Нұртай Сабильянов Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесуде
2017 ж. 13 шілде
2373
0
10 шілдеден бастап Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясы жетекшісінің орынбасары, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде сайлаушылармен кездесулер өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Екі күннің ішінде депутат Аягөз ауданының Тарбағатай, Ақшы, Қарағаш, Сарыарқа, Баршатас, Қосағаш, Мадениет, Айғыз ауылдарында кездесулер өткізді.
Кездесулерде Н.Сабильянов сайлаушыларға Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» ел халқына жолдауының нақты бағыттары, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі заңдар және Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы туралы айтып берді.
Сайлаушылар өз кезегінде ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамыту, микронесиелеу, ауыз сумен қамтамасыз ету, көлік жолдарын жөндеу, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселелері, медициналық қызметтер көрсету сапасын жақсарту, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, білім саласын жақсарту, интернет желісі, әлеуметтік нысандарды құру туралы және басқа да мәселелерді көтерді. Сайлаушылардың қойылған сұрақтарына депутат өз жауабы мен түсіндірмесін берді.
Сондай-ақ, кездесулер барысында мәжілісмен азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Келесі кездесулерді палата өкілі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының Шыңқожа ауылында, Аягөз қаласында, Жарма ауданының Шар қаласында және Қалбатау, Суықбұлақ, Бірлік, Жаңғызтөбе, Үшбиік ауылдарында, Үржар ауданының Қарақол, Шолпан, Жоғарғы Егінсу, Ақшоқы, Қарабұта, Көктал, Үржар, Бестерек, Жаңа тілек ауылдарында жалғастырады.