Шаруасы озған Шардара
2011 ж. 24 мамыр
2523
2
Етекке жармасып, елге іріткі салатындарға ермейді...
Қазір қай жерде де, жайғасып қалған орынын, мейлі ол мемлекеттік болса да, меншігіндей көріп, менмендік танытатындар көбейіп барады. Бұрын бұндай жабыспалық жайлы да, майлы орындардың басын ұстаған мекемелер мен кәсіпорындар басшысыларында болса, қазір, тіпті, қоғамдағы сондай келеңсіздіктерге қарсы шығуы тиіс аудандық газет редакторынан да шыққанына куә болған елдің біраздан бері басы ауырып, балтыры сыздауда...Бас редакторлықты басыбайлы мансабына айналдырып, ширек ғасырдан бері бетіне келіп, турасын айтатындарға қарсы пайдаланып келе жатқан Жұмабек Мұқанов былтыр республикалық газеттерде көтерілген өзінің жекеменшік «Әйтеке би» қорындағы және аудандық «Шардара тынысы» газетіндегі қоғамдық райды бұзған келеңсіздіктерге байланысты желтоқсанда орнынан алынып еді, өзін тақтан құлаған патшадай сезінген ол әлі «өзіне келе алмай» жүр. Өзіне келе алмағаны сол, аудандағы ынтымағы берік елді аудандық газет арқылы алатайдай бүлдіріп келген әрекетін енді ол «жабайы» түрде бастай бастады. Ауылдағы әлдебір Арға «Дақ» салып жүрген басылымға ешкім баспаған мақалаларын алып келіп тоғытып, әркімнің атынан жариялауда. «Жабайы» түрде дегеніміз, Ел ынтымағына Елбасы саясатына қарсы рушылдық отын жағатын, ешқандай дәлелсіз, авторсыз айтылған сөздерді ошақ басында отырғандардай қоздата беру отыз жылдай аудандық газет басқарған адамның қолынан шығып жатыр дегенге сенгің келмейді. Ауылдағы жүрген жеріне шөп шықпайтын Қалдыбек Дәуренбеков деген ағамызды қалай тауып алғанына таңғаласың! Оның әлгі газетке жазған «Біз Шардарадан көшпейміз» деген тақырыбының өзімен арандата айқайлап тұрған сандырағын қалай ұялмай жазғанына, біздің атымыздан сөйлеуіне қалай күймейсің? Мұқановтың «ең басты қаруы» әкім жүзге бөледі» дегенді жүзі күймей қалай айтқанына таңғаласың. Мен Жұмабек Мұқановпен де, Қалдыбекпен де рулас ағайын елдің баласымын, олардың інісі ретінде айтарым, бұл әкімге ғана емес, Шардара секілді шаруасы озық, ынтымағы берік елге жабылған қып-қызыл қызылкөздік жала! Дәлел керек пе, кеше ғана шалғай аудан Шардарада әнін шырқап, жырын жазып, газетін шығарып жүрген, республикалық әншілер мен термешілер байқауының бірнеше рет жүлдегері, қарапайым менің 50 жылдығымды дүркіретіп өткізіп берген жоқ па? Сонда бір адам маған «кіші жүзсің» деп қараған жоқ, бауырдай құшақ жайып, батасы мен алғысын беріп жатты. Ал кезінде қазір су ішкен құдығына түкіріп отырған Жұмабек Мұқановтың 50 жылдығын шардаралықтар тіпті дүркіретіп өткізгенін бәріміз білеміз. Қалдыбектің де, Жұмабектің де сазайын ең алдымен ағайындарымыз беріп жатыр... Аудандық «Өскен өңір» газетінде біздің қадірлі ағамыз, қашанда ақиқатын айтып, ел ішінде Асау атанған Есембай Абылов екеуіне де: «Жастарды арандатпаңдар! Сендерге біздің атымыздан сөйлеуге кім рұқсат берді? Қашаннан сендер ел атынан сөйлегіш болып қалдыңдар!?» -деп елдің сөзін айтып, ынтымаққа қарсы шығушыларды сойып салды. Ал талай жыл ұлағатты ұстаз болып, 20 жылдай мектеп басқарған, Шардара ауданының құрметті азаматы Маханбет Мұңалбаев ағайыны Жұмабектің кезінде талайға жазықсыз жала жапқанын, соның бірі өзі екенін, кейін сот арқылы жеңілгенген соң оның әдеттегідей жүгіріп келіп кешірім сұрағанын айтып, енді елге іріткі салуды доғармай келе жатқанын өткір сынайды. «Менің сенімен рулас екенімді шардаралықтар түгел біледі. Сондықтан сені жақсы білемін десем қателеспеспін. Жазықсыз адамдарды қудалау, олар жайлы өзің басшылық еткен газетіңе том-том жалған мәліметтер жариялап, кісінің ар-намысына тию сенен басталған секілді. Адамдарды қорлап, ар-намысына тиіп жазған мақалаларың үшін сот алдында, газет арқылы да жазбаша бірнеше рет кешірім сұраған сәттеріңнің болғанын өзің де, шардаралық оқырмандар да ұмытқан жоқ. Адам баласына жасаған қиянатты Алла алдыңнан келтіретінін ұмытпа.Мен саған жазған хатымды: Тұрған жерді жамандама, кірер көрің, Тұрған елді жамандама, шығар төрің, - деген даналық сөзбен аяқтағым келеді,-дейді ардақты ағамыз. Жақында елдің сөзін айтып жүрген, өзіміз сүйіп оқитын әйгілі газетіміз «Жас Алашта» «Шардараны шулатып жатқан әкім мен ақын» деген мақаланы оқыдым. Тақырыбына қарамай бірден оқи бастаған адам «Мынау қандай әулие ақын туралы сөз айтып жатыр екен» деп қызығады... Тіпті, ақиық ақынымыз Төлеген Айбергеновтың ақындық жайлы әйгілі жыр жолдарын қате жазса да, маңдайсөз етіп алғанын қайтерсің... Біраз толғаған соң барып, оның кезінде талайды жазықсыз күйдіріп, кейін сот арқылы кешірім сұрау әдетіне айналған, газеттен кеткенге... қазақтан кеткендей болып, елге іріткі салып жүрген, өзін орнынан алып, әділдік орнатқан әкімге сол үшін жазықсыз жала жауып жүрген өзімнің ағам... Жұмабек Мұқанов туралы екенін біліп таңғалдым... Ал мақала авторы... кезінде біздің аудандағы тәуелсіз «Шартарап-Шарайна» газетінде қызметінен бір саты төмендеткені үшін... директордың соңына екі жыл түсіп, Жұмабек басқарған «Шардара тынысы» басылымына жамандап жазып жүрген, ақыры ұжымымыз зорға құтылған өзімнің рулас інім Аман Жайымбетов екенін көргенде барып... бәрі де түсінікті болды... Әйгілі мақалды ауыстырып, «Ағама інім сай екен ғой» дейсің еріксіз... Ақыр айттық, енді осы Аман інім соғып отырған кейбір жайларға тоқталайық. «Ж. Мұқановты “әкiм жаңа келген кезде мақтап, кетер кезде жамандап шығарып салады” деп жазғыратындар бар. Әрине, жаңа келген әкiмнiң жағасына жармасқан жақсы емес. Оның үстiне жаңадан келген адам жаманмын деп келмейдi. Мысалы, Шардараның бүгiнгi әкiмi Марғұлан мырза да ә дегеннен бiраз шаруаны еңсерiп тастайтындай болып “дауылдатып” келдi. Тiптi көпқабатты үйлердiң нәжiске толы жертөлелерiне түсiп, шiрiген құбырлар мен құлауға шақ тұрған үйлердi аралап көрдi. Мәселенi көп ұзатпай шешiп беретiнiн айтып, жұмысқа бiлек сыбана кiрiстi. Әрине, ақ саусақ әкiмнiң бұл әрекетiне қуанған бiздер бiрнеше рет газетке жаздық. Әр ауылдан бiр-бiр өндiрiс орнын ашуға ұйытқы боламын дегенде жұмыссыз жүрген жастар көктен iздегенi жерден табылғандай қуанды. Алайда, одан берi екi-үш жыл өтсе де айтылған уәденiң орындалғанын байқамадық,-» деп соғады ол. Анығын айтсақ, ауданның өсу қарқынын оның бюджетіне қарап-ақ анықтауға болады. Бұл Аман білмегенмен, мектеп бітірген сауаты бар әркім білетін өлшем. Ал аудан бюджеті әкім болып, жас та болса, бас бола білген Марғұлан Марайым келгелі үнемі көбейіп, 3 есеге өскен. Мысалы, 2007 жылы аудан бюджеті 2,6 млрд. теңгені құраса, 2011 жылы 7,85 млрд. теңгені құрап, бұл 2007 жылмен салыстырғанда 294 пайызға артқан. Оның ішінде жергілікті бюджет кірістері 2007 жылмен салыстырғанда 421 пайызға артып, 4 еседен асқан. 2010 жылы өндірілген өнеркәсіп өнімі 3411,8 млн.теңгені құрап 2007 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 123 пайызға артқан. (2008 жылы 2773,7 млн.теңге) Негізгі қорға бағытталған инвестиция көлемі 2010 жылы 8646,1 млн.теңгені құрап 2007 жылмен салыстырғанда 569 пайызға артқан. (2007 жылы 1519,4 млн.теңге). Жалпы 3 жыл ішінде аудан экономикасына 51217,4 млн. теңге инвестиция тартылған. Ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2010 жылы 9033,4 млн.теңгені құраса, 2007 жылы 8378,7 теңгені құрап, тиісті мерзіммен салыстырғанда 107,8 пайызға артқан. Аудан бойынша орташа айлық жалақы 2010 жылы 51643 теңгені құраса, 2007 жылы 33847 теңгені құрап тиісті мерзіммен салыстырғанда 144,8 пайызға артқан. Аудан бойынша 2010 жылы 732 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады, өткен 3 жыл ішінде 1045 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал елге нәсіп болып отырған кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы саласын айтар болсақ та, ауыз толтырар жетістіктер жетерлік. Аудан бойынша 2007 жылдан бері 18 канал механикалық тазалаудан өтті, нәтижесінде 2010 жылғы егіс көлемі 2007 жылға қарағанда 8502 гектарға артып 49194 гектарды құрады (2007 жылы 40692 га). Нәтижесінде ауылшаруашылығы саласында қосымша 6000-ға жуық адам жұмыспен қамтылды. 2011 жылы ағын су жүйелерін жөндеуге 4 каналды механикалық жөндеуден өтеді, нәтижесінде айналымға 2000 га жер іске қосылады. 2008 жылы дайындалған аудан экономикасын дамытудың кешенді бағдарламасы негізінде кіші және орта бизнестің шикізаттық емес секторын дамыту арқылы экономиканың өсімін қамтамасыз ету мақсатында ауданда бірқатар басымды инвестициялық жобалар іске асырылуда. Сөзіміз құрғақ болмас үшін оларды да атап кетейік: 1. Шағын қант қызылшасын өңдеу зауыты; 2.Балық өңдеу зауытын қазіргі заман талабына сай кеңейтіп іске қосу; 3. Май жем комбинаты іске қосу; 4. Күрке тауық фермасын ұйымдастыру; 5. Мақта өңдеу зауытын салу; 6. Инкубациялық станция құрылысы; 7. Жіп иіру және мата тоқу комбинаты құрлысы; 8. Ет және тері өңдеу кәсіпорны және т.б. Бұл жобалардың бірқатары іске асырылды. Нәтижесінде 500-ден аса тұрақты жұмыс орындары ашылды. Бірқатарының құрылысы жүргізіліп 2011 жылы іске қосылады. Жаушықұм өңірінде 3300 га жерге агроаймақ ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске асқан жағдайда 6000 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, экономиканың күретамыры болып саналатын өнеркәсіп, ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 3 пайызға артады. Бұдан басқа да қарсы дәлелдерді айта беруге болады. Мысалы, Аман Жайымбетов әкімді аудандық «Шардара тынысы» газетін жапты дейді. Ал оның орнына кезінде Мұқанов өзінің жазықсыз жала жапқан адамдарының сотынан қашып, (4 рет соттасып, жеңілген) ауданмен бірге жасасып келе жатқан тарихи «Өскен өңір» газетінің атын ауыстырған жандалбасасын айтпайды. Ол әділетсіздікті әкім қалпына келтіріп, ауданда қазір «Өскен өңір» газеті түрлі-түсті болып жарқырап шығып жатқанын әдейі жасырып қалады. Қазір аудандық газеттің қызметкерлері бұрыңғы бас редакторлары Жұмабек Мұқановтан баяғы қарыз болған жалақыларын ала алмай жүргендеріне талай ай болды. Оны айтпайтын себебің, Жайымбетов інім, жайың белгілі, күнде бірге мақала жазысып, елді бірге шулатып жүрген көкеміз қасында, баяғыда өзің алып алған болуың керек. Ал аудандық газет қызметкерлері Сырдария аймағы бойынша ауданаралық қаржы полициясына жалақысын өндіріп беру жөнінде арыз жазған. Бұл бойынша нәтиже шықпаған соң 2011 жылғы 14 ақпанда № 113 хат жазып, бас есепші, Мұқановтың туған келіні С.Исаеваның үстінен кылмыстық іс қозғау туралы сұраныс жіберілген. Бұлардың бәрі Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің республикалық басылымдарда көтерілген мәселелерге байланысты «Шардара тынысы» газеті редакциясына аудандық бюджеттен бөлінген қаржы мен «Әйтеке би» қорына түскен ел қаржысының қалай жұмсалғанын анықтауды сұраған 2010 жылғы 15 желтоқсандағы шешімі бойынша Сырдария аймағы бойынша ауданаралық қаржы полициясына жолданған 2011 жылғы 14 ақпандағы № 02-282 хат әлі күнге қараусыз жатқаны туралы туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті (қаржы полициясы) бастығы М.Хайруллинге жазған 2011 жылғы 14 наурыздағы хатында анық баяндалады. Бір қызығы бұл хаттан кейін де «Шардара тынысы» газеті де, «Әйтеке би» қоғамдық қорын да тексеру әлі күнге созылып келеді. Керісінше, Жұмабек Мұқановтың 2011 жылғы ақпандағы хаты бойынша Шардара аудандық ардагерлер кеңесі тексеріліп, заң бұзушылық табылмаған. Аудандық газетке кеткен мемлекеттік ақшаны (газет қызметкерлері әлі жалақысын ала алған жоқ, өйткені бас есепші С.Исаева құжаттарды алты айдан бері әлі өткізбей қашып жүр), «Әйтеке би» қорына кеткен қалың елдің миллиондаған қыруар қаржысын (ол миллиондар туралы Мұқановтың әр газетке берген сұхбаттарынан-ақ дәлелдеуге болады) тексермей келе жатқан облыстық Қаржы полициясы аудандық соғыс ардагерлері кеңесіне шүйлігеді... Бұл жерде не деуге болады? Әлде, Мұқанов «жақсы білетін» рушылдық пен жүзшілдік осы жерде ерекше рөлін атқарып тұр ма екен? Кеше ғана Елбасымыз республикалық кеңесте «Сыбайлас жемқорлықпен кім күрессе, мен соның жағындамын» деп мәлімдеп, қылмысқа қарсы соғыс ашқан жоқ па? Әлде, Елбасымыздың сөзі біздің Оңтүстікке әлі жетпеген бе? Жайымбетов айтар дәлел таппағасын, Мұқановтың той-томалағында айтылған бұрыңғы облыс әкімінің бірінші орынбасары, руханиятқа қамқор рухы биік азамат, бүгінде Өскеменнің өңін кіргізіп отырған жерлесіміз, іскер әкім Ислам Әбішевтың сөздерін келтіріпті. Туған күнде отырғанда турасын айтып, «ел бүлдіргеніңді қой» дегенді ел көзінше айтпайды ғой біздің қазақ. Бірақ оңашада Жұмабектің талай бетіне басып, тіпті сыбағанын да жазуың керек еді Жайымбетов ақыр жазғасын... Сонымен бірге автор Мұқановтың бар айтқанын істеп, «Әйтеке би» қорына бар жағдайды жасаған (ол халық қорының жеке басты қорландырып жатқанын қайдан білсін) ауданның бұрынғы әкімі, іскер азамат Серікбай Ибадуллаевтың соңына қалай түсіп, қалай жала жапқанын жасырып қалып, оны жәй нәрсе етіп, жуып-шайып көрсетіп, қайта Жұмабектің есебіне пайдаланыпты. Жайымбетовтың жайы белгілі ғой, оның шамасы келмейтін ескі әдіс, таныс қолтаңба бүкіл мақаладан көзге ұрып тұр. Ал отыз жылдай майшелпек еткен қызметтен айрылғанына бола кек қуалап, көпке топырақ шашып жүрген, онысын әдеттегідей керісінше «халық қамы үшін, шындық жолында құрбан болу» деген жалған атпен жамылғысы келетін ағам Жұмабек Мұқановқа айтарым, ақын деген атта анық қалғыңыз келсе, енді елді бүлдірмей, біздің атымыздан жалған мәлімдемелер жасамай жайыңызға жүрсеңіз дұрыс болатынын түсінер жасқа жеттіңіз ғой деймін! Аман Жайымбетов секілді адасып жүрген інілеріме айтарым, халықтың атынан сөйлейтіндей аухалың жоқ екенін жақсы білесің, кім саған ондай құқық берді? Бір адамның қарабасының қамы үшін ғана, халыққа теріс ақпарат таратып, айрандай ұйыған елге іріткі салудан аулақ бол? Сонда Мұқанов аудандық газетте жазықсыз жандарды қаралап, елді бөліп, отыз жыл болса да, омалып отыра берсе, әкім кіші жүзге қарсы болмайды да, ал ел талабымен орнынан жұлып алса, біздің ағайындарға қарсы болады екен ғой... Осындай орға жығатын ойларға еретін ағайындарымды аяп, бірдің қара басы үшін бірлікке қарсы тірлік етпеуге шақырамын. Бұл менің азаматтық та, ағайындық та парызым!
Әбдіғаппар АЙДАРОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы. Шардара қаласы «Жас Алаш» газеті, №38, 17 мамыр, 2011 жыл