Қысымға ұшыраған Қытай қазақтары биліктен көмек сұрауда
2017 ж. 18 қазан
4632
5
Қытай қазақтарына қысым күшейді. Шыңжан-ұйғыр автономиясындағы бауырларымыз себепсіз һәм жазықсыз сотталып жатыр. деп бүгін бір топ оралман биліктен араша сұрады. Айтуларынша, құр Қазақстанға келіп кеткені үшін Қытайдағы әкесі не басқа туысы қамауға алынады екен. Бұл мәселені кезінде Елбасы Сыртқы істер министрлігіне тапсырғанымен жағдай әлі күнге оңалмаған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Өкінішке қарай, жағдай мәз емес. Олармен байланыс орнату да мүмкін болмай тұр. Ғаламтор байланысы түгел үзілген. Тіпті, қамауға түскен азаматтардың осындағы ағайын-туғандары да ақпаратқа жарымай отыр.
Қазіргі уақытта қамауда отырған 31 қазақтың тізімі бар. Себептері әр түрлі. Негізінен, Қазақстанға көшпек ойы болғаны үшін немесе Қазақстанға көп келгіштегені үшін сотталған дейді туыстары. Соның айқын бір мысалы Жұмадан деген жігіттің басында болған. Әкесін қамауға алғанда себебін сұрай барса айтқандары мынау болыпты.
ЖҰМАДАН ЖАРҚЫНБЕКҰЛЫ, ОРАЛМАН:
-Сұраған кезде полиция қызметкерлері айтқан екен, сен Қазақстанға жиі өтіп тұрады екенсің. Сенің идеяңда ауытқу болуы мүмкін Қазақстанда жүріп. Сондықтан, біз сенің идеяңды тазалаймыз. Сені оқытамыз деп, саяси үйрену орталығы деген бір орынға алып кетіпті.
Сол саяси үйрету орталығының соңы 10 жылға түрмеге жалғасқан. Қазір әкесінен еш хабар ала алмай отыр. Жалпы, осы Қытай қазақтарының басына түскен ауырлық маусым айында Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Елбасына айтылған болатын. Президент бұл мәселені жіті назарға алу жөнінде Сыртқы істер министрлігіне тапсырма берді. Министрліктің бұл жөнінде бізге берген жауабын тыңдайық.
Дегенмен, бүгін жиын өткізген азаматтар текке қарап отырмақ емес. Олар да қарекет қылып, адам құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымдарға өтінішпен шықпақшы.
РАСУЛ ЖҰМАЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ:
-Біріккен ұлттар ұйымының жарғысы бар. Адам құқықтарына қатысты көптеген конвенциялар бар. Солардың өрескел бұзылуы. Сондықтан мәселе осылай ушыға беретін болса, келесі қадам ретінде жаңағыдай шағым, арыз түсіруге меңзеуімізге болады.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Сыртқы істер министрлігі жағдайдың ретке келуі үшін осы мәселе көтеріп жүрген азаматтармен бірлесіп жұмыс істеп жатқанымен, одан жемісті нәтиже көріп отырған жоқпыз. Министрлік пен белсенді азаматтардан бөлек, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да жағдайдың оң шешілуіне алаңдаулы. Ендігі шаруа тек уақыт еншісінде.