Кентаудың бас идеологы білгенін істей бере ме?

кентауБүгінде қоңыр тірлік кешіп жатқан алақандай шағын қала – Кентаудың тарихы әр алуан. Кезінде шахта қабаттарындаы әлемдік рекордтарымен шетелдік өнеркәсіп алпауыттарын таңдай қақтырған әсем қаланың бүгінде кеніштерінде өлі тыныштық орнаған. Қазіргі уақытта Кентау трансформатор зауыты, шағын бизнес және бюджеттік мекемелер ғана үздіксіз жұмыс жүргізуде. Халқының басым бөлігі отбасын асырау үшін, еліміздің әр қиырындағы вахталық жұмыс жүргізетін кәсіпорындарда еңбек етеді. Ал қала халқына рухани-мәдени қызмет көрсетуі тиіс қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен мәдениет сарайының жұмысы, әкімшілік тарапынан орын алып отырған бұрмалаушылықтар салдарынан өрге баспауда. Соңы жылдары қаланың мәдени өмірінде елеулі, адам жандүниесін дүр сілкіндірер жаңалықтар орын алған жоқ десек те болады. Бұрын жалынды жастары туған қаласының көркін ажарландырып, барлық мәселелерге үн қосып отыратын. Ал бүгінгі күні олар сыртқа кетуге асығады. Себебі, бір жағынан істейтін жұмыс болмаса, екінші жағынан жастарды ұстап тұратын қайнап жатқан мәдени өмір жоқ. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен мәдениет сарайы ағымдық іс-шаралардан аса алмауда. Неліктен? Өйткені, «апама жездем сай» дегендей, қала әкіміне идеология жөніндегі орынбасары Бауыржан Дүйсенбекұлы Алиманов сай болып отыр. Басқаша айту мүмкін емес. Б.Алиманов қала әкімінің орынбасары қызметіне келген, екі жылдан аса уақыттан бері, мәдениет саласында айтыс-тартыс көбейген. Үстіміздегі жылдың 18-сәуір күні ОҚО-ның әкімі А.Мырзахметовтың атына, Кентау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен мәдениет сарайы ұжымдарының атынан жолданған, 15 адам қол қойған қызметтік хатта мынадай жолдар бар: «...Кентаудың мәдениет саласы ақсап, рушылдықтың аренасына айналып отыр. Өнер мен мәдениеттің өркендеуіне жауапты бірден-бір адам- қаланың бас идеологы болып табылады. Ал біздегі жағдай керісінше. Біздің ойымызша, идеология саласын басқарып отырған, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Б.Алиманов өзі атқарып отырған лауазымдық қызметіне сай емес». Иә, адамдар қоғамнан шын­дық таппай шырылдағанда ғана, осындай арыздар жазылады. «Ұсталмаған ұры емес», деген қағиданы ұстанған би­лік­тегілерге, дәлелденбесе, шындық пен ақиқаттың қанын сорғалатып, шыңырауға тастай салу түк те емес. Өйткені, олар қарапайым адамдардың өз шындығын дәлелдей алмайтын бес саусақтай біледі. Көркем Кентауда кеңес үкіметі тұсында жүздеген этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. Өмір сүрудің, табысқа жетудің қарапайым әдістерін бір-біріне үйретті, білімдерін жетілдірді. Әлемдік рекодттар жасады. Соның нәтижесінде жоғары интеллектуалдық деңгейге қол жеткізді. Сондықтан да қаланың сырбаз, өрелі тұрғындары қандай жағдай болсын, дұрыс баға беруге дағдыланған. Өз басым облыс әкімінің атына хат жазған мәдениет қызметкерлерін, жала жабушылар деп айта алмаймын. Қалаға жиі келіп-кетіп жүргенімде, бас идеологтың атына айтылған сын-пікірлерді есітіп жүретінмін. Бірақ сенбейтін едім. Енді міне, «келеңсіздік қазаны» қайнап, тасып төгілгенде ғана жұртқа жария болуда. Сөзімізді тұздықтау үшін қызметтік хатқа тағы да көз салайық: «Б.Алиманов 2010 - жылы қайнысы Е.Арыновты Ш.Қал­даяқов атындаы мәдениет сарайына директор етіп таайындады. Е.Арынов бір жыл жұмыс істеп, жұмыстан босатылған болатын. Ол жұмыстан кеткесін, Б.Алиманов өзінің бөлесі С.Болатбекованы мәдениет сарайына директордың орынбасары етіп жұмысқа тағайындады. Ол әйел сауда саласының маманы». С.Болатбекова келген соң, қала әкімі Н.Қалмұрзаевтың атына қызметтік хат жазып, бітпейтін дау одан сайын өрши түскен. Сонан соң С.Болатбекованың үстінен мәдениет сарайының 11 қызметкері үстіміздегі жыл­дың 14-сәуірі күні, қала әкімі Н.Қалмұрзаев атына арыз жазған. Осындай жағдайлардан кейін ұжымдағы моральдық-психологиялық жағдай әбден ушыққан. Қаланың мәдениет саласы­ның дамуы бас идеологтың идеясына, ойлау қабілетіне, біліміне, адамгершілік этикасына тығыз байланысты екені, айтпаса да түсінікті. Шағын қаланың мәдениет саласын тізгіндей алмай, қызметкерлер арасында моральдық-психологиялық жағдайдың ушығуына жол ашуы, Б.Алимановтың рухани біліктілік дәрежесінің қандай деңгейде екенін айқындап тұрғаны сөзсіз. Қала әкімі тарапынан мә­дениет және тілдерді дамыту бөліміне, ұлттық аспаптар ор­кес­трін ашу туралы тапсырма берілген көрінеді. «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау», болып отыран оркестр туралы айта кетейік. Осы оркестр жайлы да алып-қашпа әңгімелер естіген соң, үстіміздегі жылдың 24-наурызында қала әкімі Н.Қалмұрзаевқа кіріп, оркестр туралы сауалдар қойғанымда, нақты жауап ала алмадым. Әкім оркестрдің құжаты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде деген соң, сол күні сол кездегі бөлім бастығы М.Садуовқа бардым. Ол кісі әлі қаржы бөлінбегенін, оркестрді құру туралы арнайы өкім шықпағанын, бірақ штат кестесі дайын екенін айтты. Алайда, оркестр мүшелері 2011-жылдың қаңтарынан еңбекақысыз тегін жұмыс істеп жатқан көрінеді. Ал қала әкімінің орынбасары, бюджеттік жоспарлау комиссиясының төрағасы Махмұт Қонысовқа кіргенімде, ол кісі де оркестр туралы нақты мәлімет айта алмады. Оркестрдің құжаттары заңға сәйкес құрылған болса, журналистке неліктен мәлімет беруден қашқақтайды? деген заңды сұрақ туындайды. «Мен Кентаудың патриотымын, өз орнымда отырмын, арызда жазылғандарды дәлелдесе, сотқа берсін», деп сұхбат берген Б.Алимановтың идеология саласында қызмет атқарғалы бері, «тындырған істері» осы сияқты. Біз білмейтін басқа қандай істер «тындырғанын» бір құдайдың өзі білсін. Бұрмалаушылықтар мен әділетсіздіктерден шаршап, жалыққан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының ұжымы қала әкімі Н.Қалмұрзаевқа өтініш жазыпты. Өтініш мәтінінде үш айдан бері мәдениет сарайының директоры міндетін атқарушы болып, қызмет істеп жүрген Тәуірбек Дүйсенбиевтің жұмыстан босауына қарсымыз. 12-сәуір күні өткен жиналыста Т.Дүйсенбиевті де орнынан алып тастау туралы ұсыныс болғанын естідік. Өз жұмысына тиянақты, ұжым қызметкерлеріне сыйлы, жұмысты ұйымдастыра білетін басшыны орнынан алып тастау—бұл үлкен қателік деп есептейміз, деп жазылып, 23 адам қол қойыпты. Т.Дүйсенбиев Мәскеудегі ГИТИС-ті және Алматыдаы өнер институтын (қазіргі өнер академиясы) бітірген, белгілі маман. Т.Дүйсенбиев қызметке келгелі бері Кентаудан түлеп ұшқан әншілерді іздеп тауып, «Ән бұлағы – туған жер» атты өнер кешін ұйымдастырып үлгерді. Өнер кеші әсерлі өткеніне Кентаулықтар куә. Кешегі наурыз мейрамының сценариін өзі жазып, театрландырылан көріністермен көркемдеп, кө­рер­мендерге ұсынды. Ұлттық дәстүрлермен айшықталған көріністерді өзім де көріп сүйсін­дім. Ол осы мәдениет сарайында тәуелсіздіктің алғашқы жылдары режиссер болып, алты жылдан астам уақыт жемісті еңбек еткен. Қаланың байырғы азаматтары туған қаласының мәдениетіне, бүгінгі мәселелеріне, болашағына немқұрайды қарай алмайтынын ашық айтып, идеология саласына дүние танымы кең, ақыл-парасаты терең, мәдениеті жоары, көкірек көзі ашық азаматты басшы етіп тағайындау керектігін қадап айтуда. Сондай зиялы азаматтардың екеуімен тілдесіп, пікірлерін сұрадым. Бауыржан Ақылбеков, С.Бәй­тереков атындағы саз мектебінің мұғалімі, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы. –Қаланың мәдени даму дең­гейі құлдырап кетті. Мәде­ниет пен руханиятты дамыту үшін жасалып жатқан іс-шаралар, ағымдық жұмыстардың шеңберінен аса алмауда. Мәдениет өрісін кеңейту үшін, сол саланың мамандарын қызметке таайындау керек. Қаланың идеологиясын басқарып отырған Б.Алиманов қызметін жоғары деңгейде атқара алмай отыр. Кейбір идеясы мықты адамдардың ұсынысын қолдамайды. Ондай адам орнын босатуы керек деп есептеймін. Қалаға жаны ашитын азаматтарды оппозиция деп айыптайды. Мәдениет саласын дамытатын кез келді. Тіпті әкімді осы қаладан сайлау қажет. Жеңіс Берікқара, байыры кенші, әнші, салауатты өмір салтын ұстанушы. – Қаламызда идеологиялық жұмыс жоқтың қасы. Даталы күндерде концерт қойып, жұмыс істеп жатырмыз, деп мәз болады. Б.Алимановтың өзіне: «бас идеологтың қызметіне лайық емессің», деп айтқанмын. Мені содан бері жақтырмайды. Шынында, ол халық үшін рухани маңызды мәселелермен айналыса алмайды. Өнерді түсінбейтін сондай адамға, бір қаланың идеологиясын басқарту- үлкен қателік деп есептеймін. Сондықтан басшылар осыдан қорытынды шығаруы керек. Расында, бір қаланың рухани-мәдени саласы біреудің жекеменшік кәсіпорны емес, қалағанын істейтін. «Балық басынан шіриді» дегендей, бас идеологтың келеңсіз істеріне қала әкімі Н.Қалмұрзаев неліктен көз жұмып қарап отыр екен? Әлде, әкім мырзаның кадр саясатын дұрыс жолға қоюға, тәртіпті қатаң бақылауа және қызметті жоғары біліктілікпен атқаруды талап етуге күш-жігері жетпей ме? Рейтинг көрсеткіші бойынша ылғи арбаның соңғы дөңгелегінде сүйретіліп жүретін, Кентаудың мәдениетінің даму сиқы осындай. Әкімдер келеді, кетеді. Бірі халық үшін игілікті істер тындырады, бірі елдің ішін бүлдіріп тынады. Н.Қалмұрзаев осы екі сатының қай жағында жүргенін халық өзі айтар. Бір нәрсе анық. Әкім болсын, орынбасары болсын, қызметтік міндетін адал, әрі табысты атқаруы тиіс. Әр нәрсе шегіне жеткенде ушығады. Ушыққан жағдайға жауап беретін уақыт та келеді... Мақаланы дайындау барысында моральдық-психологиялық қысымға шыдамай, денсаулығы сыр берген Т.Дүйсенбиев жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын естідік. Ділдәгүл НҰРМАХАНБЕТ