Өмірхан Алтын: Гәп Елбасында емес, қоластындағы азаматтарда...
2017 ж. 04 шілде
4072
3
Германиядағы қандасымыз Өмірхан Алтын өткен жолғы құрылтайда Қытайдағы қысымға ұшыраған қазақтың мәселесін Елбасыға тікелей жеткізгені белгілі. Осыдан кейін бұл мәселе Германия парламентіне дейін жетіп, қазір Германияның «Жасылдар» партиясы Қытай қысымына ұшыраған қазақтардың жанайқайын Бундестагта талқыға салатынын айтты.
Осы ретте abai.kz порталы Қытайдағы қазақтар мәселесін Германия парламентінің құлағына жеткізген Өмірхан Алтын мырзаны сөзге тартты.
- Өмірхан аға, жалпы дүниежүзі қазақтарының құрылтайы осы уақытқа дейін бірсыдырғы сценарий бойынша өтіп келгені белгілі. Мақтау, марапаттау т.б. Бұл жолы құрылтайға жиылған елдің де, Елбасының да назарын аудартқан сөз сіздің аузыңыздан естілді. Ол әрине, Қытайдағы қандас бауырлардың саяси қысымға ұшырауы...
- Бұл мәселені Елбасының тікелей өзіне жеткізуімізге жалғыз ғана себеп бар. Ол шетте шашырап жүрген қазақтың жанайқайы. Бауырларымыздың жиырма бірінші ғасырда, кешегі кеңестік жүйе кезіндегідей айдау, қуғын-сүргін көруі ақылға қонымсыз дүние. Сондықтан, сөздің реті келгенде айттым. Дүниежүзі қазақтары құрылтайдың мақсаты да сол емес пе?! Мәселені айту керек. Соның шешілу жолдарын талқылау керек. Шешім шығару керек.
Біз құрылтайға не үшін келдік? Қазақтың мәселесін, шеттегі бауырлардың проблемаларын ортаға салу үшін жиналады. Сондықтан, адами позициядан, Президенттің алдына келіп тұрғанда бір сөзді, бір қазақтың мәселесін айтып қалайын деп ойладым.
- Расында, шеттегі қазақтың ең үлкен бөлігі Қытайда тұрады. Оның үстіне біз Қытайды серіктес мемлекет ретінде танимыз. Өткенде, бір жиында мынадай қызық дерек айтылды. Қазақстан Қытайдың азаматтарды көшіруге тыйым салынған 26 елінің қатарында екен-мыс...
- Дұрыс айтасыз, басқа-басқа, Қытайда шеттегі қазақтың үлкен бір бөлігі тұрып жатыр. Олардың қазіргі күндегі жағдайына құрылтай назар аудармаса, онда бұндай құрылтайдың не керегі бар деген де сұрақ туады. Біз қанша айтқанымызбен, Қытайды жоққа шығара алмаймыз. Тарихы бар, мәдениеті бар мемлекет. Географиялық жағынан да Қазақстанмен көршілес орналасқан. Сондықтан, екі елдің арасы тыныш болғаны жақсы. Біз өткен жолы «Жібек жолы» дейтін ортақ жобаны аштық. Қазақстан мен Қытай арасында үлкен сауда-саттық жүріп жатыр. Сондағысы, біздің сұрап отырғанымыз, Қытай жерінде жүрген қазақтың құқығын шектемей теңдік беру ғана. Ол кісі саясаткер ғой. Қытай мен Ресей сияқты державалардың ортасында отырғанда сақтық керек. Соның өзінде, құрылтайда қабылданған мәселелер, атқарылған шаралар көңілден шықты. Президентіміз көп нәрсені дұрыс ойлайды. Көбіне көп, қоластындағы азаматтардың ынтасы жетпей қала ма, көңілсіздік пе, оның жақсы бастамалары аяқсыз қалатын кездері болады.
- Өмірхан аға, сіз демократиялық принциптер сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де орындалып жүрген Германиядан келдіңіз. Жалпы, бізде бұндай мәселелер төтесінен қойылатын кездер сирек. Сіз кезектен тыс сөз алып, осы мәселені елдің де, Елбасының да назарына ұсындыңыз. Мына біз, экранның сыртында «әп, бәрекелді!» дегенімізбен, Ақ орданың айналасындағы кей кісілерге мұндай батырлық ұнай бермейді. Біреудің жолын кесіп кеттім деп ойламайсыз ба?
- Жоқ, біреудің жолын кесіп, ісіне кедергі келтірдім деп ойламаймын. Мен сөз сұрадым. Елбасының өзі сөйле деді. Сол құрылтайда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі: «біз Тәуелсіздік алған жылдары санымыз 40 пайыз еді. Қазір қазақстандағы қазақтың саны 70 пайыздың үстіне шықты» деді. Өзі бастамашы болған латын әліпбиіне көшу туралы айтқанда да, «мен 2025 жылға дейін уақыт берген едім. Қазір көріп отырмын, біз латынға ертең-ақ көшуге даяр екенбіз» деді.
Демек, ол кісі де біліп отыр. Шартарапқа тарыдай шашылған қазақтың өсіп келе жатқанын Елбасы біледі. Қазақстанның қазақиланып келе жатқанын біледі. Біз түбінде қазақи мемлекет боламыз.
- Негізі бұл Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының көтеретін мәселесі еді...
- Енді оны мен айтпасам, менің орнымда басқа бір қазақ көтерер еді. Мынаны айта кетейікші, қазіргі мемлекеттік саясат дұрыс. Еуропадағы қазақтарға 1 жылға виза берсе, Қытайдағы қазақтарға 3 жылға виза ашып отыр. Демек, ол жақтағы ағайынға көңіл бөлінген деген сөз. Енді ептеп жағдайларын жасау керек. Қазақстан миллиард халқы бар мемлекет емес қой. Әсте-әсте болады бәрі. Тек қана Елбасының төңірегіндегі азаматтар салғырт қарамаса болғаны.
- Өмірхан аға, сіз дәл осы мәселені Германия парламентіне дейін жеткіздіңіз. Ол жақтан қандай шешім немесе ықпал болуы мүмкін? Германия Бундестагы – Еуро парламент немесе БҰҰ емес қой. Германия бұл жағдайда үшінші тарап. Географиялық орналасуы да басқа.
- Ол жақта әрбір саяси партияның ішінде адам құқықтары мәселесімен айналысатын бөлімдер бар. Мен солармен хабарластым. Олар маған мәліметтерді жинап бер деді. Маргарете Бауэс ханым «Жасылдар» партиясының депутаты. Ол кісінің қолы ұзын.
Алдымен, әрине, Қазақстанның өз Үкіметі араласатын шаруа ғой. Егер Қазақстанның құзырлы мекемелерінің күші жетпей жататын болса, Неміс Бундестагы арқылы мәселені Халықаралық деңгейде талқылауға әбден үмкіндік бар. Бұл мәселеге АҚШ-та, Еуропарламент те бейжай қарамайтыны анық.
- Сіздің қолыңызда, қандас азаматтардан келген арыз-шағым, өтініш, хаттар бар ма?
- Әрине, бізге бірінші кезекте факті жинау керек. Оның үстіне бұл мәселе әлі Бундестагқа барған жоқ. Тек қана облыстық парламенттің қарауында. Күзде Германияда парламент сайлауы өтеді. Бұл кісі, Маргарат Бауэс ханым сол Бундестагқа өтетін кандидат. «Жасылдар» партиясы, күллі әлемлегі адам құқықтарының шектелуі мәселесімен тікелей айналысатын партия. Ал бізге Бундеске шығуы үшін нақтылы дәлелдер керек. Мен алғаш рет, Маргарет ханымға осы жайтты айтқанымда, ол кісі Қытайдағы қазақ азаматтарының жағдайын Үлкен Бундестагта талқыға салуға уәде берді.
Негізі, біз Қытайдан көп нәрсе сұрап отырған жоқпыз. Мен ішкі Қытайды барып көрдім. Ішкі Қытайдың халқы қалай өмір сүріп жатса, біздің қандас ағайындарға да теңдей жағдай жасалуы тиіс. Қазіргі таңда албаты бір сылтаулармен адам құқықтарын шектеп, саяси, қала берді адами қысым жасап жатқаны ақылға қонымсыз. Баяғыда әкелеріміз бен аталарымыз 70 жыл көрген қорлықты жиырма бірінші ғасырда көрсетіп отырғаны миға сыймайды.
Мынаны ұытпаған жөн! Қытайдағы қазақтар, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын жалғайтын алтын көпір. Ол жақта да бір әпербақандар бар сияқты. Тіпті, бұл аймақтық басшылардың жасап отырғаны болуы мүмкін. Оның бәрін ақылмен шешуге болады ғой.
- Әлемде үш ел өз қандастарын шақыртты. Алдыртты. Қазақстан, Израил және Германия. Германияның қандастарды алдырту саясаты мен Қазақстанның саясатының айырмашылығы қандай?
- Немістердің бір істейтіні – олар неміс екенін дәлелдесе, консулдықтан паспорт алып шығады. Мына Қазақстаннан көшіп жатқан неміс азаматтарынан Қазақстанда сотталғандығы бар ма, жоқ па деген құжат жинап жатқан жоқ. Сен неміссің бе, демек, сен Германия азаматысың! Болды, бітті.
Мен ойлаймын, Қазақстан да соған келе жатыр. Бір ерекшелігі біздің кеше қабылдаған кейбір шаралар немістерде де жоқ. Мысалы, «Отандастар» қорын құру идеясы бізде ғана бар. Немістерде жүз жылдық система – саясат. Ал біздің жүйе жаңа жүйе. Толықтырылып, жетілдіріліп келе жатқан жүйе. Соның өзінде, үлкен шаралар, жұмыстар істеліп жатыр.
Біз Қытайдағы, Ресейдегі қазақтардың мәселесін көтерейік, айналып келгенде бір қазақтың сөзі, бір қазақтың мәселесі. Қазақстанның болашағы үшін. Екі ел тыныш болса, азаматтар аман болса дегеннен басқа не сұраймыз?. Бізге бірінші керегі – Қазақстанның тәуелсіздігінің мәңгілік болуы.
- Рахмет аға! Амандықта жүздесейік!
- Өздеріңізге де рахмет!
Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы