Жағымпазданып өлең жазған ақын еш уақытта халықтың есінде қалған емес
2011 ж. 29 шілде
1755
0
- Әлихан Бәйменовтың «Ақ жол» партиясын тастап, Мемлекеттік істер жөніндегі агенттіктің төрағасы болып тағайындалуы жұртшылық тарапынан әр түрлі пікірлерге өзек болды. Мәселен біреулер Әлекеңді айыптап жатса, енді бірі тәжірибесі мол оның агенттіке келгені дұрыс дейді. «Ақжол» партиясының мүшесі ретінде айтылып жатқан пікірлердің қайсысына басымдық бересіз?
- Қазіргі кезде көптеген БАҚ Әлиханды қаралап жазып жатыр. Өз басым оның «Ақжол» партиясынан билікке кеткеніне қуандым. Осы партияның қатарында өзім сияқты өзге де зиялы қауым өкілдері болды. Ондағы мақсатымыз - халыққа пайдамыз тиеді ме, партия арқылы халықтың мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткіземіз бе, деген ниет болатын. Алғашқы сайлауда «Ақ жол» партиясы бастапқы орынға ие болғаны белгілі. Бірақ бірпартиялы жүйе қалыптасуы кесірінен «Ақ жолды» және өзге де партияларды ығыстырып жіберіп, бір-ақ партия жасады. Бір партияның жеміс бермегендігін бүгінгі таңда көріп отырмыз. Кезінде Кеңес үкіметі бір партиялы болуы салдарынан бір-ақ күнде жалп ете қалған. Коммунисттік партияның миллиондаған мүшесі: «Бұл партия неге құлады?» деп бірде біреуі әрекет еткен жоқ. Осы оқиға бір партиялық жүйенің ұзақ өмір сүре алмайтынын дәлелдеді.
Парламентте қос партия болуы керек дегенде жұртшылық «Ақ жолға» үміт арта бастады. Өйткені «Ақ жол» билікке бірыңғай күйе жағатын немесе мақтайтын партиялардың қатарынан емес. Әлихан Бәйменов иелік еткен «Ақ жол» партиясы «Темірқазық» клубын ашып, онда жүздеген, мыңдаған адам өздерінің пікірлерін білдіріп отырды. Бұның алдындағы сайлауда «Ақ жол» жеңіске жетер ме еді, кім білсін, дәл сайлаудың алдында қаржылық қиындыққа байланысты «Әділет» партиясы қосылды. Соған қарамастан Әлиханның айналасына қоғам және өнер қайраткерлері топтасты. Бірақ билік тарапынан біздерге қаржылай қолдау болған жоқ. Барлық мүмкіндік «Нұр Отан» партиясына берілді де біз өгей партияға айналдық. «Ақ жол» алдағы сайлауға қатысып қаншалықты дәрежеде болса да өзінің орнын алар еді. «Ақ жол» аты барда заты жоқ өзге партиялардың қатарынан емес. Себебі, партияның облыстар мен аудандарда тамаша жасақталған бөлімшелерін жақсы азаматтар басқарып отыр еді. Міне, ойда жоқта Әлихан билік жаққа бет бұрып кетті. Ілгеріде қоғамдық ой тудырып жүрген Әлиханды қолдаудың орнына баспасөз кінәлап шыға келді. Менің ойымша, Әлихан дел-сал күйде қолдау көрмей жүре бергенде, ол көп нәрсе тындыра алмайтын еді. Өйткені біздің ой пікірімізді айтатын жеке телеарнамыз да жоқ. Ал өз басым Әлиханның мемлекет басшысына қатысты негізсіз сынын немесе жөнсіз күйе жаққан кезін көрген емеспін.
Оның алдында екі жол болды: бірі партиясы үшін аяғына дейін күресу, екіншісі, сол партияның сақталуы үшін билік жаққа шығу. Менің Әлиханды түсінетін себебім, ол өте білімді Һәм жігерлі, көп нәрсеге ғылыми негізде қарайтын қайраткер. Осындай қайраткерді құр қарекетсіз партияның басшысы етіп қоймай, мемлекет пайдалануы керек. Қазір «Нұр Отаннан» басқа ешбір партия рөл ойнамайды. Оған билік жақтан еш мүмкіндік жоқ, өйткені жүйе дұрыс емес. Әлихан ұлтқа қызмет етейін деп билік ұсынған қызметті аз немесе көп демей баруын өз басым құптаймын. Ол партия жетекшісі болып жүре берсе, оның ісі көрінбейді. Әлиханның билікке баруын түсінетін адамдар құптайды, ал құптамайтындардың арасында партиядан үлкен үміт күтіп, болашақта парламенттен орын алғысы келетіндер де бар еді. Олар Азат Перуашев басқарған партияда өзінің мақсатына жете ала ма?.. Бірақ олар Әлиханның жеке басына кінә таға алмайды. Араларында «билікке қарсы аяғына дейін күреспеді» деп ренжитіндері болуы мүмкін. Әйтсе де мұның бәрін Әлихан ақылмен жасады. Себебі, жалғыз өзі күрескенмен ештеңе өнбейді. Жалпы алғанда бұл Әлиханның ғана басындағы жағдай емес...
- Бір сұхбатыңызда «Астанаға келген зиялылардың барлығы - биліктің ықпалымен және соның сөзін сөйлеуге келгендер. Көбісі биліктің қолшоқпары болып кетті» депсіз. Сонда Астанада Алаштың сөзін сөйлетін қайраткер жоқ па?
- Барлығы биліктің сойылын соғып кетті деп айту қиын. Кезінде парламентке депутат болып келгендерге осы жүйеге қызмет етуге тура келді. Астанаға жеке-дара еңбек етейін немесе қоғамға қызмет етейін деп келгендер жоқтың қасы. Облыс тарқап кеткеннен кейін біздің Торғайдан Астанаға күнін көре алмай жүрген ағайындар келді. Ұлттың сөзін айтамын деп елордаға келуге зиялылардың мүмкіндігі болмады. Мәселен, Ақмолада туып өскен Тұрсынбек Кәкішев қазіргі кезде туған жеріне келе алмай отыр. Өйткені оны қолдап, сөзіне ілтипат етіп отырған ешкім жоқ. Негізінен зиялылардың бәрі билікке жарамсақтанып кеткен жоқ. Ақмолаға алғашқы шақыртумен келушілердің бірі Ақселеу Сейдімбек болатын. Ол Астананың ұлттық намысын оятатын небір мақалалар жазды. Одан кейін Төлен Әбдікті ерекше атар едім. Ол биліктің қанатының астында жүріп-ақ, ұлттың сөзін сөйлеп, биліктің намысын оятып жүр. Ал қазіргі кезде билікті мақтап, бір адамға табынып кеткен ақын-жазушыларды халық жек көріп кетті. Тіпті олардың айтқан һәм жазғандарына сенбейтін хәлге жетті. Себебі, қазір жағымпаз болып жүргендер келесі биліктің де жағымпазы болады. Бүгінгі таңда ұлттың сөзін сөйлеп, билікке батыл пікір айтып жүргендер күні ертең өз биігінде қалады. Жағымпаздың аты - жағымпаз. Кеңес үкіметі кезінде билікті мақтаған олар қазір де сол әуендерінен танған жоқ.
- Ал енді өзіңіздің шығармашылығыңызға қарай ойыссақ. Естуімізше ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының бозбала махаббаты жайлы «Ахмет - Іңкәр» атты дастан жазып жатыр екенсіз...
- Ұлттың ойын қозғап, қалғып бара жатқан намысымызды оятатын өлеңдер жазып жатырмын. Ақаңды жазуға кіріскендегі себебім, мен ол туған ауылда өстім, қан жағынан да, жан жағынан да жақындығым бар. Ақаңнан қашып құтыла алмаймын. Кезінде Ақаңның аты аталмай тұрғанда әңгімелері мен өлеңдерін естіп рухтанғанбыз. Ол туралы Торғайдағы қариялар жасырын болса да айтып отыратын. Ахмет бозбала кезінде Іңкәр деген қызға ғашық болады. Ахметтің атажұрты Ақкөлмен Іңкәрдің ауылы Аққұмның арасы 15-20 шақырым. Ақынның «Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты» деп жырлауы тегін емес. Бүгінде бұл туралы әр түрлі пікірлер айтылып жүр. Бірақ барлық географиялық жағдай және тарихи зерттеулер осыны айғақтайды. Ақаң арғын болса, Іңкәр қыпшақтың қызы екен. Өздері көп кездеспеген.
- Жұртшылықтың Сізді «Арнау өлеңнің алыбы» дейтінінен хабардар боларсыз. Тіпті «менен асырып арнау жаза алатын, менен артық мақтауды келістіре алатын ақын ілуде біреу ғана» деген екенсіз. Соған қармастан биліктегі азаматтарға мақтап-марапаттап өлең жазбадыңыз. Ал кейбір інілеріңіздің арнаудың арқасында жан бағып жүргеніне қалай қарайсыз?
- Билікке бас ұрып, жағымпазданып өлең жазған ақын еш уақытта халықтың есінде қалған емес. Жамбылдың Сталин мен Ленинді, партияны мақтаған өлеңдерінің бірде біреуі іске алғысыз болып қалды. Өзім жақсы көретін Маралтай деген ақын інім, не басына күн туғанын білмеймін билікті мақтап кетті. Тіпті оның өлеңдері мықты болса да халық оқығысы келмей қалды. Оның мұндай қадамға баруына не әсер етті? Үй алды, тұрмысы да жаман емес. Ал кеше Бауыржан Қарағыз деген ақынға үй берілді деп естіп жатырмын. Оған жеке өз басым қуанамын. Бірақ ол билікті мақтағаны үшін емес, өзге өлеңі үшін алса қанекей! Бүгінгі таңда билік өзін мақтап өлең жазғандардың ғана жағдайын жасайды.
Ал менің жазып жүрген арнау өлеңдерім түсінген адамға мүлде басқа. Билік басындағы адамды мақтап жүрген жоқпын. Кезінде билік адамы туралы дастан жаз деген ұсыныс болған. Мен бас тарттым. Өз басым көбіне орнынан түсіп, қиындық көрген адам туралы жазғанды жақсы көремін. Мысалы, Ғалымжан Жақиянов түрмеге түскенде оған арнап өлең жаздым. Тіпті Ғалымжан арнайы шақырғанда барған жоқпын. Жуырда Досқалиев туралы жаздым. Ол «Жас қазақ үні» газетіне (www.qazaquni.kz) шықты. Өлеңімде: «Жұрт не істесе сен де соны істедің. Өзгелер ішіп жесе, сен де сөйттің. Сенің қызметіңнің жүйесі солай болды. Сол жүйеде жалғыз сенің құрбан болғаның қалай?», - деп жаздым. Негізі биліктің шын тұлғаларға деген қиянатын әшкереледім. Сонымен қатар, Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлына және Балташ Тұрсынбаевқа арнап өлең жазғаным белгілі.
- Кезінде өзіңіз директор болған Сәкен Сейфулин атындағы мұражайды Несіпбек Айтұлы басқарып отыр. Биліктегілерге арнау жазбағаныңыздан болар қазір өзге қатарластарыңыз сияқты бір жерде директор болып отырмағаныңыз...
- Шыны керек, қызмет істеуден қашамын. Өйткені қазір адал қызмет жоқ. Қызметкер болсаң, міндетті түрде жемқорлыққа бой алдыруың керек. Ал жемқорлыққа бой алдыра алмасаң, жексұрынсың. Алақандай мұражай құрылысқа берілгеннен кейін дау-дамайы күшейіп кетті. Турасын айтқанда талан-таражға түсті. Осымен күресіп едім, қолымнан ештеңе келмеді. Қазір барлық жерде осындай былық болып жатыр.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Серік Жолдасбай