Ана тілімізді саудаға салмаңдаршы, ағайын!
2011 ж. 08 маусым
1579
0
Қазақстан Республикасының Президент әкімшілігінің жетекшісі А.Мусинге, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулинге, Қазақстан Республикасының Премьер- министрі К.Мәсімовке, ҚР Мәдениет министрі М.Құлмұхамедке АШЫҚ ХАТ
1997 жылы шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР Заңының 4 бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тілі» деп анық көрсетілген. Одан бергі уақытта елімізде тіл саясатын жүзеге асыру үшін мемлекет барша азаматтардың қазақ тілін еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар жасап отыр. Тілдердің қолданыс аясын кеңейту бағытында арнайы «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасы талқылану үстінде. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік тіл саясатына аса маңызды мән бере отырып, жиын-кеңесте және отырыстарда үнемі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру керектігі туралы айтып келеді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «БОЛАШАҚТЫҢ ІРГЕСІН БІРГЕ ҚАЛАЙМЫЗ!» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік тілдің, яғни қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтудің жаңа кезеңінде қол жеткізетін межені нақты белгілеп берді. Қазақ тілін 2017 жылы халықтың 80 пайызы, 2020 жылға қарай 95 пайызы игеріп, ендігі 10 жылда мектеп түлектерінің 100 пайызы осы тілде еркін сөйлеуі керек деп, осы міндеттерді жүзеге асыру үшін тиісті салалар мен жергілікті атқарушы органдарға тапсырма берген еді. Енді міне, Ресейдің бес губерниясымен шекаралас Ақжайық өңірінде бұл мәртебелі көрсеткішке қалай қол жеткіземіз және мемлекеттік тіл саясатын одан әрі қалай жетілдіреміз деген сауал жергілікті халықты және қоғамдық ұйымдарды қатты алаңдатуда. Алаңдауымызға төмендегідей себептер бар болатын. Жергілікті жерде мемлекеттік тіл саясатын орындауға бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Ал, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Махамбет Ықсанғали мырза басқарып отырған ұжымның атқарып отырған іс-шаралары тек есептік, науқандық және қайталама сипатта болып отыр. Жыл сайын қайталанып келетін шаралардың тиімділігі мен нәтижелілігі қандай? Тіл мәселесін жамылып, ағайындар өз ұпайларын түгендеп жүрген жоқ па? Бірер мысал: 2010 жылы өткізілген «Облыстағы мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінде ұлттық тәрбие мен мемлекеттік тілдің оқытылуына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мониторинг жасау және осы қызметтің сапасын көтеру мақсатында ұсыныстар енгізу» (550 000) іс-шарасы бір сөзі өзгерместен 2011 жылдың жоспарында (842 000), аз десеңіз, 2012 жылдың жоспарында (892 000) тұр. Сол сияқты «Үздік емхана», «Үздік қалалық балабақша», «Үздік ауылдық балабақша» т.б байқаулар көбейіп, осы сұранысы төмен шаралардың басым көпшілігін электронды сатып алу тәсілімен белгілі ұйымдар алуда. Облыста қалыптасқан тілдік ахуалға байланысты қоғамда сұраныс пен қажеттілікке айналған шаралар мен жобалар басқарма жоспарынан тыс қалып, оның орнына жаттанды шаралар енгізіліп, нәтижесі сұрақ тудыратын, сапалық деңгейі төмен жұмыстар атқарылуда. Сапалық деңгейі төмен деп айтуға негіз - қоғамдық негізде 2010 жылы құрылған қоғамдық тіл инспекциясының жұмысы. («БҚО тілдік ортаны дамыту жөніндегі қоғамдық инспекцияның процесінде ҮЕҰ, тұрғындар және мемлекеттік басқару органдарының өзара қарым-қатынасын ұйымдастыру» шарасында мемлекеттік сатып алу арқылы ( 1млн 990т) «БҚО ерікті мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жеңімпаз деп танылған). Мемлекеттік тіл саясатының жергілікті жерде жүргізілуіне қоғамдық бақылау жасау мақсатында құрылған тіл инспекциясының жұмысына тіл мамандары мен ғалымдар тартылмаған. Осыдан-ақ мемлекеттік тапсырыстың халыққа деген сапалық қызметі қандай дәрежеде екенін анық байқауға болады. Сол қоғамдық тіл инспекциясы құрамында кіргізілген еріктілердің біреуі де тіл туралы бас қосқан жиында өз ой-пікірлерін еркін айтып жеткізе алған жоқ. Осы жайттан-ақ облыстық тілдер басқармасы басшысы М.Ықсанғали мырза мемлекеттік тіл саясатына немқұрайлылық танытып, ана тілін саудаға, мазаққа айналдырып отырғанын білуге болар еді. Елбасының көрсеткен мәртебелі межесіне қол жеткізу және ана тіліміздің қоғамдағы орнын мәртебесіне сай көтеру үшін басқарма іс-шараларына қоғамдық ұйымдар барынша тартылып, өтілетін шараларға қоғамдық талқы мен талдау, қоғамдық ұсыныс керек емес пе? Неге М.Ықсанғали мырза ана тілі мәселесімен айналысу үшін мүгедектер ұйымын таңдап, тіл испекциясына тіл мамандары мен ғалымдарды тартпады? Мемлекеттік тілге қоғамдық бақылау жүргізген қоғамдық тіл инспекциясынын құрамында сол саланың мамандары мен тілші-ғалымдар болмаса, жүргізілген жұмыстарға ғылыми-аналитикалық, әдістемелік ашық талдау жүргізілмесе, тіл инспекциясының жұмысы қайдан сапалы деп айтуға болады. Осы жылдың 12 мамырында «Нұр Отан» ХДП ғимаратында өткен «Қоғам және тіл» атты жиында қоғамдық ұйымдар мен облыстық депутаттар, ғалымдар мен тіл мамандары және студент жастар тарапынан БҚО тілдерді дамыту басқармасының бастығы М.Ықсанғали қызметіне қатысты көптеген сын айтылды. Жиналғандар М.Ықсанғалидың жұмысына көңілдері толмайтынын айтты және облыста тіл мәселесіне жауапты бірден бір мемлекеттік мекемеде, облыстық тілдерді дамыту басқармасында қалыптасып отырған жағдайға төзбейтіндіктерін жеткізіп, басқарма қызметіне «Махамбет-Шоу» деген қоғамдық баға берді. Батыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының іс-шараларына қоғамдық талдау мен сараптама, қоғамдық бақылау жүргізу мүлде жок. Жыл сайынғы қайталанып келетін, сапалық деңгейі төмен және халыққа берер нәтижесі жоқ, тек қалайда қаржыны игеру деген мақсатпен жасалатын және жоғарғы басшыларына ғана есеп берумен шектелетін іс-шаралар бүгінгі күні қоғамдық сұранысты еш қанағаттандырмайды. БҚО тілдер басқармасының бағдарламасы мен жоспарына облыста қалыптасқан тілдік ахуалға байланысты қоғамда қажеттілікке айналған іс-шаралар мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жолындағы жаңа ғылыми-инновациялық және шығармашылық жобалар мен ұсынымдар кіргізілмеген. Өйткені, Ақжайық өңірінде тіл саласының көптеген білікті мамандары мен ғалымдары болса да, басқармада тіл саясатын тиісінше нәтижелі жүргізу үшін жұмыстарына ғылыми-әдістемелік кеңес пен бағыт-бағдар беретін ғалым-маман жетіспейтіні байқалады. Тілдер басқармасында 12 штат қызметкері болса, араларындағы жалғыз білікті тіл маманы Гүлжайна Бисенғалиеваны да М.Ықсанғали мырза қудалауға түсіріп, 3 жылдан бері соттасып келеді. Ал, қалғандары - басқа сала мамандары. Ондай қызметкерлер тіл мәселесі бойынша өзге салаларға заңдық, әдістемелік кеңес қалайша береді. Оған бір ғана дәлел 2009 жылы Ақсай қаласының үлкен көшесіне шетел азаматы, тірі адам Роджер Фокстің есімін беруіне келісім беріп, қоғамдық пікірден кейін ғана қайта алынған болатын. Облыстық тіл басқармасының мемлекеттік қызметкерлері тіл саясатын жүзеге асыру және Елбасының Жолдаудағы межесін орындау үшін еңбек ету керек болса, М.Ықсанғали бастаған шағын ұжым өзара екі жікке бөлініп, әлі күнге дейін соттасып келеді. Іштегі ауыр моральдық-психологиялық ахуал туралы жергілікті БАҚ-та жиі жарияланып келеді. Осындай ахуал мен қалыптасқан қоғамдық пікірлерге байланысты өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге жауапты тіл басқармасының жасаған шаралары көптің көңілінен шықпай отыр. Жергілікті жерде облыстық тілдерді дамыту басқармасының ішкі жағдайын реттеп және есептік, науқандық және жыл сайынғы қайталанып келетін шараларға уақытында тосқауыл қойылмаса, мемлекеттік тіл саясатының сапалы да нәтижелі жүзеге асуына және Елбасының көрсеткен межесі орындалуына үлкен зиянын тигізері сөзсіз. Ауыл шаруашылық институтын зоотехника саласы бойынша бітірген М.Ықсанғали мырза облыстық басқармада отыра берсе, «өзім білемдікке» салынған шалағай басшы кесірінен тіл саясатын жүзеге асыруда қордаланған мәселелер көбейіп, Елбасының 10 жыл ішіндегі белгіленген көрсеткіші орындалмай, ұлт лидері Н.Назарбаевтың аты мен абыройына кір келе ме деп қауіптенеміз. Талғат Қатауов - «Батыс Алаш» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абзал Құспанов - «Өркен» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қыдыр Абдрахманов - «Жастық үні» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Ізтелеуов - Халықаралық Д.Қонаев атындағы қорының БҚО филиалының төрағасы Ғарифолла Жанбозов - «Дәдем ата» жеке қорының директоры Асқар Тайманов - «БҚО Чернобыль мүгедектері және ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Илан Қабиева - Республикалық «Бибі-ана» қоғамдық бірлестігі БҚО филалының төрайымы Аманжол Зинуллин - БҚО мәслихатының депутаты, тіл жанашыры Амантай Боранқұл - Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Ұлдай Ержанова - М.Өтемісұлы ат.БҚМУ доценті, фиология ғылымдарының кандидаты