АҒЫЛШЫНДАРДЫҢ АЙТУЫНША ЕҢ ЫҚПАЛДЫ КАНДИДАТ ҚҰЛЫБАЕВ қазақшасы нашарлықтан ықпалы артып келе жатқан ұлтшылдарға жақпауы мүмкін...

[caption id="attachment_8094" align="alignnone" width="527" caption="Қазақстан республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов (сол жақта) және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басшысы Тимур Құлыбаев (оң жақта). Астана, 12 сәуір 2011 жыл."][/caption] Ұлыбританиялық Economist журналының барлау тобы Қазақстанды қымбаттаған мұнай бағасының есебінен тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізген бұрынғы совет елдерінің ішіндегі алты автократиялық режимнің бірі деп санайды. Таяу жылдары Назарбаевтың авторитарлық билік жүйесі сол қалпында қалады, бұған экономикалық жағдайдың біршама тұрақтылығы мен оппозицияның әлсіздігі ықпал етеді. Қазақстан экспорт жолдардын әртараптандыруды мақсат тұтқандықтан, Қытаймен энергетика бойынша әріптестік арта түседі, Кедендік одақ аясында Ресеймен де араластық деңгейі артады. 2011-2015 жылдар аралығында елдің жалпы ішкі өнімі өседі. Дегенмен, Назарбаевтың жасы ұлғайған сайын тұрақсыздық қаупі арта береді. Назарбаевтың жасы ұлғайған сайын тұрақсыздық қаупі арта береді. Ұлыбританиялық Economist журналының жанындағы «Экономистің» барлау тобы» (The Economist Intelligence Unit -EIU) Қазақстанның саяси-экономикалық ахуалына баға беретін жаңа есебінде осындай болжамдар жасаған. «Экономистің» барлау тобы» (ЭБТ) - алпыс жылдан бері әлемнің әр еліндегі бизнес ахуалы, экономикалық жағдай, саяси өзгерістер туралы талдау әзірлеп, болжам жасаумен айналысатын сарапшылар тобы. АРАБ ЕЛДЕРІМЕН ҮШ ҰҚСАСТЫҚ ЖӘНЕ БІР АЙЫРМАШЫЛЫҚ ЭБТ Қазақстанды бұрынғы СССР аумағындағы автократиялық басқару жолын таңдаған алты елдің біріне жатқызады және тәуелсіздік алғалы елде бері бірде-бір сайлаудың әділ өтпегенін ескертеді. Тунис пен Египеттегі автократиялық режимдер құлатылып, ұзақ жыл ел басқарып отырған басшылар биліктен кеткен соң «Дәл осындай жағдай бұрынғы Совет одағы аумағында, соның ішінде Қазақстанда да қайталануы мүмкін бе?» деген сауал туындады. Қазақстанда да,  араб елдерінде де мұнайға негізделген экономика басқа даму институттарын тықсырып тастаған. «Бүлік шығып жатқан Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдері мен Қазақстан арасында ұқсастықтар бар. Екі жақта авторитарлық басқару жүйесі тамыр жайған, билік тізгіні ұзақ уақыттан бері бір адамның уысында тұр. Және көбірек ұқсастық – Қазақстанда да,  араб елдерінде де мұнайға негізделген экономика басқа даму институттарын тықсырып тастаған», - деп жазады сарапшылар. Дегенмен, айырмашылық та жоқ емес. «Ең бастысы – Қазақстанның экономикасы біршама қарқынды даму жағдайында. Соңғы жылдары үкімет өмір сүру стандарттарын арттыруда елеулі жетістікке жетті, экономикалық өсім тежелгенде әлеуметтік шығындардың көлемін арттырды. Бұған қоса, жұмыссыздық деңгейі 2010 жылы да, 2011 жылы да біртіндеп төмендеп келеді (мамыр айында жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайыз болды). «Экономикадағы біршама тұрақтылық Нұрсұлтан Назарбаев билігінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді» деген ЭБТ-ның былтыр күзде жасалған болжамы осы жолғы есебінде тағы да қайталанған. «БАРЛЫҒЫ НАЗАРБАЕВТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ» Сарапшылар Қазақстандағы жалпы саяси риториканы, әлемдік тәжірибені саралай келе қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлі де билікте қала беруден үмітті екенін айтады. Біраз мемлекеттік бағдарламалардың 2020 жылға дейін жоспарлануының өзі оның президенттік тақта қала беруге деген ниетін айғақтайды. «2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауға қайта түсу-түспеуі ең алдымен оның денсаулығына, ішкі ахуалға және оның лайықты мұрагер таңдай алуына тікелей байланысты болады. «Экономистің» барлау тобы денсаулығы жақсы болған жағдайда Назарбаев 2016 жылы сайлауға қайта түседі деп болжайды. Егер экономикалық өсім баяуласа, өкіметке қысым күшейе түседі. Билікті ойлағандай жолмен тапсыру қиын болады, себебі режимнің өз ішінде тартыс басталуы мүмкін немесе наразылық шаралары бұрқ ете түсуі ықтимал» дейді ағылшын сарапшылары. «Экономистің» барлау тобы денсаулығы жақсы болған жағдайда Назарбаев 2016 жылы сайлауға қайта түседі деп болжайды. Олардың айтуынша, Назарбаевтың жасы ұлғайған сайын элиталық топтар арасында (әсіресе реформаны қолдаушылар ішінде) қобалжу арта береді. Назарбаев іс жүзінде ел басқара алмайтындай болып шау тартқан жағдайда, тұрақсыздық қаупі тіпті ұлғаяды. Ол билікте отырып көз жұма қалса, элиталық топтар арасында билік үшін тартыс басталып, Қазақстанды шайқалтуы мүмкін. Екінші бір сценарий бойынша, биліктегі топтар жағдайды тез тұрақтандыру үшін белгілі бір кандидатты қолдап шығуы да ықтимал. «АҚ ЖОЛ» ҚҰЛЫБАЕВТЫ НАСИХАТТАУҒА КӨШУІ МҮМКІН... Өзі билікте қала алмаған жағдайда қазіргі президент үшін ең ыңғайлы сценарий – билікті өзі қалаған адамға оңай жолмен тапсыру. Назарбаевтың көңілі түскен адамды элита да, халық да қолдап шығады. «Жеке басының мүддесін қорғау үшін биліктегі президент кандидатты өз отбасының ішінен таңдауы мүмкін. Қазіргі уақытта ең ықтимал кандидат – Тимур Құлыбаев. Ол «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқарады және экономиканың барлық саласында, әсіресе энергетика секторында үлкен ықпалға ие. Азат Перуашев басшылыққа келген «Ақ жол» партиясы Құлыбаевтың саяси келбетін жасап, оның амбицияларын насихаттауға күш салатын органға айналуы мүмкін. Азат Перуашев басшылыққа келген «Ақ жол» партиясы Құлыбаевтың саяси келбетін жасап, оның амбицияларын насихаттауға күш салатын органға айналуы мүмкін. Келесі басшының президент отбасынан болғанын қаламайтын кейбір элита мүшелері бұл кандидатураны қолдамауы  мүмкін. Бұған қоса, қазақ тілін нашар білгендіктен Құлыбаев ұлтшылдарға сөзін өткізе алмауы мүмкін, соңғы кезде ұлтшылдардың ықпалы артып келе жатқаны аян», - деп қорытады ЭБТ мамандары. Келесі басшы «ескі гвардия» ішінен таңдалуы да мүмкін. Ең ықтимал кандидаттар – Нұртай Әбіқаев пен Ахметжан Есімов. «Алайда, билік ішіндегі либералдық бағыттағы реформашыл топтар бұл кандидаттарды қолдамауы ықтимал. Назарбаевтың мұрагері ретінде «ескі гвардия» өкілінің тағайындалуы «сарай төңкерісі» қаупін арттыра түседі», - дейді болжаушылар. Және бір болжам бойынша мұрагер отбасы мүшесі болмаса да, президентпен жақсы қарым-қатынастағы жас буыннан таңдалуы мүмкін. Бұлардың арасында ықтимал кандидаттар – Қайрат Келімбетов пен Иманғали Тасмағамбетов. Олардың артықшылығы да, кемшілігі де – кландардың ешқайсысымен жақын еместігі. Бейтарап тұлғалар ретінде биліктегі топтар қайсыбірінің кандидатурасымен келісуі мүмкін, дегенмен нақты ықпал мен ресурстық қолдаудың жоқтығы оларға кедергі келтіруі ықтимал. Бұған қоса, президент Иманғали Тасмағамбетовтың саяси амбициясынан қауіптенеді, ал оның бір артықшылығы – интеллигенциямен байланысы жақсы және өзі мұнайға бай батыс өңірінің тумасы. [caption id="attachment_8100" align="alignleft" width="270" caption="Иманғали Тасмағамбетов, Астана әкімі. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл"][/caption] «Елбасы туралы» заңға сәйкес қазіргі президент биліктен кеткен күннің өзінде елдің басты саяси-экономикалық бағыттарын айқындайтын тетіктерді сақтап қалады. Осылайша ол іс жүзінде тасадағы саяси ойыншы ретінде жаңа президентке ықпал етіп отыра алады. Economist сарапшыларының айтуынша, қазіргі президенттің мұндай рөл ойнауы халық арасындағы және экономикалық ойыншылар мен шетелдік инвесторлар тарапынан болатын билікті тапсыруға қатысты ықтимал наразылықты өршітпеуге ықпал етеді. «Дегенмен, жаңа президент пен Назарбаев арасында билік бөлісуге қатысты келіспеушілік бола қалған жағдайда бұл тұрақсыздыққа соқтыруы мүмкін», - дейді ЭБТ сарапшылары.   ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ЖОҒАРЫ БОЛМАҚ ЭБТ-ның болжауы бойынша алдағы төрт жылда Қазақстанда экономикалық жағдай жақсара бермек. Бюджет дефициті биыл Жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызы болса, 2013-ке қарай бұл көрсеткіш 1,5 пайызға дейін түсуі ықтимал. 2015 жылы тіпті бюджет профициті болуы мүмкін деп болжанып отыр. Мұның өзі - мұнай бағасын орта есеппен барреліне 65 доллардан деп сараптағандағы көрсеткіш. Дегенмен, баға бұдан анағұрлым жоғары деңгейде болады деуге негіз бар. Қазақстан үкіметінің экспортталатын мұнай салығын өсіру және жеке табыс салығын шкала бойынша есептеу туралы шешімдері оптимистік болжам жасауға негіз болып отыр дейді сарапшылар. Қазақстан үкіметінің экспортталатын мұнай салығын өсіру және жеке табыс салығын шкала бойынша есептеу туралы шешімдері оптимистік болжам жасауға негіз болып отыр. Ұлттық банк биыл наурызда инфляцияның артуына байланысты қайта қаржыландыру ставкасын 7 пайыздан 7,5 пайызға өсірген. Сарапшылар алдағы төрт жыл ішінде қаржылық салада шектен тыс ауытқу болмайтынын, инфляцияның аздығын, үкіметтің монетарлық саясатының ішкі экономиканы дамытуға арналатынын айтып отыр. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның жалпы ішкі өнім өндірісі 6,6 пайыз өсім берген, бұл былтырғы 7 пайызбен салыстырғанда төмендеу болғанымен, жалпы тенденция жақсы дейді мамандар. Әсіресе шикізат өндірісінде өсім байқалады. Ал ауыл шаруашылық саласында өнім өндіру биыл бәсеңдеген. Сарапшылар жыл соңында дейін ЖІӨ 6,7 пайызға артады деп болжап отыр. Мұнай бағасы барреліне шамамен 108,5 АҚШ доллары көлемінде болып, жоғары күйінде қалады. Қазақстан экпортының және бір қомақты бөлігі – металл бағасы да алдағы жылдары арзандай қоймайды. 2011 жылы теңге біраз күшеюі мүмкін дейді мамандар. Бірақ бұл ел ішіндегі мұнайдан өзге салада жұмыс істейтін компанияларды шығынға батыратындай деңгейге жетпейді. ЭБТ сарапшыларының және бір болжамы бойынша, мұнай бағасы жоғары күйінде қалса және Қазақстанның басты сауда әріптестерінің ұлттық валюталарының (мәселен, Ресей рублінің) құны өссе, онда биыл Қазақстан ұлттық банкі де теңгенің бағамын арттыруға мәжбүр болады. Бірақ, мұнайдан басқа салаларға инвестиция көбірек салынған сайын 2012 жылға қарай бұл қауіптің бұлты сейіледі дейді сарапшылар.  

Мұқтар БЕКЕЙ,

Азаттық радиосы

сурет: azattyq.org