Қазыбек ИСА. «Ақ жол» айқын жолынан айнымайды!..

kazibekisa

«Айыр сөзде айып жоқ.

Сөз айыр екен деп,

әдепсіздікке барып жүрген

бауырларымыз да бар...»

Әлихан Бөкейханов

КӘСІПКЕРЛЕР  "АҚ ЖОЛДЫ" НЕГЕ ТАҢДАДЫ?

Осыдан біраз бұрын  мен  «Жас қазақ үні» газетінде «Біздің жұлдыздардың бәрі неге жағымпаз? ( www.qazaquni.kz) атты мақала жазып едім. Онда еліміздің белгілі өнер жұлдыздары мен кәнігі кәсіпкерлерінің бәрі тек «Нұр Отан» партиясын ғана жағалайтынын сынаған  болатынмын. Менің сол сөзім періштенің құлағына шалынған болу керек, қазір еліміздің көп өңірлерінде беделді кәсіпкерлер «Ақ жол» партиясына өте бастады...

Әрине, «Ақ жолда» да біраз кәсіпкерлер бұрыннан бар. Елге белгілі ақындар Исрайл Сапарбаев, Ибрагим Исаев, Ханбибі Есенқараева, әйгілі «Тақиялы періште», актер Әлімғазы Райымбеков,   белгілі актер Асылболат Смағұлов т.б. әдебиет пен өнер өкілдері,  көрнекті экономист-ғалым Арыстан Есентүгелов бастаған біраз  ғалымдар  «Ақ жол» партиясының мүшелері. Үшінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары Амангелді Айталы, Нұрлан Жылқышиевтер «Ақ жол» партиясы хатшылары болып табылады. Жақында «Ақ жол» партиясының Алматы қалалық конференциясы болып өтті. Онда 2 ақпанда Астана қаласында өтетін «Ақ жол» партиясының съезіне делегаттар сайланды. Алдымен «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов жиырма кәсіпкерге  мүшелік билет тапсырды. Даудың басы  осы съезд делегаттарын сайлаудан   шықты. Партияның бұрыннан келе жатқан белсенділері «партияға жаңадан өткен кәсіпкерлердің бірден делегат болуы қалай болады» деген сұрақты төтесінен қойды. Талас біразға созылды. Жаңадан партияға өткен кәсіпкерлер  демократиялық «Ақ жол» партиясындағы  тартысқа куә болды. Кейбіреулерінің  «ертеңгі күніміз не болады?» деп отырғаны түрлерінен де  көрініп тұрды. Дегенмен, айтыс-тартыс  соңы бір мәмілеге келумен аяқталып, делегаттар бірауыздан сайланды. Жалпы, кәсіпкерлер  «Ақ жол» партиясын неге таңдады?   «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мүшелерінің «Ақ жолға» қосылуында не сыр бар? «Ақ жол» о бастан жасампаз партия ретінде белгілі. Ал бұл жасампаздық кәсіпкерлер бойында болуы заңдылық. Сонымен қатар «Ақ жолдың» келісімпаздық, мәмілегерлік  жолы да белгілі. Бұл да кәсіпкерлерге тән қасиеттер. Саясаттың өзі келісімге келу жолы болып табылса, «Ақ жол» осы  конструктивті, сындарлы позициясы үшін кейбір «радикалмыз» деп айқайлаған партиялар сынының нысанасына айналғаны  белгілі. Бірақ бір қызығы, «біз сияқты неге бетпақ болмайсыңдар» деп те кінәлауға болатынын көрсеткен әлгі «сынаушылар» бір-екі жыл өтпей жатып, «жоқ, біз конструктивті оппозициямыз» деп, «Ақ жолдың»  алдына  түсіп алып...  сайрағанын білеміз...  «Ақ жолдың» тағы бір қыры төзімпаздығында. Бұл да кәсіпкерлерге бірден-бір қажет қасиет. «Ақ жол» осы он жылдық тарихында талай белестен өтіп, талай ауырпалықты бастан өткерді. Соның ең ауыры «қара пиярдың» қаптаған күйесі. Жұрт бір жақпен күрессе, «Ақ жолға» екі жақтан да шабуыл жасалды. Бір қызығы әлгі «бәрін ақша шешеді» дейтін байшыкештер басқарған  бәсекелес  партияның қаржылық ресурсы әлсіз «Ақ жолға» жапқан қара күйесін биліктегі белгілі шенеуніктер де  солармен келісіп алғандай қабаттаса қолдап, сайрап   жатты.  «Сонда кім билікпен ымыралас болып шықты?» деп топшылауға болады.

БІР ҒАСЫР БҰРЫН ДА ӘЛИХАН СЫНҒА ҰШЫРАҒАН...

Бұндай кеп біздің қазақта  осыдан бір ғасыр бұрын да бар еді. ХХІ ғасырдағы  «Ақ жол» партиясы төрағасы Әлихан Бәйменовтың басындағы жағдай  ХХ ғасыр басында   Алаш партиясының көсемі Әлихан Бөкейхановтың басында да болды.  Сол кездегі ұлттық  басылымдар «Қазақ» пен «Айқапты» қарап отырсаңыз бұған анық көз жеткізесіз. Әлихан Бөкейханов сол кездің өзінде «Айыр сөзде айып жоқ. Сөз айыр екен деп, әдепсіздікке барып жүрген бауырларымыз да бар...» дейді. Иә, Алаш көсемін де аямаған алакөңіл ағайын аяқтан шалуын азайтқан жоқ. «Айыр пікір айып емес. Талас-ғұмыр сипаты. Талассыз ғұмыр-абақтымен тең» деген Әлиханның жүз жыл бұрынғы сөзі бүгін де  маңызды.

"Ақ  жол" партиясысының жолы - жасампаздық жолы. "Біз Қазақстанға қандай үлес қостық, ел үшін не істедік" деп қарайтын партия қашанда іспен жауап беруді мақсат тұтып келеді. Ал бәсекелестікті қаралау деп білетін кейбір партиялардың  негізсіз жабылған жалаларына жауап қайтарудың өзін артық іс деп білетін  Әлихан Бәйменов "Аққа -Құдай жақ. Үнемі өкпелеп жүргендер - рухани өкпесі қарайып кеткендер"-деп бір-ақ сөзбен нүкте қойған болатын...

Бірақ билікті   «демократиялық көзқарасы жоқ»  деп сынап жүрген кейбір атына сай емес партиялардың өзі өзгелерді азат ойы мен айыр пікірі үшін айырмен шаншуын тоқтатпауын  қалай түсінуге болады?  Бүгінгі күні  кейбір  басылымдарда «Ақ жолға» қарсы қара пиярдың  қайта қарқын ала бастауы түсінікті. Егер кәсіпкерлер, өзеуреуден танбайтын өзге партияға  кірсе,"Міне, бізбен билік санасты" деп сайрайтын олар,  кәсіпкерлер  "Ақ жолға" кіріп жатқанын  көріп, "Әне, олар билікпен келісті" деп соғады... Екіжүзділіктің ессіз екпіні мен "жарқын көрінісін"  осыдан-ақ біле беруге болады.    «Бас болса, біз жейік, тас болса, олар жесін» деген тасыр саясат таяздықты ғана көрсететінін ел біледі.

Салмақты саясаттанушылардың жоғары бағасын алып, ел қолдауына ие болған  «Қазақстанның  2011-2020 жылдарға арналған жаңа Ұлттық саясат тұжырымдамасын » жасаған, жұмыскерлердің, мұғалімдер мен дәрігерлердің, жалпы бюджет қызметкерлерінің, зейнеткерлердің  мүддесін қорғаған ұсыныстары талай заңдарда көрініс тапқан «Ақ жолды» бір де бір дөңгелек үстел өткізбеді» деп беттері бүлк етпестен жала жабатындар тағы шықты.  Олар  Әлихан Бәйменов өткізіп жатқан, әр өңірде филиалы бар  "Темірқазықтың"  ай сайынғы әр отырысындағы ұлт мүддесін көтерген мәселелер  Тәуелсіздік алған  жылдардағы  еңбегі ерен "Азат" қозғалысының  атын әдеттегідей ұрлап алған , жыл сайын ат ауыстырып, ажырасып, қайта қосылып жататын,  басшылары 2004 жылы парламентте қазақ тіліне қарсы шығып, 1994 жылы«қазақ» дегенді  паспорттан алып тастайық деп  шу көтерген партияның түсіне де кірмесе керек... Осындай кешелі-бүгінгі тосқауылдарға қарамастан  «Жетістікті көрмеу – соқырлық, кемшілікті көрмеу – жан ашымағандық» деген қағиданы  басшылыққы алған «Ақ жол» партиясы  Қазақстанның  саяси  өміріндегі  салиқалы да, сындарлы  құбылысқа айналды.     Партияның көптеген  ұсыныстары мен  бастамалары бүгінде көптеген заңдар мен үкімет шешімдерінде өз көрінісін тауып отыр. Партияның жасампаздық бағытын  қолдаған мыңдаған қазақстандықтар сондықтан да бүгінде «Ақ жолды» таңдауда. Кейінгі төрт жылда партиядан бір тиын таппаса  да, бір тыным таппай жұмыс істеп келе жатқан әр өңірдегі  ақжолдықтардың  басын  қосып, қуат беруші күш- игі  идея мен ортақ құндылықтар   деп білу керек. Қаржы беріп тұратын кәсіпкерлер артына қоңырау байланудан қашып, қатты қиындық қыспағын да көрдік. Партия қаржысыз болғанмен, қайратсыз болған жоқ. Қаржы таппай қиналған партияны қадағалап отырып, «қай күні жаназасын оқимыз» деген  қара күйелі пиғылдастар «Егер «Ақ жол» билікпен ымыралас болса, онда неге қаржысы жоқ» деген  шешуші сұраққа келгенде ауыз аша алмай, арты ашылып  жатты... Ал енді партияны қаржыландыру көзін табу үшін көптен бергі ізденістер жаңа мүшелермен бірге өз жемісін беретін кезең келді десек, бұған партияның бұрыннан келе жатқан белсенділері де дайын болу керек деп білеміз.  Осы үш-төрт жылдың көлемінде  Алаш жолын ұстанған «Ақ жол» партиясының алдында «Не істеу керек?» деген басты сұрақ тұрды. Оған жауап:  «өшу  немесе  өсу» еді... Партия жетекшісі Әлихан Бәйменов партияны сақтау үшін  өзінің жеке мүддесін ел мүддесінің ажырамас бөлігі болып табылатын партия мүддесі үшін құрбан  ете алатынын мәлімдеп, Президиум мүшелеріне хат жолдады. Құдайға шүкір, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесі қарсаңында өскелең партияға өсетін кез келді деп сенейік.  Қаржылық қуат болса,  идеялық бұлақ өрге тартар өзенге  айналады. Тек қазір қарапайым еңбеккерлер мен зиялылардың басын қосқан, ұлт жанашырлары да үміт артып отырған, енді кәсіпкерлер де атының басын бұра бастаған бірден-бір партия - «Ақ жол» партиясы Алаш идеясына адалдық жолынан ауытқып кетпеуі керек!.. «Бәсекелестеріміз» бәс тігіп отырғандай, Ақ жолдан ауытқу болса, партиямыз бір адамның аузына қарап отырған немесе байшыкеш басшыларының байламынан аса алмайтын партия емес, қатардағы белсенді мүшелерімен қанаты қатайған қайраткер партия екенін көрсете алады деп сенеміз!