Сатылған Гүлжан кімге ренжиді?.. Оған ақиқат та, намыс та, ұят та керек емес. Сосын шешіне салады...

гульжан Газетіміздің 08.06.2011 жылғы № 21 санында интернетте тыржалаңаш шешініп, иманды елді шошытқан Гүлжан Ерғалиева туралы Қазыбек Исаның «Ерғалиеваның есі дұрыс па? Ми жетпеген жерде...қи тұратын жерді...іске қосу басталады!.. деген өткір сыны жарияланған еді: Бұған көптеген қазақ басылымдары үн қосты. Бүгін Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның «Жас қазақтағы» ащы да болса ақиқат сынын жариялап отырмыз

Ұялмайтын Гүлжанға қазақ қадірсіз ...

Не деуге болады? Қазекемнің «Жүре берсең, көре бересің, көре берсең, көне бересің» деген мақалы бар. Дәу де болса осындай мақал шешен мен орыста, неміс пен кәрісте жоқ болса керек. Көрдік. Тағы да көндік. Шиті мылтық ұқсап шырт-пырт еткен бірлі-жарым қарсылықтар болды. Бұған да тәуба. Бірақ оған пысқырған, пысқырайын деп отырған Гүлжан жоқ. Ең қызығы, қызығы деймін-ау, қиыны, дәлірек айтсам, қасіреттісі сол – қазақы қауымның осылайша реакция жасайтынын әлгі неме алдын ала анық білді. Онысын айтыпты да. Бізге белгілі бір жайт – қазақты сызайын деп отырған Гүлжан жоқ. Қысқасы, бізбен есептеспейді. Санатында жоқпыз. Ұялмайтын себебі бар. Ұят – аяулысына арналатын сезім. Бозбала сүйікті бойжеткенге қарап ұялады, қыз сүйікті жігітінен қымсынады. Себебі болашақта бірге болғысы келгеннен болуы мүмкін. Қадірлі жанды көргенде, ұялып, оның алдында жүзіңе инабат ұялайды. Құрметіңе ғизатыңды арнайсың, «тұрғандай бейне қорқып жаның шошып». Сыйлы жанға сыпайысың. Осының бәрі қадірліңе, қымбаттыңа деген құрмет. Ал енді осыдан соң өзіңіз ойлай беріңіз, қазақ Гүлжан үшін қымбатты ма, қадірсіз бе?

Майырдың ризашылығы

«Ұят кімде болса, иман сонда», – дейді хадиске сүйенген Абай. «Ағайынын, туғанын, дінін арқасынан бір қаққанға сатады. Майырдың күлгені керек деп к...і ашылса қам жемейді». Тағы да Абай. Абай айтқан майырға бір үңілейікші (Басқасы өзі де ашық). Майыр кім? Қазақ даласын жаулауға келген басқыншы жұрттың өкілі. Басқыншы жұрт риза болса, мәнсаптан үміт, билікке ашылар жол бар. Соны білген бодан жұрттың баласы қандасына қарарсыз, жауына жібектей есілген жайдары. Ал бүгінгі майыр кім? Ол – қазыналы Қазақияның байлығына көз тіккен обыр ел, жалмауыз жұрт. Сол сыртқы күштер елдігіңе граната болып лақтырылатын гранттар жариялайды. Сатқынды марапаттайтын солар. Қыңырдың қолтығына су бүркіп, арсызды әспеттеп, ұятсызды ұлықтайды. Жанына жақындатып, жалынан сипайды. Жойқын күштілігін білдіреді. Өзін арқасүйері танытып, жақынына жау қылып, қайрап салады. Сосын шешіліп те сөйлейді, шешініп те сөйлейді. Бұл жалғыз Гүлжанға айтылған сөз емес. Мұхит асып, мұратын басқа жұрттың меңзеуінен іздеген бейбақ қандасқа да қатысты. Қазақтан сөз артылған ба?! Осындайда «Күштінің боғын жеген ит құтырады» дейді.

«Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз»...

Бір мұғалім болып істейтін жақыным айтты: «Осылар­дың батырлығын болмысым қабылдамайтын еді, осы шешінгенімен бетпердесі ашылғандай болды» деп. Атың шықпаса, жер өрте. («Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат». Абай) Әйтеуір қоғамның назарын бұру үшін қандай да болсын қадамға баруға даярлығының түбінде жатқан дүние, дәу де болса, шегінен шыққан «меннің» қасіретті нәтижесі. «Білімсіздік белгісі ол баяғы» (Абай).

Пенде болған соң, бойды кернеген ашу немесе қандай да бір наразылық адамды кейде оқыс сөйлеуге, болмаса бір оғаш қылыққа итермелейтіні болады. Оның тым одағай шығып жатса, әуелі өзің үшін ұят. Ол ұят өз бойыңда қалмаған жағдайда, балам, досым, әкем, жарым, жақындарым мен үшін жерге кірердей боп жатса, обал-ау деген жауапкершіліктің, ең құрығанда аяушылық сезімнің бойда қалмауында не бар? Не болушы еді?! Өз нәпсісіне табынып, ауанын тәңір тұтқан рухани пақырлық жатыр. Түсінгеніміз Гүлжан ренжулі. Кімге? Неге? Сатқан өзі. Сатылған өзі. Ақшаның буы басылды. Ішкені алдында, ішпегені артында. Іші пыса бастады. Сосын... сосын... шешінді. Осы-ақ! Оған ақиқат та, намыс та, ұят та керек емес. Ондайларға керегі бір тамағы, бір таяғы. Қалаберді, атақ. Имансыздық жайлаған шақта «арсыз болмай, атақ жоғын, алдамшы болмай, бақ болмасын» бұлар беске біледі. Сосын шешіне салады. Бар болғаны осы, Өркен.

Әй, қазақ-ай! Тағы да айтып­сың-ау! «Жаманнан жақсы туады, адам айтса, нанғысыз. Жақсыдан жа­ман туады, бір аяқ асқа алғысыз»...

«Сырттандар» сыры

Алаштың басында сондай бір заман болған, Өркен. Бәрі бір тілде сөйлеген, мақсат жалғыз, мұрат ортақ болған. Ханның қадірі, батырдың намысы, арудың ары дейтін қастерлі ұғымдар болған. Кең даласы, мол байлығы болған. Сол байлықтан үлес қармағысы келген бөтен жұрт кең далаға көз тіге бастапты. Бабаларымыз бетпе-бетке беріспепті. Аз болса да, айбат шегіп, алысудан тайсалмапты. Сосын зымиян жау алыстан аңдысыпты. Татулықтың тамырына у құйып, тұтастығын жармаққа, бүтіндігін бөлмекке бел шеше кірісіпті. Ол әрекеттер бір күн емес, бір жыл, бір ғасыр емес, үш ғасырға жуық уақыт толассыз жүріпті. Сөйтіп атадан баланың ойы өзге болып, ат бергенге – құл, ас бергенге – күң болғандар табылыпты. Басында аз, уақыт өте таяқ тастасаң, сатқынға тиетін халге түсіппіз. Ата-бабасынан аманат болған ана тілінде шала сөйлесе шімірікпей, басқыншы жұрттың тілінде судай ағып келе жатып, сәл мүдірсе (акцент жіберіп алса), жерге кірердей ұялатын «жақсы менен жаманды айыра алмай қалған» бір ұрты май, бір ұрты қан парықсыз кейіпке түсіппіз. Өзін қор, өзгені зор тұтқан құлдық сана дендеп сіңгені сондай, ұлтыңа тән сипат, жұртыңа тән қалып жиіркенішті көрініп, рухы жермен жексен жағдайға жетіпті. Өзгеге өгей, өзіне бөтен дүбара топ қағынан жеріген, тою үшін тонын, баю үшін барын, арын сатуға дайын жалмауыз мінезді сіңіріп алыпты. Ел болам дегеннің есін шығарып, ұлт болам дегеннің жанын ұртына тығатын сырттың айтағына ерген жендет қауым – сол сан ғасырлық отарлық саясаттың жемісі еді. Тұтасты жаруға, бүтінді бөлуге айтақталған түсі бір, тілегі бөлек, мордасы бір, мұраты басқа, мұңы – ақша, сыры сыртқа тән осындай «сырттандардан» сақ болғайсың, сыралғы жұртым! Өркенжан, ендігі жерде Сіз болып, біз болып, елге айтар сауынымыз осы болса керек-ті.

Шайтан – үмітсіз

Әрине, проблема бар. Проблема болған. Проблема болады. Және бола бермек. Артымен диірмен тартқан алпауыт елдерде де проблема бар. Қазақ кейде өлді дегенді «шаруасы бітті» дейді. Яғни тірі адамның проблемасы бітпек емес. Адам жоқта ғана проблема жоқ. Бірақ бізде қандай проблема? Аллаға шүкір, бейбіт күннің қамы, берекеге беттеу. Арысын көлденеңінен салып, көзінен қанды жас аққан ананың қасіретінен сақтасын, Алла! Бейбіт шаһардың берекесін алып, шапқылаған шалдуар топтың айтаққа ерген қылығын қаһармандық қылып көрсетуге тырысқан елбұзар пиғылдың тілеуі жаман, Өркен. Сақтану да, сақтандыру да алаштың әрбір азаматына міндет. Тастай бірлік ауадай қажет қазаққа. Пікір алуандығы керек шығар. Бірақ пікірің бірлігіме, тұтастығыма қауіп төндірсе, өйткен пікіріңді... Біз секілді жұртқа өзіне деген сенімділігін күшейтетін, қайсарлық пен бірлікке шақырар аталы сөз керек. Сынаймын деп, сағын сындыруға болмайды. Рухын жаншып, үмітсіздікке ұрындыру қазаққа қылған қаскөйлік. Себебі, шайтан ғана – үмітсіз.

Әкеден қалған әфсана

Әкелеріміз айтатын бір әфсана еске түседі осындайда, Өркен. Бағзыда бір қуатты елдің патшасы көршілес екі елге екі елшісін аттандырыпты. Сосын елшілерге сыры беймәлім қоңсы жұрттың тамырын басып көрмекке әуелі қыз-келіншектерінің жай-күйін, екінші сауда-саттығының ахуалын, үшінші еңбекке бейімін білуді тапсырыпты. Арада біраз уақыт өткеннен кейін елшілер оралып, патшаға мән-жайды баяндамай ма. Бірінші елші қоңторғайлау оралған. Барған елі жайында былай депті: «Әйелдері арлы, абыройына, мейлінше, берік екен. Әмбе ерлері де әйелдеріне, мейлінше қамқор, сондай-ақ, қызғыштай қорып, өте қызғанады екен. Жолым болмады. Ал сауда жасағанда, сөздеріне бекем, уәделеріне берік. Алдамайды да, алдатпайды да. Халқы болса, еңбекқор, Тәңірден тілеп, жері мен теріне жүгінген жұрт екен. Айлаң жүрмейтін адуын елдің іргесі мықты көрінді. Ол елмен сұлу сыпайы сыйластықтан аспаған жөн», – деп ақыл беріпті.

Ал екінші елші болса, барлаған жұрты жайлы: «Әйелдері әдепсіз, қызы қызылшыл екен. Еркек көрсе, елігіп, өзінікінен жерінуге бейім. Бір рахатқа батқаным!» – деп шалқыпты. «Саудасы бәтуасыз екен. Айлаң асса, баю оңай. Байлыққа шылқыдым», – депті. «Ал халқы жатыпішер жалқау, терін емес, көзін сатуға бейім. Сұғанағы мен тілемсегі көп берекесіз жұрт екен. Сырттан барып, өзінен тапқанымды өзіне садақа қылып, мырза атандым», – деп баян қылыпты. Патша болса, ондай елді жеңетінін біліп, сол елге әскерін жорыққа дайындаған екен дейді.

Қысқасы, Өркен, сөз түсінетін жігітсің ғой. Абай кім? Ол баласын дәретсіз әсте емізбейтін Зеренің ақ сүтімен ауызданған атақты Құнанбай қажының баласы. Әйелі азған ел, азаматы аруын қорымаған жұрттың болашағы бұлыңғыр. Бесік тербетер әженің жасында ұлағат шашып, мейірім төгетін адам лыпасын сыпырып жатса, қыздарға не дейсің?! Мұзға қаққан сынадай бір пәленің басы басталды. Бұл етек алмасына кім кепіл? Ең қиыны, осындайда бәрі көнбіс, бәрі кең бола қалғанына қынжыласың. Еуропа этикетінде әйел еркектің сол жағында жүруінің себебі, оң қолы яғни қылыш суырар жағы бос болуы керек. Себебі: азамат – арудың қорғаны. Ал бүгін не? Қорғауға тиіс бозбаланың аузынан шығар сөз: «За бабу не базарим». Бұл кеще ұғым жастардың санасын улап тастауы қалыпты құбылыс емес.

Кәрі түйелер

карнавалы

Тағы бір мәселе. Байқайсың ба, Өркен? Жалаңбұты бар, ешкіқұмары бар, қыңыры бар, қисығы бар, бәріне тән бір сипат – олардың өздеріне өте сенімділігі. Онысы айқын көрініп тұрған соң, елді де еліктіре түседі. Өздерін қорғайтын арқасүйерлерінің қуатын білгендіктен, сезінгендіктен, буыны бекімеген балаң жұртты басынатындай. Дәстүрін лайлап, намысын қорлайды. Әйтпесе, Жаратқан Иа дам баласына ойын жеткізу үшін тән емес, тілді бермеп пе еді?! Әжім түс­пейтін буынсыз тіл тұрғанда... Апа­мыз қызық ей, Өркен, тәнін ашып.

Баласындай адамға тиген Пу­гачеваның қылығы қазақы танымға томпақ қана емес, сөз қылуға ауыз бармайтын масқара еді. Ал мына апамыздікі одан олқы түскен жоқ. Бүгін бір Гүлжан шешінді. Қоғам «төзімділік» танытты. Ендеше, ертең «мың Гүлжанға» жол ашылмақ. Рухани жұт Қазақияға бет алмағай. Себебі, «кәрі түйелер бірінен соң бірі ойнақтап жатқанынан» қорқам...

Пенде болған соң, адам бала­сы­ның күнәдан сау болмағы өте қиын. Ерікті, еріксіз түрде күнәні жасау бар. Онысына опынса, кешірім болуы мүмкін. Ал сол күнәға мақтану, масаттану бар. Оның үкімі аса ауыр.

Бірлігің – тірлігің

Біз кейде пікір айтамыз, Өркен. Сөздің иесі өзіміз деп ойлаймыз. Түптеп үңілсеңіз, көбіне көп қоршаған орта, таңылған информация біздің ауыздан сәл өзге өрнекпен шығып жатады. Біздің қоғамның рухани деңгейі белгілі. Түсінікті. Халықтың деңгейін бағамдап алып, сырты – сұлу, іші – бос желеусөз, арсыз әрекетпен сезіміне ойнау, ақымақ қылу неткен арзан қадам десеңізші!

Өзі былай ғой, Өркен! Елден бірлік кетсе, береке кетеді. Жұрт ырду-дырду болса, сырттан бөтен біреу келіп, ара ағайын болмақ. Арашашы асқақ кейіпте «тоқтам» айтады. Ақылды бола қалмақ. Ендеше алыстағы «арашашылар» ел ішінің алатайдай бүлінгеніне мүдделі. Енді кім бүлдірмек? Қалай бүлдірмек? Өміріне назалы, ортаға ызалы өзінен де, өзгеден де түңілген қарарсыздар қай елде болсын бар. Оларға ештеңе ұнамайды. «Астым атымды, атым астымды жақтырмайтынның» кебін кигендер. Сыртқы күштерге де керегі осылар. Жалы күдірейіп, көптің қамына сөйлегенсіп, бұқара мен биліктің арасына от тастауды кәсіп етеді. Ол үшін сырттан келетін нәсіп, сатқыннан тиетін талшық бар.

 

Бекболат ТІЛЕУХАН

P.S. Айтпақшы, Өркен! Айып етпе, тағы бір кеп. Жақында «Сәбилер шешіне бастады» деген мақалаңды оқыдым. «Сұлулар сайысының» семантикасын білесің. Имансыз қоғамдағы еріккен байлар сұлу қыздарды сайыстырып, озғанын ермек қылған. Алаштың анасы болған Сырдың бойы сәбилерімізді сайыстырған сорақылыққа куә болыпты. Ал енді не болды?! Не болдық? Бойжеткен шешінгелі қашан. «Махаббат тәлкегі» – анау (қарындасты жұмарлаған жат жігіт). Кемпірің – мынау! Енді 5 жасар сәби қызға төстартпа тағып, сұқтанған елде ес бар ма өзі?! Сәбиге сәби деп азаматтың емес, азғынның көзімен қарасақ, кім болдық, Өркен! Қазақта айтады-ау шіркін, «Арам бұқа ұрғашы бұзаудың қасында жатады» деп. Қоғамның осы халін білген соң ғой, сұранысқа ұсыныс қылып, әлгі кемпірдің шешініп, назар шақырып жүргені. Яғни Өркен, кінә апаңда ғана емес, сенде, менде! «Бір адам жаман болса, замандасының бәрі виноват!» Тағы да Абай атам айтыпты. «Жас қазақ»