Әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі – латын алфавитінде
2011 ж. 24 мамыр
1896
13
Қазақта «Сөз – көмек, тіл – құрал» дейді. Қазақ тілінің қазіргі ақпараттық заманда толыққанды дүниетаным, білім, ғылым, ақпарат құралына айналу барысында 42 әріптен тұратын әліппеміз сал болып тұр. Себебі қазір әлемде ең жиі қолданатын байланыс құралы да, хат жазу құралы да, ол интернет және ұялы телефон. Бірте-бірте осы байланыстың түрі бір-бірімен жақындасып «айпон» секілді құрылымдық, олардың басын біріктіріп тұр. Ойлап қарасақ сол 42 әріптен тұратын әліппеміздің толыққанды аталмыш құралдарға енбеуіне байланысты, күніне мыңдаған қазақ жастары өз тілін бұрмалап жазып жүр. Қазір хат бұрынғыдай қағазбен емес, sмs арқылы жазылуда. Сол хаттарды оқысаңыз «і,ң,қ,ө» жоқ. Себебі, сол ұялы телефонды шығаратын компаниялар үшін 42 әріппен қамтамассыз ету тиімсіз. Екіншіден, шетелге барсаңыз компьютермен елге хат жазғыңыз келсе, болмаса шетелде ұялы телефон немесе компьютер сатып алсаңыз қазақ әріпі жоқ. Амалдың жоқтығынан халықтың көпшілігі біздегі кириллицаның жасанды түрі емес, орыс кириллицасын бұрмалап пайдаланып жатыр. Үшіншіден латын алфавитіне ауысу біздің ұлттық санамыздың отарсыздануының бір жолы. Біз латын ғарпіне көшуіміз керек. Мен бұл ауысуды, бұл шешімді елордамызды Алматыдан Ақмолаға көшірумен ұқсас шешім деп бағалар едім. Себебі, елорданың қай жерде болатынын Мәскеу шешіп келсе, енді Астананы Ақмола етіп өзіміз таңдадық. 42 әріптен тұратын алфавиттен гөрі, латын алфавитін таңдағанымыздың осындай маңызы бар. Тағы бір үлкен маңызы әлемдегі қазақтардың мәдени, рухани тұтастығының жемісі. Себебі, әлемде қазір қазақтың 3 миллионнан астамы шетелде жүр деп есептесек, соның барлығының білетін әріпі, ол латын әріпі. Тіпті әріптік символ емес, иероглифті пайдаланатын Қытай, Жапон мемлекеттері де өз балаларына латын ғарпін үйретеді. Себебі, компьютерді пайдаланғанда латын ғарпі арқылы біледі. Сонымен бірге қазақтың ішкі рухани тұтастығымен бірге, түркі әлемінің де ішкі рухани -мәдени тұтастығын сақтауда латын ғаріпіне көшудің жолы бар. Себебі, осы уақытқа дейін Қырғыздан басқа дербес мемлекеті бар түркі тілдес халықтарының барлығы да латын ғаріпіне көшті. Тіпті, Ресейдің ортасында отырған татарлардың өзі 90 жылдардың ортасында 2011 жылы латын ғаріпіне көштік деп шешім қабылдаған болатын. Бірақ кейін оны Ресейдің конституциялық сотының шешімімен доғарып қойды. Осының барлығын ескере келгенде, біз латын әріпіне көшуіміз керек. Енді кейбіреулер қиындықты айтып жатады. Иә, қиындықсыз Тәуелсіздіктің баянды болуы мүмкін емес, қиындықсыз өзіміздің рухани-мәдени тәуелсіздігімізге қол жеткізе алмаймыз. Ол қиындықтардан қашпау керек. Екінші-үшінші сыныптан бастап білім алған бала шет тілін оқу арқылы латын әріпін біледі және жалпы интернетті, ұялы телефонды пайдаланатын болады. Әлемдегі оқиғаларды алу үшін де, өзіміздің әлемдік брендттерді білу үшін де танып жүр. Әлемде туындайтын жаңалықтардың 80 пайыздан астамы латын ғаріпін пайдаланатын елдерде туындайды. «Компьютер мен ұялы телефон темір ғой, біз сонда темір үшін алфавитімізді ауыстыруымыз керек пе?» дейтін күлкілі сөзді де естідім.. Компьютер мен ұялы телефонды темір дейтін адам үшін, кітап- жай қағаз. Меніңше, осы мәселелерді алдағы өткелі отырған Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында қарау керек. Құрылтайдың жұмыс тобында талқылауды қадағалау керек. Бұл қазақ руханияты, қазақ мәдениеті үшін әлем қазақтарын біріктіретін кезек күттірмес шара.