Мердігер мекеменің жұмысына сын айтылды
2017 ж. 04 тамыз
2194
1
Кеше облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Панфилов ауданында болып, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстарының барысына сын айтқан облыс әкімінің орынбасары құрылыс компаниясы үшін жұмысты аяқтау мерзімін 20 тамыз деп белгілейтінін қадап айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аудандық орталық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарын 173 млн. теңгеге тендер бойынша ұтып алған «Фирма Лан» ЖШС жұмысты кестесінен белгісіз себептермен кешіктіріп жатыр. Жөндеу жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған және биылғы жылдың маусым айында бітуі тиіс еді. Алайда екінші кезеңнің жұмыстары әзірге 80 % ғана аяқталған.
Қазіргі кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан аталмыш құрылыс компаниясын келісім бойынша міндеттерін жауапкершілікпен орындамағаны, атап айтқанда жұмысты мерзімінде аяқтамағаны үшін ықылассыз жеткізушілердің тізіміне енгізу және тұрақсыздық айыбын төлету, сонымен қатар жұмысты аяқтауға міндеттеу туралы сотқа талап арыз түсірді.
Белгілі болғанындай, бас мердігер екі ай бойы жұмысшыларға жалақы төлемеген. Соның салдарынан жұмысты аяғына жеткізетін ешкім қалмаған, енді бұл проблемалық мәселе сот тәртібімен қаралып жатыр. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Төлеу Сарпековтің айтуынша, құрылысшылар жұмысты сапалы орындаған, егер де олар жұмыстың қалған бөлігін белгіленген мерзімде аяқтағанда, емделушілер мен медицина қызметкерлеріне қандай да бір қолайсыздық тудырмаған болар еді.
Ал күрделі жөндеуден өтіп жатқан Н. Крупская атындағы орта мектептегі жағдай көңіл көншітерлік. Мұнда бас мердігер - астаналық «Нұрсад» ЖШС фирмасы 156 млн. теңгеге ғимарат қабырғасын жөндеу, еден, терезе, есіктерін, сондай-ақ шатыр жабындысы мен жылыту жүйесін ауыстырумен қатар, мектеп ауласын абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.
Нысандағы құрылыс жұмыстарымен таныс болған Жақсылық Омар жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау үшін қосымша жұмыс күшін жұмылдыру туралы ұсыныс білдірді.
- Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық құрылысы жүріп жатқан нысандардағы жұмыстар 20 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Сол себепті, құрылыстың сапасы мен құрылыс жұмыстарының қарқыны біздің ерекше бақылауымызда. Күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы жеткілікті көлемде бөлінді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан да барлық қажетті көмек көрсетілуде. Олай болса, осы нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруге ешбір кедергі жоқ, - деп атап өтті Жақсылық Мұқашұлы.