Назарбаевтың туысқанынан 7 млн доллар бопсалаған адам сотталды
2018 ж. 14 ақпан
4842
5
Шымкентте кәсіпкерден 7 млн доллар бопсалаған танысы сотталды. Облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушы Бөйкейхан Қайыпназаровты 7 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.
Сот барысында 56 жастағы айыпталушының қылмысы толығымен дәлелденіп, ол Қылмыстық кодекстің 194 бабы «Қорқытып алу» бойынша кінәлі деп танылып, абақтыға жабылды.
«Жаза қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі аса жоғары мекемесінде өтеу белгіленсін. Жазаның өтеу мерзімі 2017 жылдың 15 тамызынан бастап есептелсін. Оған қатысты таңдалынып алынған бұлтартпау шарасы бұрынғысынша күзетпен ұстауда қалдырылсын»,- деді сотта істі қараған судья Самидин Темірәлиев.
Естеріңізге сала кетейік, Бөкейхан Қайыпназаров Шымкенттік олигарх Серікжан Сейтжановтан 7 миллион АҚШ долларын талап еткен. Ол өткен жылдың сәуірі мен шілде айы аралығында кәсіпкердің ұялы телефонына бірнеше рет хабарлама жіберіп, қорқытқан. Яғни ірі көлемдегі қаржыны бермесе, кәсіпкер мен оның туыстарына қатысты мәліметтерді ғаламторға жариялайтынын жазған. Ал, 15 тамызда ақшаны алып жатқан кезінде қолға түседі. Сот барысында белгілі кәсіпкер айыпталушы танысына ешқандай қарыз емес екенін, қарызын кезінде өтеп қойғанын айтқан еді. Тіпті 7 баласы бар күдіктіні кешіретінін де жеткізген болатын.
Айта кетейік, Серікжан Сейітжанов «Forbes» дерегі бойынша еліміздегі елу ықпалды бизмендер тізімінде 18-ші орында тұрған кәсіпкер. Жақында оның немересі Мемлекет басшысының немере інісі Қайрат Сатыбалдының қызымен үйленіп, Сейітжанов Назарбаевтар әулетімен құда болды.