлі білуге тырысады, өзбекше білмейтін адамды көшеде кездестірудің өзі – фантастика. «Орыс, ағылшын, қытай тілдерін үйреніңдер» деп үгіттеп жатқан бір адамды көрмейсің.
Бәрі, керісінше Президент Ислам Каримовтан бастап, етікшіге дейін тек өзбекше сөйлейді.
Тіпті, Африкадан келген оқушылар бір-екі жылда өзбекше сайрап кетеді. Қазақстандағыдай оларға «тілдеріңді дамыт, салт-дәстүрлеріңді ұмытпаңдар» деп жеке-жеке ғимарат салып беріп жатқан бір өзбекті көре алмайсың. «Ассамблея народов Өзбекстана» деген сандырақ сөздің өзі ерсі естіледі.
Өзбекстанда мемлекет қазынасынан тышқақ лақ сатып алатындай қаржыны жымқырған адамның тегін сұрамай-ақ атып тастайды. Шетелге қашса интерполдың көмегімен жылдар бойы іздеп жүріп елге әкеліп Өзбекстан заңымен соттайды.
Қазақстанда мемлекет бюджетін миллардтап ұрлап, үй қамауында отыру қалыпты жағдай, ақшасын төлесе сотталмаса да болады.
Толерант – космополит болудан қазақтар әлем чемпионы. Жағымпаздық пен саудагерліктен өзбектер мен ұйғырлар жолда қалды. Арақ ішу мен темекі тартудан орыстардан озып кетті. Көрінген көк аттыға байға шығу мен кім көрінгеннің қызын үйге алып келуден алдына жан салмады.
Өзбекстанда…
Ал Өзбекстанда туған халқын алдайтын қаржы саласына жататын кредит, ипотека, валюта айырбастау, ломбард дегендер мүлдем жоқ.
Адамды аздыратын (аборт) жасанды түсік жасайтын емханалар атымен жоқ. Түнгі клубтарда гейлер мен қызтекелер стриптиз көрсету, жынысын өзгерту, бір жыныстылар үйлену немесе бала асырап алу, шетелге бала сату, ата-анасын қарттар үйіне апарып тастау, кәмелет жасқа толмаған балаларды зорлау, жұмыс істетіп лақтырып кету, адам саудасы, байға шықпай жатып, мектеп қабырғасында оқып жүріп бала табу деген келеңсіздіктер өзбектердің үш ұйықтаса түсіне кірмеген.
Ата-анасын қарттар үйіне апарып тастау, өзбектер үшін өліммен тең.
Балалар үйлеріне балаларын өлсе де апармайды. Шетелге бала сату керек десең, өзбек қатындар бетіңді тырнап алады. Тек Ташкентте ғана өзге ұлт өкілдерінің балаларын мемлекет өз қамқорлығына алып, барлығына өзбек есімдерін беріп, өзбек тілін үйретіп, өскеннен соң, әскери оқуларға емтихансыз қабылдап, адам болып кетуіне жол ашылған.
Діни көзқарасы ата-бабалары ұстанған Ханафи Масхабты пір тұтады. Өзбекстан бойынша 700-ден астам мешіт болса, астанасы Ташкентте ғана крестьяндарға арналған бірақ шіркеуі бар. Қазақстанда кім көрінгенге шіркеу салып бере береді және қазақтан басқаның бәрін қорғайтын заңдар бар да ал, қазақты қорғайтын заң жоқ. Дін жолын ұстанудан қазаққа қарағанда, араб мұсылман болмай қалды.
Өзбекстанда бір жылда үш мереке ғана бар.
31 тамыз – Мустакиллик, яғни Тәуелсіздік мерекесіне телеарналарда деректі фильмдер көрсетіледі, беделді қоғам қайраткерлерінің құттықтау сөздері айтылады, еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін шаттанып қуанады, тек Ташкент қаласында от шашу болады.
21 наурыз – Самарқандтың көк тасы еріген, күн мен түннің теңесіп, Жер-дүние жаңа түскен келіншектей құлпырып, табиғат-ана қыстан құтылып, көкорай шалғын көк майса шөптің иісі аңқып, жан-жануар қайта түлеп, ірі қара мал шөпке тойып, құстар қайта оралып, туған-туыс бірін-бірі наурыз көжеге шақырып, (сүмалак) қайнатып, мәре-сәре болып төс қағыстырып, реніш-назы болса кешірім сұрасып, ағаш отырғызып дүркіретіп тойлайды.
Үшінші мереке Құрбан айт – әр жылы өзгеріп тұрғандықтан, үш күн арнайы демалыс жарияланады. Арнайы бекітілген жерлерде ғана, құрбан шалып, қонаққа шақырып, өтіп кеткен ата-бабаларына құран бағыштайды.
Ал біз ше?
2005 жылы 28 жасымда Ташкент қаласынан Астанаға қоныс аудардым. Содан бері Қазақстандағы неше түрлі адам айтса нанғысыз қылмыстар мен той-мерекелердің куәсі болып жүрмін.
Қыстың көзі қырауда, Сарыарқаның сары аязы мен қақаған қарлы боранында түбіміз түрік болғанына қарамастан, түріктектес мемлекеттерден алабөтен, мүлдем басқа сарында әуендетуге құштар 31 желтоқсанды елден ерекше 1 қарашадан бастап Астана вокзалының алдына шырша отырғызып, жалт-жұлт еткізіп күндіз-түні әшекейлеп қояды, сол Аяз ата мен Ақшақар 1 ақпанға дейін үш ай бойы тапжылмастан тұрады. Астана бойынша ондай шырша әрбір мекеменің алдында тұрғызылады.
Одан тыс көшедегі «С новым годом», «Жаңа жылыңызбен» деген жазулар жаңбырдан кейінгі бәйшешектей қаптап кетеді.
Осылай бір күнге бола даңғаза даңғыртпен есі кетіп елеріп, аузына келгенін лепіріп, өлген ата-бабасы тіріліп келгендей қуанып, от атып туланып, көк қатындай долданып жүрген әлемде қазақтан басқа бірде-бір халық жоқ шығар, сірә.
Қазақстан телеарналарын көріп отырған адам біресе орысша, біресе қазақша, біресе ағылшынша, қытайша, французша ән тыңдап соңында есеңгіреп қалады, өйткені қай елдің телеарнасы екенін түсіне алмай дал боласың… Таңның атысынан қара кешке дейін ән салады да жатады.
Енді Қазақстандағы той-мерекелерді тізіп көрейік.
1 қаңтар – Жаңа Жыл деп тойлайды.
7-13 қаңтар – тағы сол көрініс.
25 қаңтар күні «крестьяндармен бірге сұп-суық суға шомылып күнәдан арыласың « деген жалған сөзге құдайдай сеніп, жатқан қаракөздерді көріп жылағым келеді. Қандай бейшаралық десеңші.
14 ақпан қайдағы Валентин күні деп сандырақтайды, жастар жағы бір-бірін пәтерге сүйреп, зина жасауға асығады. Қыздың аяғы ауыр болып қалса, алдыртып тастауға тырысады немесе сәбилер үйіне тапсырып құтылады. Кейін сүйіп қосылған күйеуінен бала көтере алмай екі тізесін құшақтап бармақ тістеп жүрген қазақ қыздар қаншама.
Биылдан бастап Елбасы «1 наурыз – алғыс айту күні» деп жариялапты-мыс. Кімге кім алғыс айту керек екенін өздері түсінбейді.
3 наурыз – кешіру күні.
8 наурыз – халықаралық әйел қыздар күні. Президент Ақордаға белсенді қыз-келіншектерді шақырып оларды бір күлдіріп, бір жылатады.
13-14 наурыз – еліміздің батыс өңірі «Амал Көрісу күнін» атап өтеді.
21-22-23 – наурыз Ұлыстың Ұлы күні.
1 мамыр – Халықтар достығы күні.
7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні. Негізі Дариға Назарбаеваның туған күні.
9 мамыр – Жеңіс күні.
25 мамыр – Соңғы қоңырау күні.
31 мамыр – Қуғын-cүргінді еске алу күні.
1 маусым – Балалар күні.
6 шілде – Астананың һәм Елбасымыздың туған күні, 1-10 шілде аралығында Астанада әр түрлі іс-шаралар болып өтеді.
30 тамыз – Конституция күні.
1 кыркүйек – Білім күні.
22 кыркүйек – Тілдерді дамыту күні.
1 қазан – Ұстаздар күні.
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні.
Одан қала берді Құрбан айт, орыстардың Постхасы, әр жылы өтетін Астана экономикалық форумы, Еуразиялық Медия форумы, Дүние жүзінің діндерінің саммиті, Еуразия экономикалық одақ жиналысы, EXPO-2017, т.с.с…
Қып-қызыл шығын, таусылмайтын, бітпейтін той—думан…
Абайдың айтқан «мал шашпағы» болып шыға келмей ме? Біз бен сіздің салығымыздан жиналған қайран ақшалар-ай.
Доллардың тұрақсыздығы, жаппай жұмыссыздық, 25 жылда дені сау бір завод немесе бір фабрика жұмыс істемейді, тек шикізатқа тәуелді елге айналғанымызды білмей де қалдық…
Жұмамұрат ШӘМШІ,
тарих ғылымдарының кандидаты,