Оғыз Доған "Эйр Астананы" сотта жеңіп шығып, Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғап қалды
2017 ж. 21 желтоқсан
13254
60
Енді "Эйр Астана" компаниясы мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін қазақ халқынан кешірім сұрайды
"Эйр Астана" әуе компаниясын сотқа берген Оғыз Доған жеңіске жетті. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.
Бүгін Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының шешімімен Оғыз Доған жеңіске жетіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғап шықты.
- Бұл менің емес, бүкіл қазақтың, қазақ тілінің жеңісі. Қазақ тілі - менің ана тілім. Біз баяғыдан жеңуіміз керек еді. Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл болды. 26 жыл бұрын жеңіске жетуіміз керек еді, - деді Оғыз Доған "Қазақ үні" тілшісіне.
Атап өту керек, Доғанды сотта белгілі заңгер Абзал Құспан қорғады. Ол бұған дейін әлеуметтік желіде "Егер Оғыз Доған сотқа берсе, жеңіске жетуіне кепілдік беремін" деп мәлімдеген болатын.
Енді сот шешіміне сәйкес "Эйр Астана" компаниясы Оғыз Доғанның талабы бойынша мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін қазақ халқынан кешірім сұрайды. Сот "Эйр Астана" қызметкерлеріне мемлекеттік тілді меңгеруге міндеттеді. Сонымен қатар олар Оғыз Доғанға моральдық өтемақы ретінде символикалық 1 теңге төлейтін болады.Соттың осыған дейін өткен отырысында мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін тексеру үшін «Эйр Астана» бортсеріктерін отырысқа шақыртқан сот төрешісі Айгүл Тұрсынқызы Тұрсағұлованың өзі де: «Мына «Эйр Астана» борт серіктерінің біреуі де қазақша сөйлемейді ғой» деп таң қалғаны туралы жазған едік. Сот төрешісінің әділ шешіміне бар қазақтың алғысы шексіз деп ойлаймыз.
Еске сала кетейік, журналист Оғыз Доған мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін "Эйр Астана" әуе компаниясын сотқа берген еді. Бұл оқиға қоғам назарына іліккеннен бастап "Қазақ үні" ұлттық порталы аталмыш мәселеге тікелей араласып, Оғыз Доғанға ақпараттық қолдау көрсетті.
Мәселен, порталымызда жарық көрген ақын Қазыбек Исаның "Оғыз Доғанның жеңісі - қазақ тілінің жеңісі" атты мақаласы қоғамды үлкен резонанс тудырған болатын.
Оғыздың жеңіске жетіп, Мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтауына "Қазақ үнінің" де септігі тигеніне біз де шын жүректен қуаныштымыз.
qazaquni.kz http://www.qazaquni.kz/2017/12/04/78295.html