БІЗГЕ ҚАЙСЫСЫ ҚЫМБАТ?..

БІРТҰТАС  "АҚ ЖОЛ" ПАРТИЯСЫ ҮЛКЕН ҮДЕДЕН ШЫҒА АЛДЫ МА?

...2003 жылдың ақпан айында Болат Әбілов, Әлихан Бәйменов, Ораз Жандосов бастаған «ақжолдықтар» Шымкент қаласына келіп, партияның Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесін құруға арналған жиналыс өткізді. Ол бір «Ақ жолға» зиялы қауым өкілі жаппай кіріп жатқан ерекше заман еді ғой. Бұрынғы С.Сейфуллин атындағы кинотеатр, кәзіргі «Халықтар достығы»  үйінде ине шаншар бос орын болған жоқ. Белгіленген мерзімде жиналыс аяқталып үлгермей, енді бірнеше жүз адам Машинажасаушылар сарайына қарай қотарылды. Сол жерде  баспасөз мәслихаты өткізілді. Мен жұрттың соңын ала мінберге жақын келіп, микрофонды қолыма алып, Әлекеңе арнап мынадай сұрақ қойдым.   - Әлеке! «Билікте жұмыс істеген, тәжірибелері бар, шеттерінен білімді, бизнестері де жақсы» деген оймен қарапайым халық болсын, зиялы қауым болсын, сіздер құрған партияға ағылып келіп кіріп жатыр. Ләйім, мен қателескен-ақ болайын, бірақ, сіздер «бірнәрсе шықса осы жігіттерден шығады» деп соңдарыңызға үлкен үмітпен, берік сеніммен ерген елді ертең тастап кетесіздер ғой. Сол кезде оларға не деп жауап беретін боласыздар? – дедім. Зал толы адам тып-тыныш бола қалды. Мен, мүмкін, журналист ретінде сұрақты бұлайша маңдайдан салып қалғандай тікесінен емес, сылап-сипап, жұмсартып-жұқартып қоюға тиіс пе едім... Мен ең алдымен «сіз неге олай деп ойлайсыз?» деген, сұранып тұрған қарсы сұрақты күтіп едім. Қарсы сұрақ қойылмады, жарайды. «Сіз шынында да қателесесіз, қателесетін себебіңіз мынау» деген уәж сөздің орнына «сіздің неге бұлай ойлайтыныңызды мен білмеймін, әркім қай нәрсеге болсын өзінің өмірлік тәжірибесінің биігінен қарайды ғой...» деген жауап айтылды... Ол сұрақты неге қойдым мен? Біріншіден, «Ақ жолды» ҚДТ-ның құрамындағы конформистік ағымдағы жігіттер құрды. Ымырасыздармен олардың жолы екі айрылды. Ал, әлемдік тәжірибеде дәуірі жүріп тұрған билікке қарсы шығушылардың, әсіресе, сіз сол биліктің өзінің ішінен шығып отырған болсаңыз, конформистік қозғалыста табысқа жеткен кезі некен-саяқ. Билік те оларды «іштен шыққан жау» деп ойлайды және тиісінше соған қарай әрекет жасайды. Бәріміз бір елдің азаматымыз, бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы дегенмен де биліктің табиғаты барлық жерде бірдей – ол өзіне қарсы шыққанды ешуақытта ел үшін игілікті, ізгі іс істеп отыр екен ғой демейді, ең алдымен билікке таласушы деп қарайды. Ал, биліктің, әсіресе, жоғарғы биліктің дәмін бір рет те болса татқан адамдар үшін одан тәтті, одан сүйкімді, одан маңызды, одан қымбат та аяулы ешнәрсе жоқ. Билік үшін атаның баланы, баланың атаны, ағаның ініні, інінің ағаны өлімге қиятыны да сол себепті. (Қазақ тарихында бұл оқиға тек Алтын Орданың «бұлғақ кезеңінде» ғана кездесті). Сондықтан билікте жүріп жоғарғы билікке қарсы шыққан жандардың алдында бұл жағдайда жалғыз ғана жол қалады – ол ымырасыздық жолы. Алыс, алыс та болса жақын жол, қиын, қиын да болса бірден-бір дұрыс жол. Билік пен оған қарсы шығушылардың екі арасындағы мемлекетті басқару ісіне деген көзқарастың ұстанымдық, қағидалық тұрғыдан алшақтауы орын алған уақытта басқа жолмен билікке келеміз деу – берісі өзін, арысы елді алдау, жаңылыстыру ғана. Немесе әдемі сөздермен бүркемеленген саяси есеп. Екіншіден, «Ақ жолды» құрған азаматтар 90-жылдардың басынан-ақ идеялық ашық оппозицияға кеткен ерлердің қатарынан көрінбеген болатын. Яғни, шыңдалмаған, шынықпаған, ыстыққа күйіп, суыққа тоңбағандар. Үшіншіден, ірілі-ұсақты билік биігінен көрінген адам, жоғарыда аталғандай, сол биікті аңсайтын да тұратын болады. Осы арада билік адамға не үшін керек – өзінің пенделік мансапқұмарлығын қанағаттандыру үшін бе, жоқ әлде халыққа қызмет ету үшін бе деген сұрақ туады. Сөз жүзінде әркім-ақ ел үшін еңіреп жүрміз деуі мүмкін, бірақ, ондай сөзге сай болу басыңды саналы түрде бәйгеге тігу деген сөз. Осы тұрғыдан келгенде сол кездегі «Ақ жол» жетекшілерінің мұндай аса биік үдеден шыға алу-алмасы күмән тудырған болатын.  

«АҚ ЖОЛДЫҢ» «Нағыз Ақ жолға» қарағанда

БИІКТЕН КӨРІНГЕНІН МОЙЫНДАУҒА ТИІСПІЗ.

Кейінгі өмір күмәннің орынды болғанына көз жеткізді. Ең алдымен көп қошқардың басы бір қазанға сыймады. Сыю үшін ұлтқа қызмет етуге сөз жүзінде емес, іс жүзінде азаматтарымыз дайын болуы керек еді. Бірін-бірі атарға оғы жоқ болса да, ел мүддесі үшін өзінің көкірегін өзі басып, өзгелермен бірге тізе қоса жұмыс істеуге шыдау, көну, төзу керек болды. Оның тамаша үлгісін Ленин деген кісі көрсетіп кеткен болатын. Троцкий, Каменев, Зиновьев деген серіктестері сатқындыққа пара-пар тірлік істесе де революцияның жемісті болуы үшін олардың ісіне кешіріммен қарай білген Ленин тіпті трибун Троцкийдің мықты жақтарын барынша тиімді пайдалану үшін оны Республикалық реввоенсоветтің төрағасына дейін көтерген еді. Біздің серкелеріміздің бойынан осы асыл қасиет табылмады. «Ақ жолдан» бөлінгендер «Нағыз Ақ жол» партиясын құрып, қарсыластарын баспасөз бетінде жерден алып, жерге салып жамандау басталды. Біз бұл жерде екі жақтың ешқайсысын да ақтап немесе даттағымыз келіп отырған жоқ. Екі тараптың қайсысы болсын өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсеткісі келгенімен, өмірде ондай болмайтындығы, кінәнің екі жақтан да болатыны ес тоқтатқан әрбір адамға түсінікті. Ең бастысы бұл да емес, ең бастысы – партиялардың елге қалай жұмыс істегендігі еді. Осы жерде біз «Ақ жолдың» «Нағыз Ақ жолдық» әріптестеріне қарағанда биіктен көріне білгенін мойындауға тиіспіз. Себебі, ол өзінің о бастағы орталықтық (центристский) конструктивтік оппозициялық ұстанымынан айнымады, көп мәселеде биліктің алдын орап отырды. Оның осы көптеген дәйекті ұсыныс-жобаларын билік кейінірек өз идеясы ретінде көрсеткен қызық жайт орын алды. Тек билік тарапы ғана емес, мысалы, 2009 жылы күзде «Ақ жол» партиясы жасаған «Ұлттық саясат туралы тұжырымдаманы» біздер, ұлт патриоттары да атышулы «Қазақстандық ұлт» доктринасына қарсы өз жобамызды ұсынғанда пайдаланғанымызды атап өткен әділетті болмақ. «Нағыз Ақ жол» болса 2005 жылғы президент сайлауында оппозицияның ортақ кандидаты аталған Жармахан Тұяқбайдың кандидатурасын қолдады. Бұл үміткердің және оны қолдаған партиялардың қазақ ұлтының шын мәнінде қамын ойламайтыны олар жасаған Конституцияның жобасынан-ақ көрініп тұрған болатын. Қазақ мәселесіне келгенде аталмыш жоба олардың өздері түгін қалдырмай сынап жүрген кәзіргі қолданыстағы, 1995 жылы референдумда қабылданған «назарбаевтық» Конституцияның қолына су құюға да жарамайтын. (Біз оның дәл солай екенін «Түбегейлі өзгерту дегеніміз не?» атты мақаламызда «Жас қазақ үнінің» бетінде кезінде толық ашып көрсеткен болатынбыз). Бағдарламалық басты құжатында осындай бағытты ұстанған, ең бірінші кезекте қазақ ұлтына қызмет істемейтін мұндай партиялардың кімге керегі бар? Бір сөзбен айтқанда, жағдайы бар бола тұра даурығудан бөлек нақты ешнәрсе бітіре қоймайтын ЖСДП мен «Нағыз Ақ жолға» - кейін олар бірігіп «Азат» ЖСДП болып қайта құрылды - қарағанда, қаржыдан қаншама қиындық көрсе де «Ақ жол» өзінің жолынан таймай келді. «Таймай келді» деп отырғанымыз өткен жылдың желтоқсанында «референдумшылар» пайда болып, артынша оны биліктің көптеген қолбала партиялары қолдап шыға келгені белгілі. Кейінірек осы топтың ішіне «Ақ жолдың» да – бір апта бұрын ғана «Республика» апталығында партия төрағасының аузымен «біздің бұл коалицияға кіруіміздің ықтималдығы мүлдем аз» деп ескерте тұрып - кіріп кеткені өз бет-бейнесі бар партияға іші жылитын бізді «Жас қазақ үнінің» бетінде «конструктивтік жалғыз партиядан да айрылдық» деп жазуға мәжбүр етті. Одан бөлек партияның атынан кешегі президенттік сайлауға түспеуі де Әлекеңнің қателігі болды деп есептейміз. «Билік дауысты «санағанда» жерге ұрады» деп қорықпай – билік солай еткен күннің өзінде де халық кімнің орны қай жерде екенін біліп отырады - қайта сайлау алдының аз мүмкіншілігінің өзін пар­тияның пайдасына барынша тиімді етіп пайдаланып қалуға тырысу керек еді.  

ӘЛИХАНДЫ ҚҰТТЫҚТАУДЫҢ ОРНЫНА   ЖАБАЙЫ АРАДАЙ ЖАБЫЛДЫҚ...

  Осы орайда сырт жұрттың көбісі өзіміз бірнеше жылдан бері, оның ішінде екі жылға жуық уақыт бас редактор ретінде қызмет еткен осы басылымды «Ақ жолдың» газеті» деп неге атайтынын түсінбейтінімізді айта кеткіміз келеді. «Жас қазақ үні» газетінің нағыз тәуелсіз газет екені туралы журналист Алмас Бердібековтің «ЦентрАзия.ру» порталындағы «Тяжела и неказиста» атты (14 ақпан, 2011жыл) қазақстандық бүкіл БАҚ-қа жасаған байыпты да нақты сараптамасында жақсы айтылған. « По сравнению с другими изданиями газету «Жас қазақ үні» можно назвать поистине независимой. Владелец и главный редактор газеты – поэт Казыбек Иса. Является членом политсовета партии «Ак жол». Несмотря на это, он не подпадает под полное влияние никакой партии или клана»-деп атап өтеді Бұл материалды біз «Жас қазақ үні» газетінде 90-жылдық тарихы бар іргелі қазақ басылымының кемшілігін сынаған жерлерін қысқартып тастап, жарияладық... Газет партия тарапынан ешқандай қаржылық қолдау көрген емес. Оны айтасыз, жоғарыдағыдай партияның кейбір қадамдарын сынаған кезіміз де болды. Екі рет осы басылым бетінде «Әлихан Бәйменов партия қайраткері боламын деп жаңылысып жүр, мемлекеттік қызметтен кеткен оның орны ендігі жерде ағартушылықта» деп жазған болатынбыз. Себебі, партияның көздейтіні билік екені аксиома болса, билікке жетудің негізінен екі жолы ғана бар. Біріншісі, Махатма Ганди, Нельсон Манделалар секілді жанқиярлықпен, асқан қайтпас-қайсарлықпен, тым болмағанда Париж қаласының мэрі кезінің өзінде-ақ «бульдозер» атанған Жак Ширак секілді өзіңнің мақсатыңды әуел бастан ашық жариялап, сол жолда ашық та адал күрес жүргізу. Екінші жол – мақсатыңа қулықпен, сұмдықпен жету, ол жолда ешқандай әдіс-айладан жиіркенбеу. Бұл жолдың өкілдері өте көп болғандықтан олардың атын атап жатудың қажеті жоқ... Білімдар болғанымен жаны жұмсақ Әлихан Бәйменов біздіңше осы екі санатқа да жатпайды. Ендеше, «политика – искусство возможного» деген ой тұрғысынан қарасақ, көп жылғы партиялық қызмет Әлекеңе өзінің орны мемлекеттік қызмет екеніне көзін жеткізген болса керек. Наполеон Бонопарт «адамзат баласына келетін бәленің бәрі – әр адамның өз орнын тауып отыра алмауынан» деген данышпандық ой айтқан. Олай болса, неге бәріміз «өткенге – салауат, алдағыға – аманат» деп қайта айналып орынын тапқан Әлихан Бәйменовті құттықтаудың орнына жабайы арадай жабылдық? Басқаны барынша жерге ұрып сөйлегеннен өзіңнің абыройың көтеріледі деп ойлау, біздіңше, бірішіден  ақылдылыққа, екіншіден нағыз қазақ баласына, қазақ азаматына тән көргенділікке жатпаса керек (орысша оқып, орысша тәрбие алғандар жайлы әңгіме жоқ, өйткені оларда әдетте екі ұлттың да тек жаман жақтарын ғана бойына жинайтын парадокс бар, олардың ішінен кейін елу пайыздайы – тектілері ғана! – қайтадан қазақы үйірге оралады, ширегі мәңгүрт, шөре-шөре күйде қалады, бұлардың өмірі, тағдыры аянышты, ширегі мәңгүрттен мутантқа, қазақтың ең қатерлі, өліспей беріспейтін жауына айналады). «...Байменова, мягко говоря, не уважаю» дейді әлгі баурымыз. Біздің де биліктің іші-сыртында мүлдем сыйламайтын тұлғаларымыз жеткілікті, бірақ олардың ел үшін емес, елге қарсы істеп жүрген әрекеті үшін де құрметттеуге мәжбүрміз. Себебі, біз қарсыласымызға қарап бой түзейміз. Бәйменов «никчемный вождь» болса, онда несіне соншама сөзді шығын етіп отырсыздар? Несіне «Азат» ЖСДП өзінің жолында көлденең жатып алған үлкен кедергі-бөренеден құтылды деп қуанып отырсыздар? Марқұм Батырхан Дәрімбет 2005 жылы «осы сайлауда жеңіске жетпесек ешқашан да жеңіске жете алмаймыз!» деп еді. Сол бір күшінің шарықтау кезеңінде ештеңе бітіре алмаған ЖСДП бүгін тау қопара қояды деу Қожанасырдың өзіне «әй, сенің жиырма бесіңде де қарық қылғаның шамалы еді ғой...» деген сөзін еске түсіреді.  

БІЗ НЕГЕ ӘРУАҚТАР ҮШІН ӨЗІМІЗ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙМЫЗ?

  Бұдан аттай алты жыл бұрынғы Алтынбектің «Алтын Ордада» басылған хатын «ескі жара білтелеу етіп» қайта жаңғыртып, «Жас Алашта» қайта жариялау да қандай күйіп бара жатқан қажеттіліктен туды екен? Марқұмның өзі тірі болғанда осы қадамға барар-бармасы белгісіз еді ғой. Біз неге әруақтар үшін өзіміз шешім қабылдаймыз? Және, марқұмның аты аталды екен, оны қате мен күнәдан пәк періште етіп, әулие етіп қана көрсетудің де жөні жоқ екенін айта кеткіміз келеді. Адам – пенде, пенде болған соң «арылайын десем де пенделіктен, арылатын болмадым, ол неліктен?» деп Мұқағали айтқандай пендешілікке салынбай тұра алмай­ды. Басқаны былай қойғанда елдің көсемі боламын деп жүрген адам мен президенттікке бірден-бір үміткер менмін деп жүрген жан үшін биліктің айтқанына сеніп қалған үш-төрт жас баладан қорқып, қонақ үйдің екінші қабатынан секіре қашу қалыпты түсінікке сыймайтын нәрсе. «Мен ел билеймін» деме, ал, ел билегің келеді екен, көптің ішінде бұзығы да, түзігі де, жындысы да, сауы да кездеседі ғой, соның бә­ріне шыда. Екі азамат қашқан жерден Болат Әбілов, қандай себеппен болса да, бәлкім қолға түсіп қалған болу керек, қашпай тұрып қалды ғой. Қаш­пады екен деп қуанып, оны тірідей үйітіп жеген ешкім болған жоқ. Қайта аз уа­қытқа болса да Болаттың абыройы көтеріліп қалды. Алтекең марқұмның бұл масқарашылығын  қарақшылар қолынан қапыда мерт болуы жуып кетті, ал Жармахан Тұяқбай болса үйреніп қалған саясатынан әлі кетер емес. «Привычка – вторая натура» деген орыс сөзі дұрыс болғаны да. «Мен сізді иттің етінен жек кө­ремін, бірақ, сіз өз ойыңызды осы мінберден жеткізе алуыңыз үшін басымды кесіп беруге дайынмын» деген Вольтердің сөзін басшылыққа алатын уақыт жеткен жоқ па? Аз қазақ бірін-бірі жүндеген сайын біздің сырттағы жауларымыз да, тамағымызды жеп, табағымызды теуіп отырған, сабан арасына от тастап, үй іргесіне су жіберуден алдарына жан салмайтын іштегі өз «достарымыз» да, олардың екеуінен де қауіпті, өйткені жанын сатып дәл солардың қолшақпары болып жүрген мәңгүрттеріміз бен мутанттарымыз да санын шапаттап қуанбай ма? Онсыз да олардың бірі «... Бәйменов те президенттікке түсуден бас тартқаны үшін вице-премьерлік орынтаққа отырғызылған, бірақ, үш ай өтпей жатып жоғары жақ лақтырып жіберген саясаткердің кебін киеді» деп сәуегейшілік жасауда. Дәл солай болған күнде де ұтылатын Бәйменов бола қоймас, ұтылатын алдымен ұлт, ал, айналып келгенде биліктің өзі болар. Өйткені, өңкей сұр тұлғалардан құралған, жарқын жандардан құтылған жоғарғы билік түптің түбінде классиктер жазып кеткен «мне жалко вас, с кем вы остаетесь?!..» деген кепті құшары сөзсіз. Герольд Бельгер атты нағыз қазақ «біз қай нәрсені қолға алсақ та бірінші кезекте қазақтың мүддесінен қарауымыз қажет, осы қазаққа керек пе, керек емес пе, қазаққа пайдалы ма, пайдалы емес пе» дейді. Және ағамыз Американы ашып отырған жоқ, ол әлемдік ұстанымды қайталап қана отыр. Оны айтуға батпайтын мына біз, болмай қалған, өзі ғана құрымай, өзімен бірге ұлтты да иірімге тартып әкетіп бара жатқан ұрпақ қана. Қазақтың мүддесі ақтық таразыға түсетін сын сағаты, бес мың жылдық тарихымыздағы ең шешуші сәт күн санап жақындап келеді. Одан гөрі де ащы щындықты ашып айтар болсақ, біз кәзір түпсіз құрдымға қарай құстай ұшып келеміз.  Бельгерше ойлансақ, мәселені Бельгерше қоя алсақ қана ұлт болып қала аламыз. Оның да жалғыз ғана жолы қалды – барлық қазақтың бірігуі. Бірігу үшін буына нан пісетін қазақы көкірегімізді басуымыз қажет. Ұлтымыз қымбат па, өз көкірегіміз қымбат па?..

Өмірзақ АҚЖІГІТ