Жаңа министр жұрт жадындағы жағымсыз бейнесін өзгерте ала ма?
2018 ж. 13 ақпан
4894
8
Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген жиынындағы басты жаңалық - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жаңарғанын білесіз. Тамара Дүйсенованың орнына одан гөрі әлдеқайда жастау, қырықтың қырқасына жаңа шыққан Мәдина Әбілқасымова тағайындалды. Соңғысының өзінен гөрі тегі елге етене таныс. Мәдина ханым – бұрынғы мәжіліс депутаты, кезінде президенттік сайлауға түскен, жеңілсе де, жасымаған, оза шапқан президентті құттықтап, ел есінде қалған Ерасыл Әбілқасымов дейтін қазақтың қызы. Әрине, белгілі отбасынан шыққан қыздың белді қызметке баруы таңданатын дүние емес. Бірақ Мәдина Ерасылқызы жаңа жұмысында жастық жігер таныта ала ма? Әріптесі құсап, «шаршап» қалып жүрмей ме? Ең бастысы, жұрт жадындағы жағымсыз бейнесін өзгерте ала ма?
Алдымен келген адамнан емес, кеткен кісіден бастайық. Тамара Дүйсенова бұрынғы қызметінен жай кеткен жоқ, президенттен сөз естіп кетті. «Не болды, Тамара, әлде сен мына жұмыстан шаршадың ба?» деген зілді сауал сөз ұғатын адамға шапалақпен бір тартқанмен тең. Иә, шаршадым, енді сіздерді шаршатпай тұрғанда, орнымды босатайын десе, халық «е, Дүйсенованың ұяты да, намысы да бар екен» дер еді. Бірақ ондай шенді біздің билікте жоқ қой. Көйлекті Тамара тұрмақ, шалбар киіп жүрген шенеуніктердің өзі мұндай қадамға бара алмайды. Қашан орнынан алып тастағанша, тас кенедей жабысып отыра береді.
Президент министрді не үшін сынады? Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұртты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ісіне жұмылдыра алмағаны үшін сынады. Бірақ халық көкейіндегі министрдің міні мұнымен бітпесек керек. Арыға бармай-ақ қояйық, 2017 жылы Қарағанды кеншілері ереуіл жасады. Жартымсыз жалақыға налыған кеншілер жер астынан шықпай қойды. Міне, осы ереуіл кезінде халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғауы тиіс министрлік басшысы кеншілердің жағдайын білуге де жараған жоқ. Т.Дүйсенованың «шаршаңқы» тартқанына тағы бір мысал – қоғамды дүрліктірген «Қытай қазақтарына қарсы қысым» туралы бір ауыз сөз айтпауы. Соның анық-қанығын білуге ұмтылмауы немесе осы мәселені үкіметте талқылауға бастамашы болмағаны. Бірақ Қарағандыдағы кеншінің зар-мұңын тыңдауға жарамаған министрді «шетелдегі қазақтың шерін естімедің» деп жазғырудың өзі күпірлік секілді көрінетіні тағы бар.
Енді Мәдина Ерасылқызына оралайық. Жаңа министрдің өмір жолы – тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу. Отызға толмаған уыздай кезінде ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлім меңгерушісінің орынбасары болған. ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісіне де орынбасар болып көрген. 2011-2013 жылдары аралығында ҚР экономикалық даму және сауда вице-министрі лауазымын атқарған. Кейінірек Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы басқарушы директорына да орынбасар болды. ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі...
Былай қарасаңыз, ылғи орынбасар мен вице болған жас шенеуніктің бас болатын уақыты әлдеқашан жеткендей көрінеді. Алайда ол Дүйсенова тындыра алмаған қай шаруаға бел шеше кіріседі? Тамарадан қалған жұмысты тастай қылып атқаруға Мәдинаның шама-шарқы жете ме? Әбден мүмкін! Өйткені президент ескерткен міндетті медициналық сақтандырудың машақаты М.Әбілқасымоваға әбден таныс. Басқасы басқа, дәл осы мәселе жас шендінің оң жамбасына келетін тәрізденеді. Неге десеңіз, міндетті медициналық сақтандырудың иісі елдің мұрнына бармай тұрғанда, Әбілқасымовтар отбасы оның егжей-тегжейін жетік білетін. Себебі «Қазақстан Республикасындағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі» деген кітапты басқа емес, Ерасыл Әбілқасымов жазған. Сонау 1996 жылы осы тақырыпта кондидаттық диссертация қорғаған. Демек әке сызып берген жүйенің ықпыл-жықпылын жетік білетін қыз оны өмірге енгізуде қиналмауы керек. Әрине, міндетті медициналық сақтандыруды халықтың қалтасын қағудың бір жолы ретінде қарастыратындар да аз емес. Бірақ енді ол басқа әңгіменің жүгі. Бұл жерде М.Әбілқасымова не тындыруы мүмкін деген сауал қойылғанда, тіліміздің ұшына ең бірінші болып осы мәселе оралды.
Енді негізгі шаруаға көшейік. 2014 жылы Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі болып жүргенінде осы Мәдина Әбілқасымова қазақтың намысына тиетін сөз айтып, елді дүрліктіргені есімізде. Өзі көп оқығаннан кейін шығар, сырттан келетін қандастардың білім деңгейіне күдік келтіріп, «Оралмандардың 70 пайызында жоғары білім жоқ» деп қойып қалған еді. Бұл атамекеніне оралған қазақты қақ бастан қамшымен тартып жібергендей өте сұсты сөз. Оралманды олқысынған билікке шеттен келген қазақтың «қара танитынын» дәлелдеу үшін тәуелсіз баспасөз бетінде науқан басталғаны да сол тұс. «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Рахым Айыпұлының сондағы мәліметі Мәдинаның өтірігін шығарғанын да ұмытқамыз жоқ: «2011 жылғы санақ бойынша, сырттан келген қандастарымыздың арасында 74 ғылым докторы бар. 213 ғылым кандидаты, 1600 шығармашылық қызметкері, 12,5 мың білім беру саласының қызметкерлері, 7 мың медицина саласы мамандары бар. Сондай-ақ, 40777 жоғары білім иелері, 2509 аяқтамаған жоғары білім иелері бар. Әрі оралмандардың 93600-і арнаулы орта білім иесі. Шеттен оралғанқандастарымыздың арасынан 620 адам ҚР қарулы күштері қатарында. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәліметінше, Қазақ ұлтының 33-34 пайызы алыс-жақын шетелдерде тұрады. Бұл - бес миллиондай қазақ. Тәуелсіздік алғалы бері елге бір миллионға да жетпейтін қазақтар қайтып оралды десе, олардың арасында зейнеткерлердің үлесі бар-жоғы 4 пайыз ғана. Ал, олардың 50 пайызға жуығы 18 жасқа толмаған жасөспірім балалар. Ендеше, елге оралатын қандастарымыздың отанға қосатын үлесі аз емес қой» деген еді күйінген Р.Айыпұлы.
Енді міне, Мәдина Әбілқасымова оралмандар мәселесімен тікелей жұмыс істейтін министрлікке басшы боп келіп жатыр. Түсінген адамға сырттағы қандастардың, елге келген оралмандардың мәселесі міндетті медициналық сақтандырудың машақатынан мың есе маңызды. Мұны Мәдина Әбілқасымова ұға ма, ұқпай ма, әңгіме сонда ғой. Әйтпесе біз «жұрт жадындағы жағымсыз бейнесі» дегенде жас министрдің келбетінен мін іздеп отыр дейсіз бе?!
Сансызбай Нұрбаба