ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ МҰРАГЕРЛІККЕ ҚҰЛҚЫ ЖОҚ...

Қазақстан Президентінің саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың айтқандары ертегі емес екенін біле бастаған қоғам оның 25 шілдедегі «Коммерсанть» газетіне берген сұхбатын дуылдатып ала жөнелді. Өйткені онда Ертісбаев қазіргі қоғамдағы ең басты ел күткен тақырып – мұрагерлікті қозғап қана қоймай, нағыз ықтимал мұрагер ретінде президенттің ортаншы күйеу баласы, «Самұрық» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаевты атап жіберді. «Егер кенеттен Президент қызметінен кете қалса, оның стратегиялық бағытын жалғастыра алатын бірден-бір адам Тимур Құлыбаев» деп жіберді Ерекең. Кеңесші сонымен бірге Елбасының денсаулығы қалыпты екенін, Германиядағы емделу жоспарлы ем қабылдау екенін айтып өтті. Бұл «мұрагерлікке»  ең алдымен Тимур Құлыбаевтың өзі лезде қарсы шықты. Сауысқаннан сақ күйеу бала  Ертісбаевтың сөзін « бос сөз» деп бір-ақ кесті. Сонымен қатар өзінің ешқандай да саясаткер емес екенін, экономикамен ғана айналысатынын атап өтті. Ол кейінгі кезде кеңесші мырзаны көрмегенін, енді осы мәселеге байланысты онымен сөйлесетінін, президенттікке ұмтылу ешқандай да ойында жоқтығын мәлімдеді. Президенттің денсаулығы туралы БАҚ шулап жатқанда мұрагерлікті қозғау өте ыңғайсыз жағдай екенін қадап айтты. Ал Азаттық радиосына берген сұхбатында ел билеуді қайдам, «Қаражорғаны» қатырып билейтін Мақсұт Нәрікбаев керісінше бұнда тұрған ешнәрсе жоқтығын, Құлыбаевтың жалғыз кемшілігі «президенттің күйеу баласы ғана екендігі» әйтпесе, оның басқа ешқандай міні жоқ, дайын мұрагер, болашақ президенттікке лайық күшті саясаткер бола алатынын баяндап берді. Ал интернетте оқырмандар енді билікке ең алдымен ұлтшыл тұлға келу керектігін айтып, қазақы қанды саясаткерлер Иманғали Тасмағамбетов, Әлихан Бәйменовтердің есімдерін атауда... Сонымен мұрагерлік тақырыбы ресми түрде басталды деуге болады. Қалғанын уақыт көрсетеді.  

Қ.СЕЙХУНИ