Руың түгіл ұрығыңа дейін төмендейтін жазғыштар шықты...
Өткенде бір сөзімізде: "Ертең билік те, радикалдар да жаны қинала бастаса, Әлиханның руын айтып шыға келеді" деген едік. Жындының сандырағы келеді дегендей, бекер айтқан екенбіз, соның айнымай келгенін қарашы... "Әділеттіқазақстандықтар" биліктен де асып түсіп, демократиялық "Ақ жол" партиясының көсеміне қара күйе жағуын қайта бастады...
Өкінішке орай, бізде беттің арын белге түйіп, бес теңгеге бола руың түгілі ұрығыңды анықтап беретін деңгейге дейін төмендейтін жазғыштар бар...
Қожайын тастай салған сүйекті тастай қылып мүжіп, құлағына ілінген құрғақ лапшаларды шайнаңдап жатқан шайпау жазғышбайларды көргенде "қағаз бәріне де шыдайды" деген сөз рас екен-ау дейсің. Төзімпаздығымен әйгілі Әлихан да шыдайтын шығар, бірақ қанша жерден өзімпаз болса да кезінде бүкіл елдің заңын қадағалаған Жармахан бұндай заңсыздыққа қалай шыдайды екен. Бізді алаңдайтыны – Жақаң тәйтік жазғышбайға тәйт деуге жарамағаны ма деген ой. Немесе жанында жүрген жазғышбайлардың жарылқаушысына: "Бұнымыз әлсіздің әрекеті ғой, белден төмен түскен белсенділіктеріңе жол болсын", – деп ескерту жасады ма екен. Әлде оның да басынан сипап, арқасынан қағып, "жарайсыңдар!" деп қойды ма?
Әшейінде "ә, дегенге – мә деуге" дайын тұратын басымыз бір жолға үндемей-ақ қояйық деп едік. Бірақ жазғышбай жазып қана қоймай, ол мақаласымен қолдан қоғамдық пікір ұйымдастырғысы келген жалалы жандалбасасын көріп, амалсыз қолға қалам алдық. "Сіз бұған не дейсіз?" дегенде, иманды Әлиханның әдеттегідей: "Ит үреді, керуен көшеді",сөз шығындап қайтесіңдер?" – дегеніне де қарамадық.
Жазғышбайларға айтайын дегеніміз, кетпеннің басын бассаң, сабы маңдайыңа сарт ете қалады. Содан соң екі көзің буалдыр тартып, шайқалақтап жүресің де, не жазып, не қойғаныңды тағы да білмей қаласың. Жармахан мырза былтыр сайлаудың сайқымазақтығын дәлелдеп, ерекше саяси қадам жасағанда (өзі үшін болса да, елі үшін болса да) жалаулатып жазғандардың алдында "Жас қазақ үні" газеті болды. Жармаханның қадамын жарнамалауда өздеріне қарайтын басылымдардан да басым түскеніміз рас. Ал бұлар Мәскеуге барып, мәселе көтеріп, Жармаханды жарға итерушілердің кесірінен ешкімнің жанашырлығын қажет етпейтін орысқа қамқоршы болу образымен қазақтың үстінен ат айдағанда да, алдымен сойып салған біз – "Жас қазақ үні" газеті. Сонда "шындықты жазғышпыз" деп, кеудесін төкпелегенде, шалқасынан түсе жаздап, шалқаяқтап кететін басылымдар әділін айтуға жарамады. Ұлт мүддесіне келгенде Н.Назарбаевтан бастап, сынап келе жатқанымызды көзіқарақты, қазақ газеттерін оқитын оқырман алғашқы нөмірімізден-ақ жақсы білетінін ескерте кетеміз. Бұның бәрін айтып жатқан себебіміз, бәріміз демократиялық лагерьден болған соң, "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысы серкесі туралы сын айтқымыз келмейді. Ал, "Әділетті қазақстандықтар" әділетсіздік танытып жатса, қарап қала алмайтынымызды да жақсы біледі. Бұл бәлкім ұрғашы аюдың қызметін жасап, ұятқа қалдырып отырған ұр да жық жазғыштардың, олардың сыңаржақ сынаушысының сықпыты шығар. Бірақ кез келген есі бар ер бұның кері әсерін неге ойламайды?
Мысалы, бұдан кейін біз "Әлиханның мешітке барғаны, әрине, таңсық емес, Жармаханның малшыларға барғаны секілді", – деп жазсақ қалай болады? немесе "Үгіт жұмыстарын Желтоқсан құрбандарына тағзым етуден бастаған Жармахан... баяғы өзі асыра сілтеп соттаған боздақтарынан кешірім сұрауға барды ма", – деп жазсақ ше? Бірақ біз бұған дейін бұлай деп жазған жоқпыз ғой... Республиканың аға басылымдарының бірінде иесін тапқан жүйесіз, бірақ күйесіз емес мақала болмағанда осыны біз айтар ма едік... Бір қызығы, Әлиханның мешітке барғанын күстәналау арқылы руын көрсетіп қалуды мақсат еткен жазғышбайдың осыдан бір жылға жетпес уақыт бұрын Әлекеңді әлемдегі ең әйдік саясаткер етіп, "Сталинге сөз таппай, қиналған Жамбыл жер осы" болғанын бүкіл ел біледі. Енді қалай айнып қалды. Бұндай журналистерден газеттің де рәпәтін аңғаруға болады.
Тағы бір таңқалатыным, тәуелсіз мемлекетімізді аяғынан қаз тұрғызған тұңғыш Президентімізге "балама жоқ" деген марапаттаулар айтылып жататыны бар, ал "асатпай жатып – құлдық" дегендей, Алтекеңдердің Президенттіктен үміткерге де, яғни, Жармаханға да балама жоқ деп жар салуына жол болсын. Өздері "Нұрсұлтанға балама жоқ" дегендерді сынап отырып, істеп отырғандары мынау. Бұны қалай түсінуге болады? Бұл әлде елдің наразылығын туғызу үшін әдейі жасалып жатқан "арнайы тапсырманың" жемісі емес пе? "Тас болса – сендерге, ас болса – бізге" деген таспейілділік маңдайды тасқа соқтыратыны анау-мынау емес, «Мәскеуде оқу тауысқан», Ресейдің «өз адамдарына» (Эхо Москвы" радиосына айтқан Алтынбектің өз сөзі) белгілі емес пе?
Жалпы, біздің бір түсінбейтініміз, Әлиханға келсін-келмесін "биліктің адамы" деген жалалы күйені жаға беру – оның қарсыластарының, биліктің де, радикалдардың да негізгі мақсаты. Ұлттық мүддеге қарсы келген оппозицияның билікпен қосылып кетіп, тіпті, одан асып түсетіні секілді "Ақ жолдың" төрағасына қара күйе жағуға келгенде де, билік пен радикалдар радиусы бір жерден түйіседі. Мысалы, "Әлихан "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысынан бөлініп, "Ақ жолды" құрып алды» деп кінәлайды. Бұны ең көп айтатын кімдер дейсіздер ғой. Сол бөлінуде Әлиханның алдына түсіп кеткен Болат Әбілов, Ораз Жандосов және бұлардың бөлінуіне идеологиялық министр ретінде жол сілтеуші Алтынбек Сәрсенбаев. Сонда "Нағыз "Ақ жолдың" көсемдерінің уағызын нағыз тыңдаушылар мүлги бермей: "Оу, сонда сендер қайда болдыңдар? "деп неге айқай салмайды (Өткенде әлгі газетте бір жазғыш "айқай салғым келеді" депті ғой... Егер "тірі" екені рас болса...)?
Алтекең өзінің қанжығасындағы басылымдарға иек қақса, бітті, қара пияр қаптап шыға келеді. Бұл жолда ол кісі билік дәлізіндегі шенеуніктермен де сыбайлас екенін байқалады. Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Марат Тәжиннің қарауындағы Ертісбаев ертеңіне-ақ ертегісін айтып, сайрап шыға келеді. Яғни Алтекеңмен келісім бойынша оның айтқандарын мақұлдап, "иә, Бәйменов билікпен ниеттес" дегендей, соғып кеп жібереді... Ал, кетті содан кейін, қарапайым халықтың көбісі: "Е, солай ма еді, бұл қалай" дегендей дүдамал күйге түседі... Ал бұл кезде кезекті нөмірлерінің сәтті шыққанына масайраған Сәрсенбаев пен Ертісбаев Астанада шенеуніктермен бірге тост көтеріп жатады... Немесе "Әлиханға әл берушілер – Әбіқаев, Құлыбаев" деген жалалар газеттерінде жарияланып жатқанда, миығынан күлген Алтекең Астанада әлгі шонжарлармен гольф ойнап жүреді...
"Баламасы жоқ Президент Нұрсұлтанға қарсылас тек қана баламасы жоқ үміткер Жармахан ғана" деп жалықпай әндеткен "Әділеттілердің" әуенін өздері алдарына салып алып жеке мақсаттарына көзір етіп пайдаланып жүрген Ғалымжан Жақиянов бұзды. Ол "Думаем .ру" сайтына берген сұхбатында: "Сайлауда Әлихан Жармаханның дауысын азайтады ма?" деген сұраққа: "Әлихан Жармаханға қарсы емес, билікке, режимге қарсы күресуде" деп нақты жауап береді. "Әділеттілердің" өкінішіне орай, осылай деді, олар секілді жалған сөйлемейтін Жақиянов. ..........
"Екінші турға кім шығады?" деп жауап береді. Әшейінде Жақияновтың ауызынан шыққанды жерге түсірмей қағып алып, көшіріп жариялайтын "оппозициялық" басылымдар бұны жазған жоқ. Егер ол: "Иә, Бәйменов Тұяқбайдың дауысын бөледі" деп жалған айтқанда бар ғой, әлгі басылымдар жарысып тұрып, бірінші беттеріне бірнеше рет айқайлатып берер еді. Егер осы айтқаным өтірік болса, ту бетіңе түкірік дей қойсын... Бірақ, өкінішке орай, кесіліп кеткен кескекті ердің сойының кесіп айтқан шындығын құлық құйып алған құлақтар қабылдай қойса деңіз...
Айтқан соң бәрін айтайық: Бәйменовтің қарсыластары "Әлихан Ғалымжанға барған жоқ" дейді. Әсіресе, онымен бірге барған Б.Әбілов те, А.Сәрсенбаев та осылай айтудан жалықпайды. Немесе қағыс естігенін қағып алатындар солай сілтеп тұрса: "Жоқ, олай емес. Ол бізбен бірге барды ғой", – деп айтпайды ғой сабаздар... Аузын буып алып... отыра береді ондайда... Ал Әлиханды билікпен ымыралас деп жүрген Алтекеңнің "ақжолдықтардың" аузын аңқайтып, аң-таң қылып... бір күнде қалай министр болып кеткенін "нағыздар" "өті жарылып кетсе де" неге сұрамайды? Сол кезде ғой Төлеген Жүкеевтің Алтынбек пен Болат, Ораз үшеуіне: "Сендер бұл түрлеріңмен бір күні бізді "Отанға" қосып жібересіңдер", – дегені. Бұл сол кездегі төралқа отырысының хаттамасынан, стенораммадан алынған сөз. Кейбір газеттер сүйкей беретіндей сүйкеме сөз емес. Өтірік десе – Төлеген Жүкеевтің өзі айтсын... Төралқа мүшелерінің бәрінің көзі тірі.
Ал Алтекеңнің министр болып тұрып... "Ертең Мәжіліс сайлауы әділ өтпесе, орнымнан кетемін", – дегені онсыз да әділ өтпейтіні белгілі болып тұрған сайлауға дейін (өзі он жыл идеологиялық министр кезінде бұндай "әділ" сайлаулардың талайына басшылық жасаған), биліктің кезекті тапсырыс-жобаларын талдап, тиянақтап алып болған соң, (мысалы, "Ақ жол" партиясын бөлу секілді т.б.) "оппозициялық" орнына қайта жайғасу жоспары екені белгілі.
Жалпы, "бізбен бірге болмағанның бәрі бізге жау" деген қағидаға қатып қалғандардың көні жібитін түрі жоқ. Олардың айтқаны шындық болып қабылдануы тиіс екен де, сенің айтқаның сенімсіз болуы керек екен. Мысалы, сен Әлиханды қолдағаның үшін кінәлісің. Ал ол Жармаханды қолдағаны үшін кінәлі емес... және соған қарамай сені кінәлайды. Бұл қандай көтензорлық формула?.. Бұл жерде демократияның иісі бар ма әлде күшенгенінен шығатын басқа иіс шыға ма?
Әңгіменің ашығы осы, мырзалар. "Қорыққан бұрын жұдырықтайды" немесе "қорыққанға қос көрінеді" дегендей, ойын ережесін бұзып, жандалбасалаған жалалы мақалаларға айтарымыз, иә, осы.
Жаламен жарақтанған жанкешті жазғыштар болса, жарылғыш заттарымыз жететінін ескертеміз.
Айтпақшы, Әлихан айт мерекесіне тағы да мешітке барды. Енді қайтесіңдер?
Отыз күн оразаларыңыз қабыл болып, Айт мерекелеріңіз құтты болсын!
Қазыбек ИСА
"Жас қазақ үні"
№44 (210), 04.11.-10.11.2005 жыл