Ел дамуындағы оңды өзгерістер полиция жауапкершілігін арттырады

Абжанов Әлімхан ӘБЖАНОВ, Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі:1964 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданындағы «Ақтөбе» кеңшарында дүниеге келген. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысының Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімінде қылмысты іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі болып бастады. Кейін Мемлекеттік тергеу комитетінің (МТК) бөлім бастығының орынбасары, Кентау қаласы бойынша МТК-нің бөлім бастығы. Түркістан қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары, бастығы, Мақтаарал аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалды полиция департаменті бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымдарында қызмет істеген .2006 - 2009 жылдар аралығында Қызылорда облысының ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары ,ал 2009 жылдың шілде айынан бастап Қызылорда облысының ішкі істер департаменті бастығы,полиция полковнигі.

– Әлімхан Досыбайұлы,ішкі істер қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі - кез келген қылмыстың алдын алу және қылмыстылық ахуалды дер кезінде ашу ғой.Сондықтан бұл жағы облыста қандай деңгейде, республика ауқымымен салыстырғанда ?

– Бүгінгі күнге облыс кө­леміндегі криминогендік ахуал тұрақты деуге болады.Қылмыс туралы арыз-шағымдарды толығымен тіркеу, есепке алу, олар бойынша заңды процессуалдық шешім қабылдау мәселесі департамент басшылығының әрдайым қатаң бақылауында .

Сонымен бірге қылмыстарды ашуға бағытталған шараларды жүзеге асыруда барлық күш-жігерімізді салудамыз. Талдау жасай өтсек, 2011 жылдың 5 айында қоғамдағы тұрақтылықтың айшықты индикаторының бірі саналатын аса ауыр қылмыстардың ашу көрсеткішінің жақсаруына қол жеткізілді. Мәселен аса ауыр қылмыстардың ашылу көрсеткіші былтыр 90 пайызды болса, биыл 93,3 пайызды құрап отыр. Сондай - ақ, қасақана кісі өлтіру 85,7 пайызға, қарақшылық шабуыл 83,3 пайызға, ал зорлау, ауыр дене жарақатын салу, бопсалау сияқты қылмыстардың бәрі толық ашылды. Мұның барлығы бойына борыш пен намысты, арды және адалдықты серік еткен, қоғамымыздағы тыныштықты сақтауда, қылмыстылықпен күресте аянбай еңбек етіп жатқан тәртіп сақшыларының ерен еңбегінің нәтижесі екенін атап өткен жөн.

– Жастар - біздің келешегіміз дейміз.Ал кейде бозбалалар мен бойжеткендер не болмаса ара-тұра кәмелетке толмаған жас өспірімдер арасында құқық бұзушылық жәйттері ұшырасып тұратынын жайлы естіп жатамыз.Бұл туралы не айтасыз?

– Қызылорда облысының ішкі істер департаменті білім беру, денсаулық сақтау, «Нұр Отан» ХДП-ның өкілдерімен бірлесе отырып жыл басынан бері «Мектептегі құқықтық тәртіп», «Есеп», «Отбасы және мектеп», «Құқықтық тәртіп» атты жедел-профилактикалық іс-шараларды бірнеше рет өткізді.Бұл іс жыл аяғына дейін әлі де жалғасын таба береді.Осындай келелі іс-әрекеттеріміздің нәтижесінде профилактикалық есепте қазір 440 жасөспірім, 318 қолайсыз отбасы тұрады. Сондай-ақ, құқық бұзушылыққа бейім 1068 жасөспiрiм әкелініп, олардың 1051-не ескерту жасалды, 17-нің ата-аналарына айыппұл салынды. 6-ы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатына орналастырылды,.Екі ата-ана бала тәрбиелеу құқықтарынан айырылды.

Жалпы алғанда облыс көлемінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылықтың деңгейі тұрақты қалыптасқан. Дегенмен де, кейбір кәмелетке жасы толмаған кішкентай қылмыскерлердің бір қылмысы үшін тергеу жүріп жатқанда қайталап орта ауырлықтағы қылмыс әрекеттерін жалғастыра беру деректері орын алып жатқанында жасырмаймыз.Мысалыға, 7 рет ұрлық, тонау қылмыстарын жасаған жасы кәмелетке толмаған Е.Н-ге заң жүзінде «ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау» бұлтартпау шарасы қолданған болатын. Алайда, Е.Н. қамауға алынбау салдарынан және оған қатысты қолданған шараларға қарамастан қосымша тағы да 4 рет қылмыс жасап үлгерген.

Бұл ахуалдың алдын алуға болмас па еді?

– Ендеше бұл жердегі өзекті мәселеге тоқтала кетейін. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында күтіп бағу ережелерін бекіту туралы» 10.01.2011 жылғы №1 бұйрығы қабылданған уақыттан бастап Қызылорда облысында кәмелетке толмағандарды оңалту орталығы ашылды.

Қазіргі уақытта аталған мекеме функцияларына панасыз, қадағалаусыз қалған балалар, сот шешімі шыққанан кейін девиантты мінез құлықты балаларға арналған мектеп интернатына жолданатын балаларды уақытша жатқызу жұмыстары кіреді. Алайда бұл жерде қылмыс жасаған жасөспірімдерді уақытша орналастыру мәселесі қарастырылмаған.Сондықтан олардың қылмысты қайта жасауға тосқауыл қоялмай келе жатқан себептеріміздің бірі осында.

Ал, егерде қылмысты жасаған жасөспірімдерге байланысты тергеу шараларын жүргізу кезінде, яғни сотқа дейінгі мерзімде оларды уақытша оқшалау үшін арнайы қамауға алу орны қарастырылған жағдайда, олармен қылмысты қайта жасауға мүмкіндігі болмайтыны айдан анық.

Бүгінгі таңда, біздің тарапымыздан жастардың түрлі қылмыстық элементтерге бой алдырмауына, бос уақыттарын тиімді пайдалану, олардың арасында патриоттық сезімдерін ояту мақсатында түрлі спорттық - мәдени шаралар, акциялар, лекциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. Облыс көлеміндегі барлық үлкен мектептерге мектеп – полицейлерінің штатын бекіттік. Сонымен бірге облыстағы басқа да мемлекеттік және басқа да бала тәрбиесіне қатысты мекемелермен бірлесе отырып «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада» секілді жедел – профилактикалық шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Нәтижесі жаман емес, жасөспірімдер арасындағы қылмыстылық деңгейін алдыңғы жылғы дәрежеде ұстауға жұмыс жасалуда.

Департаментіңіздегі іс тетігін шешетін кадрларды дайындау және олардың біліктілігін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айта кетсеңіз?.

– «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 – қаңтардағы Заңына сәйкес ішкі істер органдарына қызметке қабылдау кандидаттарды міндетті түрде тағылымдамадан өткізе отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады. Яғни, ішкі істер органдарына қызметкерлер ендігіде арнайы жарияланған конкурс арқылы тағайындалады. Осы ретте ішкі істер органдарында бос лауазымдарға байқау жариялау туралы жергілікті ішкі істер органдары тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарына тиісінше хабарландырулар беріліп, үміткерлер іріктеледі. Талаптарға сәйкес олардан келіп түскен арыздар 15 күн көлемінде арнайы құрылған комиссиямен қаралады. Оларға қойылып отырған негізгі талаптарда білімінің біліктілігі мен бірге бірінші кезекте олардың спорттық жетістіктері, компьютерді меңгергендіктері, жүргізушілік тәжірибесі барлығы ескеріледі.

Департаменттің қызмет салалары мен ҚАІІБ басшыларымен жолданған кадрлар есебінің тізімі зерделеніп,ол жыл басында бекітіледі.

Департаментте басшы қызмет­кер­лердің тағайындау, орын ауыстыру мәселесі осы бекітілген кадрлар есебінде тұрған қызметкерлермен жасақталуда. Жыл басынан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің номенклатурасы бойынша барлығы 5 басшы қызметкер, Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің номенклатурасы бойынша 5 қызметкер басшы қызметтерге тағайындалды.

Сонымен қатар, жеке құрам қызметкерлерінің орын ауыстырулары сол саланың басшылары мен жетекшілерінің ұсынымдары мен келісімдері арқылы жүргізілуде. Ішкі істер органдарының жеке құрамы арасында кәсіби шеберліктерін арттыру барысында ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 46 қызметкер арнайы алғашқы оқыту, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өткізілді.Олармен аптасын бір рет кәсіби сабақ және 2 рет дене шынықтыру, сонымен қатар бассейн, яғни суға жүзіп үйрену сабақтары өткізіледі. Жалпы кадрлар дайындау, жеке құрамның кәсіби дайындығы жеке өзімнің бақылауымда. Сондықтанда бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба береді.

Айта кету керек, жаңадан қабылданған заңдарға сай жоғарыда айтып өткенімдей ішкі істер органдарына қызметке қабылдау кандидаттарды міндетті түрде Тағылымдамадан өткізе отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылуда. Сондықтанда жұмысқа қабылдау барысында біздің тарапымыздан әділеттілік, ашықтық, тазалық, ізгілік қағидалары басшылыққа алынады

– Сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекетіміздің алдына қойылған міндеттердің бірі. Сіз басқарып отырған ішкі істер органында өз құзіретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қаншалықты нәтижелі жұмыс жүргізуде?

– Полиция қызметкерлері арасында заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ОІІД-ті басшылығымен бірқатар ұйымдастырушылық-тәжірибелік шаралар қабылданды. Елбасының биылғы Жолдауында да сыбайлас жемқорлық дертіне қарсы бағытталған жұмыстарға баса назар аударылды. Бұл бағытта құқық қорғау органдарына көптеген жауапкершіліктер артылды.

Осы орайда Жолдауда көрсетілген негізгі қағидаттар мен ұсынымдарды жеке құрамға толық түсіндіріліп, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында барлық ішкі істер органдарының жеке құрамымен кездесулер өткізіліп, сыбайлас жемқорлық дертімен күрес табанды да қатал жүргізіліп жатыр.

– Әлімхан Досыбайұлы, айтыңызшы,қызметкерлеріңіздің арасында осы сыбайлас жем­қор­лыққа жол беруші­лер,құқық бұзушылықтар бар ма?

– Несін жасырайық.,өздерінің жұмысқа алынғандағы берген серттерін бұзып, ішкі істер саласының атына дақ түсіріп жүргендер табылады.Осындай істердің алдын алу үшін өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен КЖБ-сы жеке құрам жөніндегі инспекциясымен жыл басынан бері 69 рейдтік шаралар жүргізілді.Нәтижесінде түрлі құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін 72 қызметкер әкімгершілік жауапқа тартылды.Мұнан басқа арамызда ары таза емес полиция қызметкерлерін анықтауда жүргізілген тексерулер нәтижесінде 3 дерек анықталып, қылмыстық істер қозғалды.

Жеке құрам арасындағы заңдылық пен тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселесін үнемі бақылауымызда ұстап, қызметкерлерге тағылымды тәрбие беру жұмыстарына департаменттегі ақсақалдар, офицерлік, полицейлік, әйелдер және тәлімгерлер кеңестерінің мүмкіншілігін кеңінен пайдаланып келеміз.

– Ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде не айтасыз?

Өзгерістер, шүкір, ауыз толтырып айтарлықтай. Жаңа замануи технологияларды енгізу шаралары жүргізілуде. 2007 жылы іске қосылған Жедел басқару орталығының бейне бақылау камераларының құқық бұзушылықтың алдын алудағы үлесі өте зор. Бүгінгі күнге облыс орталығында көпшілік шоғырланған және бұзушылықтар көптеп орын алған жерлерде барлығы 32 бейнекамералар орнатылып, жұмыс атқаруда. Сонымен бірге облыс әкімдігінің қолдауымен облыс мәслихаттың 16.03.2011 жылы өткізілген сессиясының №278 шешімі негізінде, тағыда қосымша 70 дана жылжыйтын, жылжымайтын бейнекамераларын сатып алуға 200 млн. теңге қаражат бөлінді.Ол бейнекамералардың 18-і №8 учаскелік полиция пунктінің аумағында, 17-і №9 учаскелік полиция пунктінің аумағында, 20-ы №10 учәскелік полиция пунктінің аумағында, 15-і №11 учаскелік полиция пунктінің аумағында орналасады.

Айта кетейін,Қызылорда облы­сының солтүстігінде орналас­қан Арал қаласындағы полиция бөлімінің ғимараты жаңадан бой көтеруде. Осы күнге дейін бөлімнің жеке құрамы сонау 1958 жылы соғылған екі қабатты жұмыс жасауға тым нашар, апатты жағдайда тұрған ғимаратта еңбек етті. Осыған орай облыс әкіміне жаңа ғимарат салу қажеттілігі туралы ұсыныс білдіріп едік ,ол да оң шешімін тапты. Міне, жергілікті бюджеттен бөлінген 243 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа соңғы үлгідегі еуропалық стандарттармен төрт қабатты ғимараттың құрылысы қыркүйек айында бітеді.

Негізінен, Қармақшы, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған, Сырдария аудандық ІІБ ғимараттары мен ондағы сезіктілерді уақытша ұстау абақтылары да күрделі жөндеуден өтіп, бүгін, міне, әлемдік талапқа сай деуге әбден болады. Сонымен қатар, Сырдария АІІБ–де жеке құрам үшін тапанша атуға арналған жаңа тирі іске қосылды. Ал, Қызылорда қалалық ІІБ бөлінген 50 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа толықтай жөндеуден өтіп, басқарма аумағында төрт қабатты әкімшілік қамау орны бой көтеріп, жуырда іске қосылды.

Облыстың ауылдық жерлеріне өте үлкен назар аударып отырмыз. Әрбір елді мекеннің учаскелік полиция инспекторына үш бөлме жұмыс орны мен тұрғын үй орналасқан ғимараттарды соғу–жоспарымыздың бірі. Бұл орайда осындай ғимараттың біреуіне он жеті млн. теңгеден астам қаражат қажет болып отыр. Бұдан басқа автокөлік, компьютер және басқа да жұмысқа қажетті материалдық құндылықтар жылда жаңарып жатқаны тағы бар.

Cөз соңында барша әріптес­теріңізге айтарыңыз?

– Еліміздегі тұрақтылықтың негіздерінің бірі болып отырған Қазақстан полициясының құрылғанына биыл 19 жыл толып отыр. Елдігіміз айқындалған 1992 жылы 23-ші маусымда Елбасы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» Заңын қабылдау Жарлығына қол қойып, Қазақстан полициясы құрылды. Содан бері Қазақстан полициясы аумалы –төкпелі кезеңде елімен бірге қиындықды көтере біліп, қоғамның тұрақтылығы мен оның қарқынды дамуына өзіндік үлес қосып келеді.. Заман талабымен елдің дамуындағы оңды өзгерістер полиция қызметіндегі жауапкершілікті жоғарылата түсті. Бүгінгі күні еліміздің ішкі тәртібін қалаушы ішкі істер министрлігі өткен жылдар ішінде құқық қорғау органдарының арасында уақыт талабымен жабдықталып базасы орныққан салаға айналды. Мен осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, елім аман,халқым тыныш болсын деп күндіз де, түнде де тыным таппай жүрген полиция қызметкерлерін алдағы төл мерекелерімен құттықтаймын. Әрқашан полиция атағын биік көтеріп, жоғарғы жетістіктерге жете берулерін және де жанұяларында құт–береке дарып, тек алдыңғы лектен көріне берулеріне тілектеспін.

– Мазмұнды,келелі сұхба­тыңыз үшін көп-көп рахмет! Ел ты­ныштығын сақтауда жұмыс­тарыңызға табыстар тілейміз.

Ізмұрат ҚҰРБАНБАЕВ