Қытай билігі қандастарымыздың төлқұжаттарын тартып алып елге жібермей отыр - БАҚ
2017 ж. 24 шілде
5369
17
Алып Қытай мемлекетінде адамдық құқық пен қоғамдық демократияны табанға таптаған, біз біле бермейтін ессіз ережелері мен ақылға сиымсыз заңсыздықтарының кері әсері, қоғамның дамуына жағымсыз ықпалын тигізіп қана қоймай солқылдатқан жарақаттай күннен күнге қоздап, ышқына күшейіп келеді. Бұл туралы Қамшы порталы хабарлайды.
Қытай мемлекеті мен Қазақ мемлекеті ежелден іргесі сөгілмеген тату-тәтті көрші, сенімді серіктес дос ел. Екі ел арасындағы әлемдік деңгейдегі бірлескен ірілі-ұсақты іс-шаралар, сыртқы сауда-саттық байланыстар, өңірлік саясат салалары күннен кунге қарқынды дамып, нығыздалып, нығайып келеді. Қазақстан география жағынан айтқанда Қытайдың Еуропаға шығатын жалғыз да сенімді көпірі, әрі еш кедергісіз келетін энергия көзі екенін анық білген Аспан асты елі, өз мақсатына жету үшін Қазақстан билігімен жиі-жиі бас қосып маңызды да мазұнды жиналыстар өткізіп, Қазақстанның мемлекеттік жоба жоспарларына өзінше көмек берген сыңай танытып, жан сала жақындай түсіп, жыбырлап жылжып та келеді.
Қытай ақпарат көздері көбінесе «дүниедегі ең сенімді әріптесіміз, досымыз – Қазақстан» - деп жар салады. Егер шынымен де Қазақстанды сондай адал дос деп санаса, онда, сол мемлекетті құрап отырған негізгі халық - қазақ ұлтын да сондай дос көреді деген сөз. Қазіргі таңда, Қытайда бейресми санақ бойынша 2 миллион қазақ тұрады. Ал Қытайдың сандық мәліметі бойынша 1миллион 600 мың қазақ ұлты өмір сүруде. Қорыта айтсақ ,қытай біздің бүге -шігемізді анық та қанық біледі. Олай болса, осы жерде қытайлар шынында да қазақ ұлтын жақсы көреме, шынымен жанашырлық істей ме деген заңды сұрақ туындайды? Себебі қазіргі Қытайда болып жатқан жайсыз жағдайлармен құбылмалы құйтұрқылықтар, жаңадан шығарып жатқан «қисынсыз ереже-тәртіптер» бұл сұраққа тек қана «жоқ» деп жауап бере алады.
Қытайда жалпы Шыңжаң өлкесі жер көлемінің жартысына жуық бөлегін ұстайтын Іле Қазақ Автономиялы облысы болып 4 қала, 24 аудан 150-ге тарта ауыл бар. Қазақтар жиы қоныстанған 1 миллион 600 мың қазақ негізінен осы облыста тұрады. Біз білетін қытай 2000-шы жылға дейін осы қазақтарға ерекше үңіліп, құрмет көзқараспен қарап тіс тырнағын аса батыра қоймаған еді. Тіпті сол қазақтардың Қазақстанға емін-еркін кіріп-шығуына, оқуына, көшіп-қонуына еш кедергі жасамаған.
2000-шы жылдардан бастап 1000-ға тарта қазақ тілді мектептер, аяқастынан бірден қытай тілді мектептерге қосылып жіберілді. Осы осқырынған одағай саясаттың кесірінен қытай елінде өз ана тілін білмейтін, ұлттық сезімнен жұрдай, дүр мінезді, дүбара ұрпақ өсіп келеді. Бұрын қазақша іс-қағаздармен жүретін өкіметтік органдар мен мекемелерді түгел дерлік қытай тіліне ауыстырды. Осының салдарынан, қазіргі таңда тіпті қазақи болмысы да өзгешеленіп кеткен. Тіпті өз баласын өз ана тілінде сөйлете алмай, ата-ана мен бала арасындағы ортақ тілдік, отбасылық тәрбие, тәртіп бұзыла бастады. Осыны көрген әр қазақ келер ұрпағының болашағына алаңдап, «ұлт болып қалама, қалмай ма? » деген қорқыныш бойын биледі.
Сондықтан аттың басын елге бұрған қандастарымыз көбейді. Әрине олар жан бағу үшін емес, ұрпағын сақтап қалу үшін келді және келгісі келеді. Ал Қазақстан үкіметі де осыған дейін шеттен келген қандастарымызға, ыстық құшағын ықыласпен жайып, қуана қарсы алып, мемлекет бойынша тиісті заң-ережелер шығарып, бағдарлама жасап жатыр.
Бізде осы қазақ елінің бір азаматы ретінде, Елбасының ұлы саясатын қолдап, «шеттегі қазақтың тарихи отанына оралуына тек мемлекет қана айналысады» - демей, өз үлесімізді қосу мақсатында, осындағы ұлтжанды біраз азаматтар мен азаматшалар бірігіп, қандастарымызды елге шақыру мақсатында Қытайдағы 4 қала, 24 аудан бойынша, WEICHAT ақпараттық желісі арқылы топ құрып, қандастарымызға Қазақстанның қазіргі даму жағдайын, жер-су жағадыйын таныстырып, Елбасы бекіткен солтүстік аймақтардағы 7 облыс бойынша жер жағдайы, кәсіппен айналысу, мал бағу, егін салу т.б. ақпараттарды үзбей беріп, оларды елімізге келіп еңбек етуге үгіт жүргізіп келеміз. Осының нәтижесінде көптеген қандастарымыз елге көшіп келуге дайындалып, кейбірі үйлерін сатып, жүгін буып-түйіп, алдағы мектептің жаздық демалысына қарай аттың басын Атажұртқа тартуды жоспарлап, тас-түйін дайын болған еді.
Өкінішке орай осы жылдың басынан бері Қытайдың жергілікті үкіметі шұғыл түрде заңсыздықтарға көшті, яғни осы қандастарымыздың Қазақстанға еркін көшіп келуіне ашықтан ашық қарсы іс-қимылдар жасады және қазірге дейін жасап келеді. Атап айтар болсақ, олар төмендегі бірнеше заңсыз тиымдар:
- Қытайдағы қандастарымыздың қолдарында заңды төлқұжаттары еш себепсіз жиып алып, оны қайтарып бермей немесе отбасындағы бір мүшесіне (баласына не әйеліне) төлқұжат бермей, олардың Қазақстанға отбасымен толық келуіне тыйым салып отыр;
- Қазақстанға көшіп келу үшін төлқұжатқа жаңадан өтініш берген отбасына төлқұжат жасамай сол арқылы тұтас бір отбасын жіпсіз байлап отыр;
- ҚХР да 30-40 жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан соң, бала-шағасын ертіп, заңды түрде Қазақстан Республикасына көшіп келген зейнеткерлерді Қытайға қайтадан шақырып алып, оларды Қазақстанда тұрақты тұруына руқсат бермей, отбасынан айырып, тек ҚХР-да тұруға мәжбүрлеп отыр. Егер олар ҚХР-ға бармаса және ҚР азаматтығын қабылдаса, оларға «зейнетақыларыңды тоқтатамыз» деп қорқытуда. (ҚХР 1985 жылғы заңында, шетел азаматтығын алған зейнеткерлердің зейнет ақысын тоқтатпау туралы анық жазылған);
- Қытайдағы қандастарымыз, ұрпағын сақтау үшін, балаларын Қазақстан Республикасының бала-бақшаларында, мектептерінде, ЖОО оқытып жатыр. Ал Қытай үкіметі осы оқушыларды еш себепсіз шақыртып, Қазақстанға оқытуға тыйым салды. Егер олар Қытайға оралмаса, ол жақтағы әке-шешесіне, туыс-туғанына ерекше қысым жасап, қорқытуда;
- ҚХР-ның Қазақстандағы елшілігі, Қазақстан азаматтығын алған қандастарымызға, Қазақстанның жергілікті азаматтырымен тең дәрежеде қарамай, оларға Қытайда туылғаны үшін, «топтық виза», «электронды виза» түрлерін бермей отыр;
- Қазақстанға көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған қандастарымызды ҚХР жергілікті үкіметі шақыртып алып, оларға өзі тұрған орыннан тіркеуін өшіруін талап етіп, осы арқылы көшіп келген қандастарымызды жаппай Қытайға шақырып, түрлі тексеруден, көптеген органдардан руқсат сұратып, оларды қинауда. Ал заң бойынша бұл тіркеуден өшіру, Қазақстандағы ҚХР елшісінің жұмысы.
- ҚХР-дағы қандастарымызға түрлі үрей тудыратын, ауызша заңдар жасап, оларға Қазақстандағы туыс-туысқандарымен байланыс орнатпауға, Wechat, WhatsApp сияқты байланыс құралдарындағы топтардан шығуға мәжбүрлеп, ұлттық мерекелермен құттықтауға тыйым салып, осы мәселелер бойынша жаппай сұраққа алынуда;
- WeChat әлеуметтік желісінде Қазақстандағы туыстармен хабар алысып, әңгімелескені және бұрын Қазақстанға барып келгені үшін, 2017 жылдың 4 маусым күні ҚХР ШҰАР өкіметі жиналыс ашып, «Екібеткейлермен күресу» деген қаулы қабылдап, оларды жаппай тексеріп, сұраққа алып, «Саяи үйрену» деген атпен, арнайы орындарға алып кетіп, 1 айдан 1 жылға дейін қамап жатыр. Осы «Саяси үйренуге» барған азаматтар ендігі жерде «сотталған адам» ретінде есепке алынып, оларға шетелге шығуға тыйым салынады;
- Ең сорақысы - Қазақстанды 26 тыйым салынған, қауіпті мемлекеттер тізімне енгізіп, Қазақстанға келіп-кетіп жүрген қандастарымызы сұраққа алып, «саяси үйренуге» алып кетіп жатыр. Осыған байланысты Шыңжаң өкіметі жер-жерден жаппай ашық түрмелер салуда;
- Қытайдағы ҚР Төлқұжат-виза қызмет орталығында, тек көшіп келетіндерге арнайы көші-қон визасын, кезексіз берілмеуіне байланысты олар кез-келген уақытта визаларын ашып, көшіп келе алмай отыр;
- ҚХР жергілікті үкіметі, азаматтардың шетелге соның ішінде Қазақстанға шықпауын қаматамасыз ету үшін, оларды жаппай партияға өтуге мәжбүрлеп, сол арқылы партияға өткендер, шетелге шығуға болмайтынын заңмен ескертіп жатыр.
- ҚХР осы уақытқа дейін әлемдік 4 үлкен дінді, соның ішінде Ислам дінін мойындап, жергілікті тұрғындардың дінге сену бостандығы туралы заң қабылдап, олардың ислам қағидаларымен жүріп-тұруына, мереке өткізуіне, мешіт салуына, намаз оқуына заңмен руқсат берген, бірақ осы соңғы бірнеше ай ішінде өмір бойы осы мешітте мемлекет жағынан белгіленген имамдарды жаппай түрмеге алып, алдын «түмеде өз-өзіне қол салды»- деп (нақты екі имам), мүрдесін тексеруге бергізбей, күштеп тез жерлеткен. Ал әр мешітте әдеттегідей намаз оқитын ата-әжелерімізге дейін қатаң сұраққа алып, оразада ораза ұстамауға бұйрық берген, түнде үйлерді аралап, шамы жанғандарды «сәресі іштің»- деп түрмеге алып кеткен.
Жоғарыдағы заңсыздықтар елімізге келуге дайын болып отырған қандастарымызды жіпсіз байлап, түрлі үрей мен қорқынышқа толы өмір өткізуде. Бұл заңсыздықтар Қытай заңына да Халықаралық заңдарға да қайшы екені баршаға аян.
Оразұлы Қыдырәлі, Алматы