Елбасының есімі Алматының көшесіне əбден лайық- Бибігүл Төлегенова

Елбасының есімі Алматының көшесіне əбден лайық- Бибігүл Төлегенова

ҚР және Қазақ КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова Фурманов көшесін Назарбаев даңғылы деп өзгертілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өнер иесінің сөзінше, мұндай  өзгеріске алматылықтар тез үйреніп кетеді.

«Елбасы өз елінің дамуына аз еңбек сіңірді ме? Менің ойымша, ол кісі көшеге есімін беруге әбден лайық тұлға. Тек қана Семей полигонын жабуға сіңірген еңбегінің өзі неге тұрады. Мен ойлаймын, адамды тірісінде бағалауымыз керек. Бұл дұрыс шешім болды.  Алматының көшелерінің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілуі заңды құбылыс деп ойлаймын», - деді әнші.

Өнер иесі мұндай өзгеріске алматылықтар тез үйреніп кетпек.

«Біз тәуелсіз елміз. Елдегі барлық нысандар біздің тарихымыздан хабар беруі тиіс. Адамдар Ленин көшесінің Достық атауына, Мир көшесінің Желтоқсан атауына үйреніп кетті ғой. Көшелерге өз заманының тұлғаларының атын беру өте дұрыс», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін VI шақырылымдағы Алматы қалалық мәслихатының сессиясында ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық  және қалалық ономастика комиссиялары тұрғындар тарапынан түскен өтініштерді ескере отырып, Алматыдағы Фурманов көшесіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы шешім қабылдады.