Қазақ көшінің қаңтарылуына кімдер мүдделі?
2011 ж. 18 мамыр
1851
0
Мемлекетіміз тәуелсіз ел болғанымен империяның құшағында ұзақ отырып, құлдықты қанымызға сіңіріп алуымызға байланысты көп жағдайда көршілерге жалтақтайтын жаман әдетіміз бар. Соның ішінде сорпа-суанымыз, көрпе-жастығымыз көп араласқан орыс ағайындардың қабағына жиі қарағыштаймыз. Ал Ресей мемлекеті де «атаңды Қаратауда бір жығып ем» дегендей көне қожайындық айбатынан айрылғысы келмейді. Біздің елде отырған өз қандастарының жай-күйін жиі бақылап отырады. Қанша дегенменде империялыққа, өктемдікке үйреніп қалған ел болғаны үшін десі де сесі де басымдау. Қандастарын қарашығындай көреді. Тіпті соларға қалай жағамыз деп көлгірсуге баратын біздерді көзге ілмейтін сәті де аз емес. Олай болса, қазақстандағы орыс ұлтының санының күн сайын азайып, қазақ ұлтының ұлттық құрамының барынша көтерілуі оларға жақпайды. Және де өзіне көршілес жатқан қытай шекара аймақтарының ұсақ ұлттардан тазарып, жалғыз қытайдың шеңгелінде қалуына да мүдделі емес. Көршілес елдер ара әр түрлі мәміле «қытайдың ұйғарымымен емес, менің ымымен шешілуі керек» дейтін ішкі мен-мендігі тағы бар. Қазақстандағы ұлт мәселесінің күрмеулі күйде сақталуы оларға зиянсыз. Әуелі біздегі орыс ұлты мен өзіндегі қазақ ұлтының мүддесін саудаға салуданда тайынбайды. Осындай себертерге байланысты орыстар қазақ көшінің қанаттануына біздегі ұлтсыздар мен орыстанған қазақтар арқылы жасырын кедергілер жасайды. Ал, қытайға келсек – «оның жан саны күн сайын артып келеді, қазақтардың тез кетіп қалғаны оларға тиімді емес пе» деушілер бар. Мүлде олай емес. Оларға қазақтың қытайға айналуы, ал таза қара қытайдың өз териториясынан шет аймақтарда өмір сүруі барынша тиімді. Осылай болғанда мемлекет қауіпсіздігіне саятын саясаты мен әлем елдерін жаулау идеясын өзінің ұпайына тән көмескі тәсілдермен сәтті алып барады. Орыстар ойлағандай Қазақ мемлекетінің қазақтанып кетуі, ұлттық мәселелерде қайшылықсыз қалуы да оларға жағымды әсер бермейді. Ал одан қалса қытай елі қытайдағы қазақтарды өзінің ата-бабасының жерінде отыр дер мойындайды. Өзінің байырғы мекеніндегі халықтың (әсіресе әлсіз ұсақ ұлттардың) келісім-шартсыз басқа жаққа түп қотарыла көшуі халықаралық саясатпен қарағанда сол ел саясатының халқына деген тиімсіздіген болатынын олар жақсы түсінеді. Тіпті осыны сылтауратып күндердің күнінде өз териториясын талап етуі мүмкін дейтін ішкі қорқынышы да жоқ емес. Ал қазақ ұлтының ұлттық тілегін қанағаттандырған жағдайда ел ішіндегі өзге ұлттардан туындайтын әр түрлі сұраныстар тағы бар. Қытайдағы қазақ қыздарының көптеп қытайға күйеуге шыға бастанын ескерсек, саны көп болғанмен сапасы төмен қара қытайлардың түркі ұлттарымен үйленіп, қан жаңалап, өз ұлтының гендік деңгейін көтеру сынды болашақтық жоспарына да жай қарауға болмайды. Біздің арзан байлығымыздан қол үзбеу үшін өз қарамағындағы қазақтарды «барымта», «көзір» ретінде де ұстағысы да келеді. Бұдан басқа да қулығына құрық бойламайтын фәлсәпалы елдің басқа да қыры мен сыры көп. Осындай көп түрлі себептерге байланысты Қытай мемлекеті қазақтардың көшуіне, басын біріктіруіне, Қазақстанның кемелді ел болуына мүдделі емес. Десе де, олар әр қандай сұраққа: «жоқ!», «болмайды!» - деген ашық жауап айтпайды. Бәріне «мақұлдық» білдіреді. Сол «мақұлы» бір ғасырға баруы да мүмкін. Бірақ орындау-орындамауды өздері шешеді. Өз білгені бойынша іс қылады. Қарсы жақты уақытттық алдаусыратып, «ойластырып жатырмыз», «шешкелі жатырмыз» деп шаршатады. Ежелдің ежелінен өз елі мен жерінің мүддесін маңдай алды орынға қояды, сол үшін жанын салады. Бірақ бәр-бәрін үнсіз, даусыз іске асыруды басты назарда ұстанады. Сондықтан Қытай тарапы ауыз жүзінде: «Қазақстанға көшеміз дегендерге ешқандай кедергі жоқ» дейді. Бірақ жасырын жайылған өрмекші торы «шыбын-шіркейлерді» уысынан шығармай, жем қылғысы келеді. Жып-жылмағай жатқан қарасу түпсіз тереңіне үнсіз батыруды ойлайды. Біздің экономикадағы сұраныстарымыз бен әлсіз өтініштеріміз көп жағдайда олардың ойлағанын іске асыруға мүмкіндіктер береді. Қазақстандық кедендер төңірегінде туып жатқан даулар мен сыбайлас жемқорлықтар сондай әлсіздігіміздің бір ғана мысалы. Ойдағы орыс, қырдағы қытай көршіміз осылай екен. Ендеше осының бәріне сонау қиырдан сынай қарап, халықаралық саясатты өз есебімен іске асыруды ойлайтын АҚШ бұған қалай қарайды? АҚШ үшін Орта Азия және Еуропа елдеріндегі ең үлкен екі әріптес – Орыс пен Қытай. Одан қалса Қазақстанның шылқыған мұнай байлығы мен өз айналасындағы ұсақ елдерден шоқтықтығы олардың басты назарында. Тіпті екі империяға деген кейбір ішкі саясатын Қазақстан арқылы іске асыруды қалап отыратыны және де Қытайды жау көретіні де жасырын емес. Қытай құрамындағы заңзу (тибет), ұйғыр ұлтарының тәуелсіздігін жоқтаған азаттық қозғалыстарына да жасырын қолдап-қуаттау көрсетіп отырады. Ендеше, қытай мемлекетінің ішкі тынышсыздығы мен кеңестер одағының кебінін киіп бөлшектеніп кетуіне олар айрықша мүдделі. Осы себептерге байланысты АҚШ Қытай жеріндегі ұлт мәселесінің күрделене түсуін, шиленісуін қалайды. Ондағы 2 милионға жақын қазақтардың өзге елге кетпей, сол елде отыруы, ұйғыр ұлтымен ішкі сәйкестік тауып Шынжаңның дербестігін бірге көтеруі – олардың ойлағаны болмақ. Қытайдағы ұлттық мәселе шешім тапқаннан гөрі көрші елдерімен қажасарлық қайшылыққа мұрындық болса АҚШ жақ алақанын соғады. Міне, осындай ұлттық және елдер аралық әр түрлі саясаттың құрбанына айналу қаупіндегі қазақ көшін қайта қозғауды қазақстандағы ұлтшылдар жағы қолдағанымен қансыздар тобы бас ауыртқысы келмейді. Тіпті кейбір көші-қон және оралмандар мәселесімен айналысатын мекемелер бұл «жырды» ұзаққа созса, үкімет қаржысынан солар үшін бөлінетін ақша «әбілқаят» бұлағындай мәңгілік «ағып» тұрады. Қандастардың «тарқамайтын базарын» тамашалаған мешел балалар еміздігін аузынан шығармай сора береді, сора береді. Сылтауы – көш, қамы – қалтасы. Қаржысы көп, қайғысы жоқ. Енді бір бөлім адамдар бұл түйіншектерді шешкісі келгенмен оның ақылын, жолын таппайды. Ойы шолақ, өрісі тар, кеңістігі кем. Тері тегінге кетіп, еңбегі еш болады. Құзырлы органдардың құлағын ұстап отырған жеке адамдардың басынан көрінентін осындай міндер тұтас бір ұлттың тағдырына, мемлекеттің саясатына ашық және жасырын түрде ықпал етіп жатады. Олай болса ішкі-сыртқы саясаттың салқынына ұшырап отырған қазақ көшін қайта қозғауға кедергі де шаш-етектен деген сөз. Сол себепті де балық үндес, бақа тілдес келетін дәрменсіз биліктегілердің төккен тері мен еткен еңбегінен, тағатын сыны мен таптырмас сылтауы көп. Әуелі үйде отырып өрістегі қойына «гуайт-гуайт» деп айғайлағандай, алыстағы ағайындарын жазғырушылар да жетерлік. Міне, қазақ көшінің қазіргі сиқы! Бір тәуірі, шеттегі қазаққа деген Елбасының көзі түзу. «Нұрлы көшті» де сол үшін жолға қойып еді. Бірақ сол «Нұрлы көш» нұрлы бола алмай тұр. Бағыт дұрыс болғанмен төмендегі бағдар көрсетушілердің көңілі тұманнан, көші күмәннан шыға алмай отыр. Өз бастары адасып жүріп, көптің көшін дұрыс жолға қайтып салады!? Қалай болған күндеде қазақ көшін қайта қозғау – халық тағдырының кезек күттірмес келелі мәселесі. Шеттегі қазақ біздің жат жұртқа шашылып қалған көз жасымыз. Орамалымызды ұсынып, мейірімімізді сыйламасақ, жанарымыздың жасы кеппейді. Басымыз бірігіп, бауырымыз бүтінделмесе іргемізден суық жел азынағанын қоймайды. Олар біздің рухани бостығымызды, демографиялық жыртығымызды жамайтын асылымыздың қиығы, алтынымыздың сынығы. Егерде, ежелгі мекенімізде отырмыз деп білетін сол қандастардың ұлтанды бөлігін көшіріп ала алмасақ, көршілеріміздің көкейіндегі көлеңкені қайта тірілтіп, оларды қозғамай-ақ қояйық. Қайта қоныстанған байтақ аймағының територия азаттығын сұрайық. Түркі оғландары бағзы батырлығын тауып, ғаламат оймен қайта атқа мінсе, тағы да баяғыдай, «аспанда тәңір, жерде біз» болар едік. «Бүкіл дүниежүзі пролатарлары бірігіңдер!» деген ұранды 70 жыл көтерген біздің енді өз елдігімізді де дәл солай ту етіп: «күллі түркі оғландары, күллі қазақ әулеті бірігіңдер» дейтін кезіміз келді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын қазақтың мүддесі де біреу ғана. Біз бір ғана қазақпыз! Қазақ көшінің бұйдасы – қазақтың мұраты. Оны жетелеп көмбеге, Асанқайғы атамыз армандаған осы киелі мекенге, жер ұйыққа – бір шаңырақ астына топтау аталар аманаты, ұрпақ парызы!
Жәди Шәкенұлы