Архимед Мұхамбетов Қостанайдың қақ ортасында "Қызыл алаң" салмақшы
2017 ж. 06 қазан
4018
18
Қостанай жұрты кейінгі кезде «қаламыз Мәскеуге ұқсайтын болады» деп қуанып, қалпақтарын аспанға атып жүр. Мәскеу дегені, әрине, артықтау яғни тым әсірелеу болар, алайда келесі жылы шаһардың қақ ортасында көршіміздікінен ешбір кем емес Қызыл алаң бой көтермек. Бұл хабарды жақында ғана облыс әкімі Архимед Мұқамбетовтың өз аузынан естіп, төбеміз көкке екі елі жетпей қалды. «Қала орталығындағы брусчаткалар әбден ескерген, оның орнына қызылын салып, нағыз Қызыл алаңға айналдырамыз» деп салтанатты түрде уәдесін берді әкім. Біздің әкімнің қашанда өз сөзіне берік екендігін ескерсек, келесі жылы, анау-мынау емес, құны 430 миллион теңге тұратын сол Қызыл алаңда армансыз бір қыдыратын боламыз. Ал егер соның бір бұрышына Кремльдің шағындау түрі мен «күн көсем» жатқан кесенені орнатсақ, тіпті қатып кетер еді. Сонда бір Қызыл алаңның жай ғана көшірмесін емес, нағыз өзінде жүргендей сезініп, мерейіміз бір өсіп қалар ма еді... Сосын келешек жастарымыз да көршіміздің тарихына сүйсініп, нағыз интернационалист болып өссе, кейбіреулердің асыл арманы орындалып та қалар бәлкім...
Жалпы көршімізге көзсіз еліктеп, солардағы жақсы мен жаманды талғамсыз қабылдай беруде тек қостанайлықтарды ғана кінәлау шындыққа қиянат болар. Өзгесін былай қойғанда, Алматыда Жібек жолын сол жерде қыдырып жүрген жастар ғана емес, былайғы жұрттың да «біздің Арбат» дегенін талай естігеніміз бар. Демек, еліктеу мен солықтау көпшілігіміздің бойымызға сіңіп кеткен сырқат болса керек.
Жайберген Болатов
Қостанай
Abai.kz