Думан күнгі «Думан оқиғасын» кім ұйымдастырды?
2011 ж. 18 мамыр
2226
3
Жер басып алғандардың көбісі жастар...
1 мамыр күні (2011ж.), яғни Ел бірлігі мерекесі күні түстен кейін, сағат 17.00 шамасында, «Аға мына Думанда не болып жатыр? Сіз білмейсіз бе? Адам деген қаптап жүр. Полиция одан да көп» деп, бір таныс інішек телефон соқты. Зымырап отырып Алматының шығыс шетіндегі Думан ықшам ауданы жанындағы бос жатқан жерді басып алған баспанасыз жұрт бұл уақытта жер телімін өзара бөлісті аяқтап, барлығы бір төбенің айналасында топталып тұр екен. Жалпы саны біржарым-екі мыңдай қара, бәрі дерлік жастар! «Менің Қазақстаным» әнін оқтын-оқтын шырқап қояды. Шырқаған сайын арқаң қозып, бойыңды бір қуат кернейді. Анадай жерде бастарында каска, қолдарында қалқаны мен дубинкасы бар полицияның арнайы жасақтары, топ-тобымен тұр. Олардың да жалпы қарасы жарты мыңнан асып жығылады. Танитын адамдарым бар ма екен деген оймен көпшіліктің ішін аралап шықтым. Бірақ ешкімді кездестіре алмадым. Сосын, құрып алған ұлтық ұйымдары бар, өзім білетін бірнеше адамдарға телефон соқтым. Бәріне де «Тез жетіңдер, ұйымдастырушыларын таба алмадым. Жиналғандардың дені жастар. Білген ақылымызды айтпасақ, арандап қалуы ықтимал» дедім. Келгені – жалғыз Айсұлу (Қадырбаева) апам ғана болды! Ай-апам екеуіміз облыс әкімінің бірінші орынбасары – Амандық Батталовтың «Мен ешқашанда өтірік айтпаймын. Бәрі біледі, мен не айтсам, соны орындайтын адаммын. Сендер маған сеніңдер. Мен көмектесемін. Оған менің құзыретім жетеді. Тек бүліншілік болмасын. Тәртіп сақтаңдар. Мен облыспен сөйлестім қазір. Енді Астанамен сөйлессем болды. Бар мәселелеріңізді шешіп беремін» деп сөйлеп тұрғанын, көпшілікпен бірге тыңдадық. Ара-арасында «Қазаққа жер! Қазаққа жер!», «Ең болмаса екі сотық жер!» деген ұрандар, ол кісінің сөйлеген сөздерін бөліп кетіп жатты. Сонда да болса Батталов мырза, бір айтқанын бірнеше рет қайталап, ертең сағат таңғы 10.00-де осында қайта келетінін, сонда бар мәселенің шешімін жариялайтынын айтты. Сол мәмілемен біз де қайттық. Басқалар да қайтты. Қайтпай сонда түнеп, қалатындар да көп болды. Жаппай соттау 2 мамыр күні қасымда белгілі ұлтшыл ақсақалдар – Мақсұт Оразай мен кинорежиссор Серік Жармұхамедов бар, үшеуіміз, Думанға кешігіңкіреп, сағат 11.00-дерде жетсек, Талғарға тартар күре жолдың сол жақ беті, кешегі адамдар жиналып тұрған жер темір шарбақтармен қоршалған. Қоршаудың ұзын сонар бойымен, әрбір екі-үш метр жерде мұздай қаруланған полицияның арнайы жасақтары сап түзеп тұр. Сәл тереңдеу, әріректе, өткен күні жұрт төбелері көкке жетіп, «жер алдық» деп, қазықтарын қағып қойған жазық алаңда солдаттарды таситын әскери «КамАЗ» ауыр көліктері, терезелері қараңғыланған «ПАЗик» автобустары, төбесінде қызылды-жасылды жарық беретін сиренасы бар полициялық жеңіл көліктер сықасып толып тұр! Жалпы қарасы кешегі бейбіт жиналған халықтан көп, құжынаған полиция. Ол бетке адам түгілі тышқанды өткізбейді. Жолдың қарсы бетінде, ауыл жағында ғана, бар қарасы отыз-қырықтай адам екі-үш топ боп жиналып тұр. Жағдайды білсек, таң сәріде – сағат 4.30 шамасында, жанған отты жағалап жылынып, ұйқылы-ояу отырған адамдарды полиция бірден қоршап алып, қолдарындағы дубинкамен бас-көз демей аямай сабай жөнелген. Бір адамды жіберіп алмай, белді буған қайыстай орай қысып, отқа жаншыған! Тірідей өртеніп кетемін бе деп, қатты сасып, абдырап қалған адамдарды арнайы жабдықталған көліктерге басып, жаппай қамауға алған. Талғар, Іле, Қарасай, Ұзынағаш АІІ бөлімінде ине шаншар бос жер қалмаған! Осы жағдайларды тыңдап тұрып, байқамай қалыппыз, жердің астынан шыққандай беттерін тұмшалаған, екі көзі ғана көрінетін, қара киімдегі арнайы жасақ (СОБР) құмырсқадай қаптап, опыр-топыр болды да кетті. Ешкімге қарап жатқан жоқ. Тұрған адамдардың бәрін екі қолын қайырып, «ғайыптан» пайда бола қалған арнайы «Газельдерге» әкеліп, ішіне лақтырып жіберіп жатыр. Солардың бірі болып мен де кеттім. Бір «Газельде» 12 адам болдық. Сонда кешегі «Ертең сағат 10-да келемін. Күтіңдер» деп, сайрап кеткен Батталовтың сөзі қайда қалды? Сонша жұрттың алдында ант ішкендей уәде беріп еді... Елдің бетіне қалай қарар екен енді? Бізді әуелі ГРЭС-ке (Іле ауданының орталығы) әкелді. Орын жоқ! Ауласына да сыймадық. Сосын Талғарға алып келді. Мұнда да камерада орын жоқ. Бірақ ауласы кең екен. Жартымыз жиналыс (актовый) залында, қалғанымыз аулада «қамалдық». Ғимараттың подвалында қанша адамның жатқанын білмеймін, біз, жиналыс залы мен ауладағылардың өзі 98 адам екенбіз! Араларындағы ең үлкені мен. Басқа, тіптен, 30-ға жеткен бірде бір адам жоқ. Бәрі дерлік 20-27 жастағы жастар! Бәрі де әбден таяқ жеген. Басы, қас-қабағы жарылғандар, қол-аяғын көтере алмай жүргендер, көзі көгергендер. Денесінің бір жерінде дубинканың ізі жоқ бір де бір адам таппадым. Кешке дейін «қамалдық», уақыт көп болды, бәрін тексердім, бәрін сұрадым. Бір байғұс баланың сол жақ көзі көгеріп ісіп, ашылмай қалған. Ерні жыртылып кеткен екен, тігіліпті. Басын ақ дәкемен орап тастапты. Мұны басқаларға көп жақындатпады. Әңгімелестірмеді. Бірақ менде оның телефон нөмірі бар. Байқағаным қамалғандардың барлығының сағы сынып қалған. Көздерінен жабырқаушылық байқалады. Дауыстарында әлсіз діріл бар сияқты. Аяп кеттім. Жүрегім ауырды. Бәрі дерлік ауылдан шыққан тумалар. Ауылда түгелдей жұмыссыздық. Осында келіп, жұмыс істеп, ауылдағы әке-шеше, бауырларына көмектесіп жүргендер. Менімен бірге бір «Газельде» келген, Мұхамед деген Оңтүстіктің бір жігіті, сол жерде «Қазақтар жалқау. Жұмыс жоқ деген далбаса. Істеймін деген адамға жұмыс көп. Мысалы, Сейфуллинаның бойында тұрған қазақтарға жұмыс айтсаң, әкесінің құнын сұрайды. Ал сол жұмысты өзбектер екі-үш есе арзанға бітіріп береді» деп, ақыл айтып тұрған, полиция майорын «оқытып» жіберді. «Аға – деді Мұхамед – мен айына күндіз-түні ұйықтамай жүріп, 80 000 теңге табамын. Соның жартысы – 40 000 теңгесін пәтерге беремін. Он мыңын – светке, суға, жаққан газға төлеймін. Қалған отыз мыңы балама памперске, сүтке, өзімнің ішкен-жегеніме жетпейді. Сонда мен өзбектің бағасына қайтіп жұмыс істемекпін? Қазақтар жалқау дейсіз. Қане сол жалқау, бар жұмысты істемей жүрген бір қазақты көрсетіңізші. Көрсете алмайсыз. Ондай адам жоқ, қазір. Ал менің жерім, үйім болса, осы Қазақстандағы үйі, жері бар, біздерді пәтеріне жіберіп отырған, басқа ұлттың өкілдеріндей, қарным тоқ, көйлегім көк, мен де сайрандап жүрген болар едім. Сол пәтерге берген ақшамды балаларымның болашағына салар едім, жетпеген жеріме жұмсар едім». «Ақылды» майор «өлді». Аузын ашпай басқа жаққа бұрылып кетті. Халық толқуын жаншу сабағы ма?.. Кейбір ақпараттарға қарағанда сол 1-2 мамырда жалпы қамалған адамдардың саны 1800-дей екен. Көбісін 5-10 тәулікке соттапты (5 тәулікке сотталған адамдарды мен өзім білемін). Сонда тып-тыныш, бейбіт жиналған адамдарды түгелдей дерлік қамағаны қалай? Қамаса, соттаса, барар жер, басар тауы қалмаған, бала-шағасымен баспанаға зар болғандықтан, амалсыз 15 жылдай бос жатқан жерді заңсыз басып алғандардың ұйымдастырушыларын, сол ортадағы тәртіпті бұзғандарды қамап, соттамайтын ба еді? Бүгінге дейін қанша жер басып алуға қатыстық, бірақ мұндай жаппай қамау болған емес. Бұл жолғы полицияның қимыл, іс-әрекеті де басқаша. Өте ширақ, бір тәртіпке бағынған. Бұл не сонда?.. Бұл, ойланып қарасақ – мемлекеттік әскерилер мен құқықтық құрылымдардың нақты өмірлік жағдайда өткізген «Халық толқуын жаншу» сабағы, яғни жаттығуы екен! Шынында да әлемдегі әлеуметтік жағдайы біздің «өркендеген» экономикамыздан әлде қайда жоғары мемлекеттердің бірінен соң бірінде, күн құрғатпай, төңкеріс. Ал бізде? Бізде де сондай оттың лап ете қалмайтынына қандай кепілдік бар? Ешқандай! Ендеше, ондай жағдайда не істей аламыз? Халық толқуын қантөгіссіз, ең болмағанда аз шығынмен, баса аламыз ба?.. Елдегі барлық құқық қорғау органдарында реформалар жүргізуді Елбасымыздың өзі тапсырған болатын. Бірақ құқық қорғау органдары оны өз пайдасына шешуге тырысуда. Қарапайым халық оны байқаған да жоқ. Себебі, жасалып жатқан реформа қарапайым халықтың қауіпсіздігін емес, биліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағына ғана өзгеруде. Бұған дейін «елге кіріп кеткен содырларды», «террористерді», «наркобарондарды» құрықтау, залалсыздандыру жаттығулары тамаша өтіп келсе де, биліктің көңілі толмай, көкірегі күпті болып жүрсе керек. Өйткені бәрі әншейін ойдан шығарылған дүниелер ғой. Ең бастысы – халық көтерілісін басу емес пе? Әрине, осы! Содан Думан оқиғасын сынақ ретінде билік өздері ұйымдастырған-ау, шамасы, деген де ой келеді... Бұл жерде «Пәленше деген түріктің жерін бір шенеунік тартып алмақ екен. Сол ұйымдастырыпты-мыс. Болмаса, «Өз отанымызға келіп, жерсіз, үйсіз, жұмыссыздықтан күйіп кеттік» деген оралмандардың ісі екен» деген жорамалдардың бәрі бос сөз. Думан оқиғасын құқық органдарының өздері ұйымдастырған деуге тағы басқа да себептер бар. Біріншісі, ол – арамызда арандатушылардың көп болғаны. 1 мамыр күні өздеріне не жер керек емес, не ол жақта басқадай ісі жоқ адамдардың жүргені. Жұрт келген әкім не айтар екен деп, құлақтарын төсеп тұрса, олар: «Кеттік. Қырамыз. Жоямыз. Өртейміз» деп айқайлап тұрды. Сол күнгі бір арандатушы, ертеңіне біздің «Газельге» түсіп қалды. 12 адамның бірі сол еді. Үстіндегі қоңыр күртешесінен тани қойдым. Ол сабазың тапсырмасын еш жерде ұмытпайды екен. «Газельдің» ішінде де әркіммен жағаласып, жанжал жасауға ұмтылды да отырды. Тапсырмасы «Бас көтереді дегендермен төбелес ұйымдастырып, оларға қылмыстық іс ашуға жол жасау» болса керек. Сөйте-сөйте қазақты «бассыз» қалдыруға болады. Екіншісі, ол – жиналған халық, көптеген БАҚ-тарда айтылғандай, тек Думанда ғана пәтер жалдап тұратындар емес, қаланың барлық жерінен келгендер. Енді осыларды өзіңіз ойлап көріңізші. Мұндай тірлікті не қоғамдық ұйым, не жеке бір топ ұйымдастыра алмайды. Бұл өзі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен ұқсас, авторы «белгісіз», түбі бір дүние. Сол кездегі Алматы көшесін аралаған қара волга, осы жолы қажет кезінде қайта «тірілді» ме екен, а? Бұларда мұндай тәжірибе, сол 1986 жылғы желтоқсаннан бері жақсы қалыптасқан. Ал ештеңеден хабары жоқ әкімқаралар, қатардағы орындаушы полицайлар қара жерден қара басына баспана үшін қадым жер ала алмай, қайғыда жүрген қара халықпен бірдей ойыншық болып жүр... Сонда қара халықты өз жерінде сынақ нысанасына айналдырған бұл «ойынның» авторларына «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ па?», Бұндай жаппай жаза, жалпы дүрелеу, жаны қысылып, қиналғанда: «Назарбаевқа барамыз!» деген халықтың жанайқайын шыбын ғұрлы көрмеген «шаш ал десе, бас алушылардың» зорлық-зомбылығы әбден қажытпай ма? Немесе, ызаландырмай ма?Бұл да мүмкін... Ал ол кімге пайдалы?..Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ