Шекара арқылы контрабанда өткізумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды
2018 ж. 19 ақпан
2990
0
Еліміздің бірнеше өңірінде жүргізілген арнайы операция кезінде 35 адам ұсталды. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутова мәлімдеді.
Арнайы операцияны 15-16 ақпан күндері Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросымен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен өткізген.
"Еліміздің шекаралас аумағында контрабандамен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы іс-қимылды күшейту, сондай-ақ кеден аумағы саласында тәртіпті орнату мақсатында Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында кең ауқымды арнайы операция өткізілді. Қазіргі таңда 35 күдікті, олардың ішінде Қырғызстанның үш азаматы, кеден органдары, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер, делдалдар, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері құрықталды. Соттың санкциясымен 33 тұлға қамауға алынды. Арнайы операция алдында жедел тексеру жүргізілді", — деді ресми өкіл.
Оксана Лоскутованың айтуынша, операция барысында мемлекеттік шекараның Қазақстан-Қытай аймағында орналасқан Алтынкөл, Қалжат және Қорғас кеден бекеттері, Қазақстан-Қырғызстан аймағында орналасқан Қордай мен Қарасу бекеттері мен Қазақстан-Өзбекстанның Сарыағаш, Қазығұрт, Атамекен, Қапланбек шекара аймақтары арқылы халық тұтынатын тауарлар контрабандалық жолмен тасымалданғаны анықталған.
"Атап айтқанда, Қазақстанға контрабандалық тауарлар Қытайдан тікелей, сондай-ақ Қырғызстан арқылы кедендік әкімшілендірудің көлеңкелі сызбасы, жалған құжаттар көрсетіле отырып әкелінген. Күдіктілерге кедендік рәсімдеу және жүкті алып жүруді қамтамасыз ететін кедендік органдар мен шекара қызметінің кейбір лауазымды тұлғалары көмек көрсеткен. Тауарлар Қазақстанның ірі қалалары мен Ресей Федерациясына жолданып отырған", — деп толықтырды ол.
Оның мәліметінше, мемлекеттік шекараның Қазақстан-Өзбекстан аймағында кедендік өткізу бекеттері арқылы тауарларды өткізуді жылдамдату үшін кеден қызметкерлері пара алып отырған.
"Контрабандалық іс-әркетке қатысты тұлғалар ірі көлемде ақшалай сыйақы беру жолымен арнайы және құқық қорғау органдары тарабынан "қамқорлық" алуға әрекеттенген", — деп түйіндеді Лоскутова.