Амангелді Айталы:«Ақ жол» жаңа беталысқа қадам басты

Айталы Әр партияның даму жолы Алматы қаласының көшелеріндей оқтай түзү, тегіс, жатық емес, оның бұлталақ – қалтарыстары көп. Оған куә - «Ақ жолдың» он жылға жуық тарихы. Соңғы съезінде партия жаңа өзгеріске бет алды; оған кәсіпкерлер тобы қосылды. «Ақ жол» партиясының өз ерекшеліктері бар: ол оппозициялық партия болғанмен, ізгі ниеттегі оппозиция, әр уақытта да елге жанашырлық танытады. Кейбір партиялар елдегі келеңсіздіктерді қуанып, мемлекетті табалап жатса, ақжолдықтар, оның себебін, шешу жолдарын ұсынады. Кейбір партиялар өзін тек саяси мәселелермен шектесе, «Ақ жол» ұлт, мәдениет, әлеуметтік мәселелердің шешілуін іздейді. Сондықтан, партияға мүше болмаса да, «Ақ жолдың» платформасын қолдайтындар көп. Сондықтан да кәсіпкерлердің барлық партияларды саралай келіп, «Ақ жолға» тоқтауы негізсіз емес. «Ақ жолға» да олар күш қуат, жаңа дем беретіні анық. «Ақ жолдың» интелектуалдық қуаты кәсіпкерлердің әлеуетімен көбейсе, елге ел қосылғандай құт болады деген сенім бар. Бірақ съезд бұл қадамды бір ауыздан қолдағанмен, алдымызда күрделі мәселелер тұр. Ең алдымен саяси партия да бір организм, оның ішкі бірлігі, өзара қарым-қатынасы, партия төрағасы мен басқа мүшелерінің пікірлесуі, ішкі партиялық демократия – бұл үлкен құндылық. Өзінің шешенділігімен, көсемдігімен елдің көбін мойындатқан Әлихан Байменов төрағалықтан кетті. Оның орнына қазақтың тағы бір ұлы Азат Перуашев келді. Енді ішкі партиялық, саяси психологиялық ахуал қалай қалыптасады? Азаттың стиліне партиялықтар бейімделе ала ма, жаңа төраға оларға икемделе ме деген сұраққа жауапты уақыт береді. Бұл бір. Екіншіден, алдымызда парламент сайлауы. Әлихан басқарған «Ақ жолға» үйренген электорат Азат басқарған «Ақ жолды» енді жатырқамай, қолдай ма? Бұл да үлкен мәселе. Бұрын Әлиханға күйе жағуға дағдыланған бізбен бәсекелес партиялар өкілдері, енді Әлихан кеткең соң бұл партия елден қолдау ала алмайды деп жатыр. Демек олар енді Әлиханды мойындағандай сыңай танытып отыр. Бұл жерде бір шындық жатыр: біздің сайлаушы партиядан гөрі оның лидеріне қарап дауыс береді. Азат Перуашев осы жауапкершілікті сезінеді деп ойлаймын. Ол саясатқа бүгін келген жоқ. Үшіншіден, тіпті сайлауда жеңіп, Мәжіліске депутаттардың 20 пайызына ие болсақ та, ел көңілінен шыға аламыз ба? Сөз жоқ, сайлау ойдағыдай болса, кәсіпкерлер де депутат тағына отырған күнде де сын да көп болады. Кәсіпкерлер Парламентте бұрын да болған, бірақ олардың ішінде бизнесін ғана қолдап, ел қамын ойламаған, мемлекеттік тілді сыйламайтын, ұлт саясатын түсінбегендер аз болмады. Бүгін қазақты қарнының ашқанынан гөрі кадірінің қашқаны көп ойландырады. Қазаққа ұлтшыл депутат керек, ал ұлтшыл адам кәсіпкерлікті қолдайды. Кәсіпкерлердің таза, еңбекқор, патриот бейнесін қалыптастыру, кәсіпкерлерді мойындату, кәсіпкерлердің де ұлтты сыйлауына қолжеткізу «Ақ жолдың» алдындағы үлкен парыз. Сонымен, «Ақ жол» күдігі мен сенімі мол жаңа жолға қадам жасады. Ақ жолда ақиқаттан айнымайық.