Азат ПЕРУАШЕВ: Экономикалық еркіндік саяси еркіндікпен қатар дамуы керек!
2011 ж. 13 шілде
1817
1
Құрметті съезд делегаттары! Қадірлі әріптестер!
«Ақжол» партиясының аты әрбір қазақстандық үшін белгілі.
Бір жағынан - бүгінгі «Ақжол» партиясы - Тәуелсіздік ұранын ту етіп көтерген кешегі «Алаш» партиясының рухани ізбасары.
Қазақтың еркіндігі үшін күрескен ардақты бабаларымыз - Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты ұлы тұлғалар бастаған ізгі жолды бүгінгі Акжол партиясы жалғастырып отыр.
Сол себетен «Ақжолдын» күнделікті жұмысында ұлттық идеология мәселелері, зиялы қауым бастамалары және де қарапайым қазақ елінің мүдделері ерекше орында тұр.
Екінші жағынан – бүгінгі «Ақжол» либералдық құндылықтарға адал қызмет ететін саяси күшке айналған партия.
Осы бағытта Акжол партиясының еліміздің демократиялық дамуына қосқан үлесі аса қомақты.
Атап айканда, бірнеше ірі проблемалардың ашық талқылануына, оларды қоғам назарына шығаруға, сөз еркіндігінің потенциалын көтеруге ұйтқы болды.
Бұл құндылықтар саясатпен кәсіби түрде айналысатын тұлғалар үшін ғана емес, қатардағы азаматтарға да, оның ішінде жеке кәсіпкерге де таныс әрі жақын екен.
Мен де осылардың бірімін.
Баршаларыңызға мәлім, мен ұзақ жылдар бойы жекеменшік бизнес және нарықтық экономиканың проблемаларымен шұғылданамын.
Жұмыс барысында кейбір аса маңызды экономикалық проблемаларды саяси жолсыз шешуге болмайтындығына көзім жетті.
Өкінішке орай, кейде, тіпті Елбасымыздың тікелей тапсырмаларының өзі де іске асырылмай жатады.
Мұндай кемшіліктерді біз тек мемлекеттік деңгейдегі ашық пікірталас, идеялар бәсекесі мен шешім қабылдаудың жариялығы арқасында жоюға болады.
Осы ойларымды осыдан 3-4 ай бұрын партия басшысы Әлихан Бәйменов мырзамен болған кездесу кезінде де әңгімеге арқау еттік.
Осы ойларымды алаңдамай іске асыру үшін, мен жақында «НҰР ОТАН» партиясына мүшелігімді тоқтаттым.
Мен бұл қадамға көп ойланып, талай толғанып барып барғанымды айтқым келеді.
Бұл мен үшін оңай болған жоқ.
Сонымен бірге, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевқа «НҰР ОТАН» партиясының жоғарғы органының құрамында қатар жұмыс істеуге сенім білдергені үшін шексіз алғыс айтуды өзімнің парызым деп санадым.
Әрине, экономикалық еркіндік пен саяси еркіндік қатар дамуы керек деп білемін.
Елбасымыз айтқандай, алдымен экономика, одан кейін саясат.
Классикаға көз салсақ, саясат – экономиканың жалғасы.
Дәл сол сияқты мен де саясатқа экономикалық себептерге байланысты қайтып келіп отырмын.
«Ақжолдың» қоғамдық сахнада өз орны, өзіндік дәстүрлері, өз қолдаушылары бар.
Менің мақсатым – жиналған абыройды жоғалтпай, осы партияға жаңаша қуат, жаңа сапа, жаңа тыныс беріп, алдағы парламенттік сайлауда жеңіске жеткізу.
Ал партияны жеңіске апаруға тек өмірде, бизнесте, ғылымда, қоғамда, өндірісте, шығармашылықта өзіне лайықты орын тапқан елдің азаматтары ғана қабілетті.
Яғни, бұл партия биік жеңістерге үйренген тұлғалардың, саяси тілмен айтқанда ұлттық буржуазия мен зиялы қауымның партиясы болуы тиіс.
Осындай жан-жақты қабілетті азаматтар ғана өздерінің жеке көзқарасын батыл білдіріп, батыл шешім қабылдай алады деп санаймын.
Менің көп жылғы саяси тәжірибемнің нәтижесінде көзім жеткені, ашық шешімсіз, ашық пікірталассыз біз ешқашанда тиянақты дами алмаймыз.
Қадірлі әріптестер!
Біз бүгін үлкен де жауапты істі бастап отырмыз.
Еліміздің болашағы үшін қызмет етемін деген әрбір азаматқа біздің қатарымыздан орын табылады.
Қазақстанның әрбір азаматы үшін Ел, Жер, Тәуелсіздік, Мемлекет, Елбасы деген сөздер қасиетті ұғым болуы тиіс.
Солар үшін кызмет ету – біздің жуапкершілігіміз және азаматтық боршымыз.
Бүгінгі съездің үстінде мені осындай беделді партияның жетекшілігіне сайласаңыздар мен аталмыш ұстанымдарға адал қызмет етуге уәде беремін.
Аталған мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы «Ақ жолдың» жолы ақ болсын!